«Жарқыра» жобасының жарқыраған жұлдыздары Жылыойда да жетерлік. Соның бірі де бірегейі – бағбан Бауыржан Хасанұлы. Ол – ауласының алты гектар аумағына шыр айналдырып жүзім талдарын отырғызып, одан мол өнім алып отырған жерлесіміз. Соңғы жылдары бағбаншылықтың жаңа белестерін бағындырып, жеңісті жетістіктерге жетіп жүр.
Өткен тамыз айының 28-і – Бүкіләлемдік жүзім фестивалі болды. Сол күні әлемнің түкпір-түкпіріндегі бағбандар бас қосып, жыл сайын жүзім өсірудің құпиясымен бөлісіп, қыр-сырына қанықтырып, тәжірибе алмасады. Жыл бойы баптаған жүзімдерінен жұртқа таратып, дәм таттырады. Бауыржан да биыл сол дәстүрден жаңылмай, үшінші рет қаламызда өз фестивалін өткізді.
Қаланың Қарабалин көшесіндегі «Smoke up» мейрамханасымен бірлесе бастаған жаңа жобаларымен де таныстырды. Қас қарая жиналған қонақтарға мерекелік шоу ұйымдастырылып, кешті алғысөзбен ашқан Бауыржан былай деді:
- Жүзіммен айналысып жүргенімізге он жылдың жүзі болды. Бала кезімнен бағбандыққа көңілім бұрып тұратын-ды. Екі жыл бұрын «Жарқыра» жобасы арқылы кәсібімді одан әрі дөңгелете түстім. Біздің ауданды көбі тек қана қара алтынымен таниды. Және халық арасында «Құлсарының топырағы құнарсыз» деген де қауесет тарап жүр. Бірақ, мен сол сөздің терістігін дәлелдеу үшін барымды салып келемін. Менің ойымша, бақтың гүлденуі бірінші кезекте жердің құнарлығына емес, бағбанның біліктілігіне байланысты деп ойлаймын. Алдағы уақытта кәсібімді одан әрі дамытып, жерлестеріміз импорттық жеміс-жидекке тәуелді болмайтындай етіп, жаңа жұмыс орындарын ашсам деймін.
Бауыржан Хасанұлы ерекше балаларды да фестивальге арнайы шақырыпты. Кештің төріне шығарып, өз атынан сыйлықтар табыс етті. Білікті бағбан өткен айларда ғана Қырғызстан елінде өткен «Жеті өгіз аймағы» халықаралық фестиваліне қатысып, өз өнімін әлем халқына паш етті. Оған 32 елдің «менмін» деген бағбандары келген. Арнайы қонақтардың бірі – аудан әкімінің орынбасары Нұрболат Сарманов фестивальге орай өз ойын былайша сабақтады:
-Бауыржан – білікті бағбан. Кәсіпкерлік, негізінен, ізденісті, білімді талап етеді. Бауыржанда бұл қасиеттің барлығы бар. Қол қусырып отырмай, қолынан келетін іске аянып қалған жоқ. Жылма-жыл оның жетістіктерін көріп, бір марқайып қаламыз. Алдағы уақытта әкімдік тарапынан мүмкін болған барлық көмекті аямайтын боламыз. Жергілікті іскер жастарды әрқашан қолдауға дайынбыз.
Облыстық «Жарқыра» бағдарламасының жетекшісі Ирина Горбаченко да осы фестивальге арнайы Атыраудан ат арытып келіп, ағынан жарылды:
-Бауыржан – бөлек тұлға. Жобаға алғаш келгеннен бізді байыптылығымен, білімге деген құштарлығымен тәнті етті. Қиындықтан еш тайсалмайтын, керісінше сынақтан сүрінбей өтуге барын салатын нағыз еңбекқор жігіт. Мен айтар едім, Бауыржан сияқты азаматтар қоғамға пайда әкеліп қана қоймай, оны жақсы жаққа өзгерте алады. Бүгінгі күннің өзінде үлкен жетістіктерге жетіп отыр. Болашақта да тоқтап қалмайтынына кәміл сенеміз. Оның бастамасын қолдау үшін облыс орталығынан 10 адам болып келіп отырмыз.
Атыраулық қонақтың бірі – Ника Алексейқызы өзі салған жылқы суретін сыйлады. Және жиылған көпшілікке Бауыржанның осы төрт түліктің төресін жақсы көретіндігін жеткізді.
Көп тілектен кейін келген қонақтарға Бауыржан Хасанұлы өзінің дәмді жүзімдерінің түрлі сұрпынан дәм татқызды. Тәттілігінде сөз жоқ. Жүзімнің өзі де, шырыны да тіл үйіреді, таңдай қақтырарлық. Осыдан кейін киелі мекен – кең Жылыойдың топырағын құнарсыз деп көрсін! Көңіл көтеру үшін қонақтарға ойындар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар табыс етілді. Одан бөлек, жоғары сұрыпты жүзімдерден аукцион да ұйымдастырылды. Бауыржанның бақшасында өскен жемістердің бәсі жоғары екендігі де осы кезде байқалды. Бір түп жүзімнің өзін 50 мың теңгеге сатып алғандар болды. Осыдан-ақ құндылығын бағамдай беріңіз.
Кеш соңында Бауыржанға алғыс айтып, ұсынылған дәмдер туралы өзінің оң пікірін білдіргендер көп болды. Арты фуршетке ұласып, жұртшылыққа Бауыржан Хасанұлы мен «Smoke up» мейрамханасының атынан дастархан жайылды. «Еңбектің наны тәтті» деген осы да, Бауыржандай бағбанның еңбегінің жемісін жерлестері жоғары бағалады. Ризашылығын білдірген қонақтар кештен көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.
Е.Алтайұлы