Болат жолда шыңдалған бойжеткен

«Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған "Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс" қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді» – деген еді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялау барысында.

Расында да, темірдей тәртіпті талап ететін салаларда күн сайынғы көзге көрінбейтін жұмыс – тұтас елдің еңбекқорлығын айшықтап тұр. Солардың бірі – теміржол саласы. Міне, осы ауыр да жауапты істің бел ортасында жүріп, күннің ыстығы мен аязына, таңның атысы мен кештің батысына қарамастан, жүрдек пойыздың кестеден жаңылмай қозғалуына сүбелі үлес қосып келе жатқан нәзік жандардың бірі – Ақмарал Боранбаева.

Теміржол саласының бір бөлшегіне айналып, ширек ғасырдан астам уақыт туған жер тіршілігін тыныш ұстап келе жатқан Ақмарал Қалиасқызы 1979 жылы Қызылорда облысы, Арал қаласында дүниеге келіп, балалық шағын Құлсары қаласында өткізді. Мектепті аяқтаған соң, 1995-1998 жылдар аралығында Атырау қаласындағы теміржол колледжінде білім алып, өмірін осы салаға арнауға біржола бекінеді. Сөйтіп, 2000 жылдың 12 сәуірінен бастап Құлсары жол дистанциясында диспетчер ретінде жұмысқа қабылданып, күні бүгінге дейін осы салада табан аудармастан толассыз адал еңбек етіп келеді. Өзінің сөзінше, бұл қызметті таңдауына әкесі – Қалиас Боранбаевтың ықпалы зор болған. Елге сыйлы, көп жыл «ЭЧС» мекемесін басқарған азаматтың үлгісі қызының бойына бала күннен сіңіп, жүрегінде теміржолға деген құрметтің отын жаққан.

- Әкемнің ізін жалғау – мен үшін абырой. Әкем 48 жыл теміржол саласында жұмыс жасады. «ЭЧС» деген теміржолдың электр энергиясын бақылайтын мекеме ғой. Міне, осы жерде әкем тұрақты да адал қызмет етті. Оның әр жетістігі, әр қадамы бізге үлгі болды. Бұл салаға әкемнің ізін басып, жолын жалғастыру үшін келдім. Және ешқашан да өкінген емеспін. Оның үстіне, бұл салада жалғыз өзім емес, жолдасым Сержан Жұмағалиевпен бірге еңбек етіп келеміз. Ол мұнда 2007 жылдан бері тынымсыз тер төгіп жүр. 18 жылдық тәжірибесімен ол да бұл мамандықтың қыр-сырын терең меңгеріп, тыныс-тіршілігіне әбден сіңісті деп айта аламын. Өзі Ақтөбе облысы, Шұбарқұдықтың тумасы. Биыл отау көтеріп, бір шаңырақ болғанымызға да 23 жыл болыпты,-дейді Ақмарал Боранбаева.

Теміржолшы жерлесіміздің бауырлары да әке жолын қуып, осы саладан әрі аса алмаған. Оған әкелерінің сөзі емес, үлгісі себеп болса керек. «Менің бауырларымның бәрі – теміржолшы. Інім де, сіңлім де осы саланы таңдады. Одан бөлек үлкен қызым да бірнеше жылдан бері ата-анасының жолын жалғастыруда. Биыл 11 сыныпты аяқтап жатқан ұлымыз да теміржол саласын таңдағалы отыр» дейді өзі. Бүтін әулеттің бір қызметте жүріп, теміржол туын биікке көтеруі, әрине, сирек кездесетін жағдай.

Бір қарағанда теміржол диспетчері болу – жай ғана үстел басында отыратын жеңіл жұмыс сияқты көрінгенімен, бұл тәулік бойы қырағылықты, шешім қабылдаудағы жылдамдықты, әр пойыздың бағытын дәл бақылап, үздіксіз байланысты талап ететін ауыр сала. Себебі мұнда қателікке жол жоқ, әр секундтың өзі үлкен жауапкершілік. Ал осындай қызығы мен қиындығы мол салада ширек ғасырдан астам үздіксіз еңбек етуі Ақмарал Қалиасқызының өз мамандығына деген махаббаты мен адалдығының айқын дәлелі.

Иә, теміржолшының еңбегі ескерусіз қалған емес. Ол жылдар бойы жинаған тәжірибесі мен жоғары жауапкершілігінің арқасында қалалық, облыстық деңгейдегі марапаттармен, Алғыс хаттармен ұлығыланды. Өзінің айтуынша, бұл – тек марапат емес, осы уақытқа дейін төгілген әр маңдай терге берілген лайықты баға. Жүрдек пойыз жай ғана қатынас құралы емес, ол – қозғалыс пен дәлдіктің алаңы, саяхатшылар үшін сенімді мекен. Осы қозғалыс қауіпсіздігінің дөңгелегін тоқтатпай ұстап тұрған жандар Ақмаралдай кәнігі кәсіби мамандар десек артық айтқандық болмас. Себебі оның өмір жолы – бүгінгі жастарға үлгі, ал еңбегі – өңір жетістігі. Жұмысшы мамандықтарының қадірі қайта артқан мына заманда, теміржолшының тағдырына адалдықпен қарап, бір отбасын түгел осы салада еңбекке баулыған Ақмаралдай аналар – елдің тыныштығы мен қозғалысының тірегі. Темір жолдай түзу, темірдей төзімді, қажырлы бұл еңбек иелеріне қандай құрмет көрсетсек те, артық емес.

Иә, тамыз айының алғашқы жексенбісі – теміржолшылардың кәсіби мерекесі. Бұл күн мыңдаған теміржолшының, соның ішінде Ақмаралдай жандардың ерен еңбегін елеп-ескерер лайықты күн. Ендеше, теміржолшылар отбасын алдағы мерекемен шын жүректен құттықтаймыз.

Д. ІЗБАСАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT