Негізінен, тамшылатып суару тәсілі біздің өңір үшін таңсық емес. Егістікпен шұғылданған аудан шаруашылықтарының бұл әдісті қолға ала бастағанына көп жыл болды. Кезінде израильдық деп танылып, еліміздің шаруашылықтарына жаппай енгізіле бастаған жаңа жоба бүгінде жылыойлықтар үшін жақсы жаңалық болды. Бастапқыда сол шет мемлекеттен арнайы суару қондырғылары жеткізіліп, кеңінен таратылғаны да есімізде.
Бүгінде тамшылату тәсілін ақкиізтоғайлықтар да мықтап қолға алды. Оған себеп – ауылдағы «Талаптан» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Амангелді Қарасаевтың таудай талабы. «Теңізшевройл» компаниясының 2024 жылға арналған әлеуметтік инвестициялық бағдарламасына «Су – тіршілік көзі» жобасын ұсынып, оны сәтті қорғап, жеңімпаз атанды. Сөйтіп қаржылай көмекке ие болған Аманкелді Қарасаев ауыл тұрғындарын еңбекке шақырып, тамшылатып суару арқылы да егіс салып, мол табыс табуға болатынын дәлелдеді.
Иә, ол өз ауылындағы егін алқабының мол өнім бермейтіндігіне алаңдаушылық білдіріп жүретін. Өз туған жерінен бау-бақша өнімін көбейтуді көздеген кәсіпкердің израильдық жаңа жобаға қызығушылық білдірген себебі де сол еді. Өйткені, көктемде кемерінен келе тасып, жазда тартылып қалатын Жем өзенінің аз ғана ағынды суы жылда жете бермейді. Ал тамшылатып суару мұндағы диқандар үшін таптырмас тәсіл болды. Осылайша артық шығынсыз мол өнімге қол жеткізуді көздеген кәсіпкер бүгінде ойлаған ісін жүзеге асырды.
Агроөнеркәсіп кешенін дамытуды басты нысанаға алып, ауыл шаруашылығы ісінің ілгері басуына жол бастайтын бұл жоба биылғы жылдың қаңтар айынан бастау алған-ды. Ауыл халқын көкөніс және жеміс-жидекпен қамтамасыз етуді қалаған кәсіпкер «қыстың қамын жазда ойлап», ТШО-ның қаржылай көмегі қолына тие сала, бірден бел шеше іске кірісіп кетті. Ауыл әкімімен келісіп, шаруашылықта өз еркімен жұмыс жасағысы келетін белсенді жігіттерден топ құрып, жеке кәсіпкерлермен келісімге келді. Ақпан айында қаржылай көмек алып, наурыз бен сәуір айында қажетті құрал-жабдықтарды қарастырып, тыңайтқыштар мен өсімдіктерді зиянкес жәндіктерден қорғайтын дәрумендерді де сатып алды. Көктем келісімен көпке ұзатпай ақкиізтоғайлық бағбаншылар бірден іске кірісті.
Жоба жетекшісі Аманкелді Қарасаев осы шаруашылық жөнінде:
-Жобаға қатысушылар барлық жұмысты өздері атқарды. 4 га жер 1000 шаршы метрден әрқайсысына бөлініп берілді. Олар сол жерге бақша дақылдарының дәндерін егіп, күтіп баптады. Одан бөлек тыңайтқыштарын беріп, айналасын жабайы шөптерден тазалап, өсіріп шығарды. Осындай орасан зор ұйымшылдықтың, бірліктің арқасында бақша дақылдары жақсы өнім берді. Жобаға қатысушылар да, ауыл тұрғындары да дән риза болды ,- дейді.
Жобаны жүзеге асырған топ жұмыс барысында тек «жер еміп» еңбек етіп қана қойған жоқ, егін шаруашылығының технологиясын тереңірек меңгеріп, осы сала жайлы нақты ақпараттар да ала білді. Жаз бойы егіс басында тамшылатып суару тәсілімен өнім шығаруды үйреніп, бұл әдістің ескі егіс салу түрінен әлдеқайда жеңіл және шығынсыз екенін білді. Бау-бақшасы өнім бергенде жоба қатысушылары қарбыз, қауынды өздері тұтынып қана қоймай, алыс-жақын ағайындарына, көршілеріне, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға беріп, ауысқанын сатып, пайдасын да көрген. Ауыл халқы осындай мүмкіндік сыйлаған жоба қаржыландырушысы «Теңізшевройл» компаниясына алғысын жаудырды.
Жоба уақытша маусымдық мезгілді қамтыған соң бүгінде жұмысы сәтті аяқталды. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған» еңбекқор жігіттердің арқасында ауыл тұрғындары мол өнімнің астында қалды. Жобаға қатысқан 40 адамның ішінде келер жылы осы әдіспен өздері бөлек егіс салуды көздеген ауылдастары да бар. Десек те, бірлестік жетекшісі Аманкелді Қарасаевтың бұл жобасы тоқтап қалмақ емес. Ол алдағы жылы да ауыл халқының әлеуметтік-экономикалық жағдайының көтерілуіне жағдай жасамақ ниетте. Сонымен қатар тамшылатып суару әдісі арқылы егіс салуды жоспарлап отырған жандарға кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіндік бермекші. Одан бөлек, болашақта қарбыз, қауын өнімдерін шығарып қана қоймай, балық өсіруді қолға алып, жылыжай бағытын да қамтысақ деген жоспары бар.
Табиғи өнімді қалаға қатынамай-ақ, жақын жерден, өз ауылынан алғысы келмейтін адам кем де кем шығар. Осындай халық сұранысын көңіліне тоқып, олардың қалауын орындап қана қоймай, агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамытып отырған азаматтар барда ауылдың әлеуметтік ахуалы жақсармаса, төмендемесі хақ. Ендеше, «Су – тіршілік көзі» жобасы келер жылы да ізін суытпай қайта оралып, бұдан да мол өнім берер деген сенімдеміз.
Д.Ізбасарқызы