«Ayala prestige» жаңа жиһаз цехы

Руслан Серікбаев жастайынан ағаштан түйін түйген шебер жігіт еді. Бірте-бірте бұл ісін тұрақты кәсіпке айналдырып, тапсырыс бойынша үстел-орындық секілді заттар жасаумен айналысты. Келе-келе сұраныс артып, жұмыс көлемін ұлғайтты. Қос қабатты үйлерге баспалдақ, есік, кішігірім жиһаз секілді бөлмеге керекті тұрмыстық бұйымдар жасауға кірісіп кетті. Үш жылдан бері тынымсыз төккен маңдай терінің арқасында кәсіпкердің бұл кәсібі де алға басып, бүгінде өз алдына арнайы жиһаз цехын ашып алды. 14 адамды жұмыспен қамтып отырған ол, әрине, көздеген мақсатына оңайлықпен жеткен жоқ.

2021 жылдың 7 қазанында Мемлекет басшысы «Ұлттық жобалар тізімін бекіту туралы» Жарлыққа қол қойғаны аян. Соған сәйкес елімізде 10 ұлттық жобалар тізімі бекітілді. Соның ішінде Үкіметтің Қаулысымен бекітілген «2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» да бар. Руслан Серікбаев, міне, осы жобаның 2-бағыты бойынша кәсіпкерлік мақсаттағы жеңілдетілген несиеге қол жеткізді. Дәлірек айтқанда, «Даму» қорының екінші деңгейдегі банктердің пайызын субсидиялауы нәтижесінде 6 пайыздық мөлшерлемемен 32 млн. теңге бастапқы капиталға ие болды. Соның арқасында Құлсары қаласының «Достық» ықшамауданынан «Ayala prestige» жиһаз цехын іске қосып, үйге және кеңсеге қажетті жиһаз түрлерін жасап шығара бастады. Ол үшін, алдымен, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының ақыл-кеңесімен бизнес-жоба жасақтап, банкке тапсырған-ды.

-Бұл ісін ілгерілетемін деген кәсіпкер үшін зор мүмкіндік. Банктің 20 пайыздан жоғары пайыздық мөлшерлемесінің 15 пайызға жуығын «Даму» қоры өз қаражаты есебінен көтеріп алады. Алдағы уақытта да осындай кәсіп иелеріне қолдау көрсетілетін болады, - дейді аудандағы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Ерлан Нұрланов.

Жақында осы «Ayala prestige»-дің ресми түрде ашылу рәсімі болып өтті. Салтанатты шараға келген аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова, аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Нұртас Қуатбаев, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Ерлан Нұрланов, кәсіпкерлер Тілепберген Ұлықпанов, Мейрамбай Базарбаев және басқалар жас кәсіпкердің ісіне сәттілік тіледі.

Алқызыл лента қиылғаннан кейін Руслан Серікбаевтың өзі келген қонақтарға цехтың күнделікті жұмыс жасау процесімен таныстырды. Әр бөлмеде орналасқан шетелдік қондырғылардың атқаратын өз қызмет түрі бар. Соның барлығын кәсіпкердің өзі бес саусақтай біледі.

-Бұл салада мамандар жетіспеушілігі бар. Мен цехқа жұмысқа орналасқан әр жұмысшыны осы істің қыр-сырына үйретіп, кәсіби шебер етіп шығаруға тырысамын,-дейді Р. Серікбаев.

Кәсіпкер үй ішілік баспалдақтар мен осыған ұқсас бұйымдарды елімізде өсетін кәдімгі қара ағаштан жасайды. Оны Алматы өңірінен кептірілген күйінде дайын шикізат ретінде алдырады. Ал жиһаз жасауға түрлі фанераларды пайдаланады. Оны көршілес Ресейден әкеледі екен. Кәсіпкер болашақта осы өнімін түрін өзімізден өндіруді мақсат тұтып отыр. Ол үшін, әрине, бизнес-жоба жасақтап, онысын аудандағы құзырлы орган басшыларына ұсынып, жүзеге асырмақ ниетте.

Жаңа цехта әзірге үйге, соның ішінде ас үй мен жатын бөлмеге қажетті жиһаздарды және есік, шкаф, баспалдық секілді онға тарта бұйым түрлерін жасап шығарады.

Ербол ҚОШАҚАНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521