Ауданда «Бастау Бизнес» жобасы бойынша мемлекеттік грант ұтып алған тағы бір кәсіпкер өз ісін бастады. Ол – күні кеше келушілерге өз есігін ашқан «Анық сөйле» түзету-дамыту орталығының жетекшісі Ақбота Сәндіғалиқызы. Ерекше қажеттілігі бар балалардың денсаулығы мен ой-санасының қалыпқа келуіне ықпал ететін нысан қаланың орталық көшесінен орын тепті. Ақбота Сәндіғалиқызы - осы жылдың мамыр айында бастау алған «Бастау Бизнес» жобасының бірінші легіне қатысып, өз жобасының қоғамға берер пайдасын сәтті қорғады. 53 қатысушының арасынан суырылып шығып, өзі армандаған мақсатына қол жеткізуді көздеген кәсіпкер бүгінде оқушы қабылдап, өз жұмысын бастап кеткен еді.
Иә, қазір қай өңірде болмасын ерекше балалар, атап айтқанда, тілінде ақауы бар, даму қабілеті кідірген, еркін сөйлей алмайтын, бір емес, бірнеше диагнозбен ауыратын жас жеткіншек көп. Бұндай балалармен дер кезінде жұмыс жасалмаса, түсінігі кеш қалыптасып, ой-өрісінің көкжиегі кенжелеп дамымай қалуы ықтимал. Бұл біріншіден, бала тәрбиелеуші ата-аналардың арқасына түскен ауыр жүк болса, екіншіден қоғамның келешегі үшін өзекті мәселенің бірі. Осындайда әр өңірде баламен жұмыс жасайтын орталықтың көп болғаны ата-аналардың уайымын жеңілдететіні анық.
Бүгінде осы мақсатта жұмыс жасап, ерекше балалардың қалыпқа келіп, өз ортасына қайта қосылып кетуіне жәрдемші болуды көздеген «Анық сөйле» түзету-дамыту орталығын құрған Ақбота Советованың негізгі мамандығы - «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу». Одан кейін «Логопед-дефектолог» ретінде қосымша білім алған кәсіпкер осы салада 2 жыл қатарынан жұмыс жасады. Сонда әртүрлі диагнозға шалдыққан ерекше балалардың көптігіне жүрегі ауырып, олардың мықты маманға мұқтаж екенін түсінеді.
-Ең алғашқы қызметім 2013 жылы Қосшағыл ауылдық интернаттан басталды. 2015 жылдан бастап сол ауылда «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» мамандығы бойынша 4-5 жас аралығындағы балалармен жұмыс жасадым. Одан кейін №2 мектепте 7 жыл үздіксіз тәрбиеші болып қызмет еттім. Бойымда балалармен тез тіл табысып кететін қасиет бар. Соның арқасында ары қарайғы екі жылымды «логопед-дефектолог» ретінде жалғастырдым. Осы қызметте жүріп ерекше балалардың күн сайын көбейіп келе жатқанына көзім жетті. Өз қатарынан қалып бара жатқан бүлдіршіндерге біз секілді маманның көмегі ауадай қажет екенін көріп, бұл игі істі қолға алмасам қателік болар деп шештім. Сонымен қатар, осы уақытқа дейін балаларын маған сеніп әкеліп жүрген атааналардың да «Жеке өзіңіз неге қабылдамасқа, орталық ашуды қолға алыңызшы» деген сұранысынан кейін осы мақсатымды жүзеге асыруға бел будым, - дейді Ақбота.
Орталық күні кеше салтанатты түрде ашылғанымен, Ақбота Сәндіғалиқызы жеке өзі бала қабылдауды сәуір айынан бастап кеткен. Қазіргі таңда оқу орталығы 30 бүлдіршінмен түзету жұмыстарын жүргізіп жатыр және оларға 3 маман қызмет көрсетеді. Логопед, дефектолог, логомассаж, афк, лфк, сенсорлық интеграция, нейропсихолог, тұтықпадан құтылуға көмектесетін қызмет түрлерін ұсынатын оқу орталығы топтық және жеке сабақ ретінде де өз жұмысын жалғастыруда.
-Мемлекет тарапынан берілген қайтарымсыз грантқа қатысып, өз арманыма бір қадам жақындадым. Атқарылған бұл жұмыста қолдау білдірген жолдасым Алтынбай Бердібекұлына да алғысым шексіз. Еліміздің жастарына қолдау көбейе берсін және мықты кәсіпкерлер шығып, Құлсары дами берсін - дейді кәсіпкер.
Иә, бала – біздің болашағымыз. Ал, ел ертеңінің жарқын болуы үшін білімді, саналы, ой-өрісі қалыпты дамыған ұлағатты ұрпақтың көп болуы маңызды. Бұл ретте ерекше қажеттілігі бар балалардың тәрбиесі мен біліміне жұмсалған қаражаттың болашаққа салынған инвестиция екенін түсінуіміз керек. Сондықтан құзырлы органдар мен әрбір ата-ана осындай оқу орталықтарын дамытуға бірлесіп күш салуы қажет-ау.
Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ