Грантқа әркімнің-ақ бар таласы

Қазіргі таңда қарапайым халықтың, соның ішінде жастар жағының қос қолға бір кәсіп көзін табуы – басты мәселе. Ол мемлекеттің назарында. Бұл ретте «Бизнестің жол картасы - 2025», «Жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» атты мемлекеттік бағдарламаларының қабылдануы – соның айғағы. Осының барлығы жергілікті жерде қалай жүзеге асып жатыр, бұқараның онымен құлақтануы қалай?

Міне, осы мәселелерге байланысты өткен аптада «Nur Оtаn» партиясының мәжіліс залында қоғамдық қабылдау болып өтті. Оған аудандағы кәсіпкерлік саласының дамуына мүдделі дербес бөлім мен Жұмыспен қамту орталығы, мемлекеттік мекеме басшылары, аудандағы банк филиалының жетекші мамандары қатысты.

Қоғамдық қабылдауды ашып, сөз сөйлеген партияның аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Сайлаубай Таласов бүгінгі басқосудың мақсатын түсіндіріп, қабылдауға келген жұртты сұрақ-жауап түріндегі еркін пікірлесуге шақырды. Аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Қанат Мыңбаев өз кезегінде «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша атқарылуға тиісті негізгі жұмыстар жөнінде әңгімеледі. Бөлім басшысына, ең алдымен, сауал жолдаған жанның бірі қала тұрғыны Анар Демегенова болды. Оның айтуынша, еш жерде жұмыс жасамайды, сондықтан өзгедей кіріс көзі де жоқ. Сол себепті үйде қол қусырып қарап отырмай, өзінің тігін цехын ашуға ниеттеніп жүргенін жеткізді. Осыған орай мемлекет тарапынан берілетін көмек пен қолдау түрлері туралы білгісі келді. Шағын кәсіп ашуға кеңес сұраған нәзік жанның сауалына Қ.Мыңбаев былай деп жауап берді:

-Жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бар. Соған сәйкес сіз кәсіпкерлікке даярлайтын арнайы тегін оқу курсынан өтуіңіз керек. Оны бітіріп, қолыңызға сертификат алған соң аудандық жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркеліп, қайтарымсыз несие алуға мүмкіндігіңіз бар. Сол арқылы тігін цехын ашуға болады.

Осыған байланысты Жұмыспен қамту орталығының директоры Қайрат Омаров осы бағдарлама аясында берілетін несиенің көлемі де артып, енді 500 мыңға дейін несие алуға болатынын хабарлап, болашақ тігіншіні қуантып тастады. Ол үшін шағын несие иесі бұрын мемлекеттік грант алып көрмеген, жұмыссыз жан болуы керек. Ал Қ.Мыңбаевтың сөзіне сенсек, онда қазіргі таңда қайтарымсыз гранттың саны да арта түскен екен. Бизнес ашуға қажетті қаражат мәселесін Н.Еділова есімді қала тұрғыны да көтерді. Ал Т.Қанатов тұрғын үй алу, кезекке тұрудың тәртібі туралы сұрады. Оларға заң аясында нақты түсінік берілді.

Қоғамдық қабылдауда тек кәсіп көзін ашамыз деген жандардың жайы ғана қозғалып қойған жоқ. Онда пробациялық бақылауда тұрған жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту мәселесі де көтерілді. Баспана мұңы мазалап жүрген жандарға «7-20-25» бағдарламасы бойынша тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігі жайлы аудандық банк филиалдары мен аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімінің жетекші мамандары кеңінен түсінік берді.

Е.Қошақанов

COVID 19

covid

Күнтізбе