Аудан әкімі кәсіпкерлерді еркін әңгімелесуге шақырды

Оған сондай-ақ аудан әкімінің орынбасарлары, аудан әкімі аппараты басшысы Ә.Играшинұлы, Құлсары қаласы әкімі Ш.Кейкин, аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Қ.Мыңбаев, Атырау облысы бойынша Кәсіпкерлер палатасының Жылыой ауданы филиалының директоры Е.Төлендиев, ауылдық округ әкімдері мен дербес бөлім басшылары, т.б. қатысты.

Алдымен, аудан әкімі Ә.Құттұмұрат-ұлы сөз сөйлеп, бүгінгі ашық сұхбаттың мақсатын айтып өтті. Кезекті кәсіпкерлерге берді.

А.Төрқұлова, "Төлепбек би" ЖШС-нің директоры:

-Өзімнің тұрып жатқан тұрғын үйімнің жер теліміне кәсіпкерлік мақсатта консервілеу цехын салып, құжаттарын рәсімдедім. Бұған дейін тұрғын үй мен жер телімі баламның атында болды. Белгілі себептерге байланысты өзімнің атыма аударып, сатып алу рәсіміне сай қаражатын төледім. Бірақ қала әкімінің шешіміне сәйкес қосымша қаражат төлеу жөнінде хабарлама берілді. Осы мәселені шешіп беруді сұраймын. Екінші сұрағым: ақпан айынан бері консервілеу цехына Жұмыспен қамту орталығы өзім тапқан мүмкіндігі шектеулі жанды жұмысқа жібермей отыр. Мұны қалай шешеміз?

Жауап: Қ.Омаров, аудандық Жұмыспен қамту орталығының директоры:

-Екінші сұрақ бойынша қолданыстағы "Халықты жұмыспен қамту туралы" заңына және "Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған" бағдарламасына орай әлеуметтік жұмысқа жарамсыз, яғни ІІ топтағы мүгедек адам жұмысқа жіберілмейді. Егер барлық тиісті құжаттар тапсырылып, ол заң талаптарына сай келген жағдайда әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру бағытымен жұмысқа жіберуге болады.

А.Реймов, дара кәсіпкер:

-Айналысып отырған кәсібім - полиграфиялық, жарнамалық қызмет көрсету. Қазіргі уақытта кәсіпкерлікті жүргізу үшін орын-жайды жалға алып отырмыз. Ал жалға алу бағасы жоғары. Сондықтан Құлсары қаласы, 3-ықшамауданда орналасқан көпқатарлы үйлердің бір жертөлесі берілсе, кәсібімізді дөңгелетер едік.

Жауап: Ш.Кейкин, Құлсары қаласының әкімі:

-Коммуналдық есепте тұрған 3-ықшамаудандағы көпқабатты үйлердің 1-қатарын 4 кәсіпкерге кәсіпкерлігін жүргізу үшін сенімгерлікпен берген едік. Келісімшартта 6 ай ішінде жөндеу жұмыстарын жүргізіп, іске қосуы қажет. Алайда сол кәсіпкерлердің кейбірі белгіленген талаптарды орындамай отыр. Маусым айында келісімшарттардың мерзімі біткеннен кейін сенімгерлікпен басқару тәсілімен өзің сияқты ұсыныс берген кәсіпкерлерге беретін боламыз.

М.Ізтұрғанов, дара кәсіпкер:

-Құлсары қаласында құрылыс материалдары, сауда, қонақүй және қоғамдық тамақтандыру қызметтерімен айналысып келемін. Алдахов көшесі, №12 мекен-жайында орналасқан қонақүй, қоғамдық тамақтандыру нысандарыма топтық су құбыры арқылы ауыз су жүргізу қажет. Топтық су құбыры республикалық автомобиль жолының арғы жағымен жүруіне байланысты жолдың астымен өткізу мәселесі қиындық туғызып отыр. Осы мәселені шешіп беруді сұраймын.

Жауап: Ә.Құттұмұрат-ұлы, аудан әкімі:

-Осы жылдың қыркүйек айында бюджет есебінен ауыз су құбырының құрылысына жобалық-сметалық құжаттамасын дайындауға қаражат қарастырылатын болады.

М.Сатқанов, "Аман-Есен" шаруа қожалығының мүшесі:

-"Аман-Есен" шаруа қожалығы мен жеке кәсіпкер С.Махутовқа егін бағытында бірлескен қаулы шығарылып, жер телімі берілген. Сол жер теліміне көкөніс-бақша өнімдері егіліп, жыл сайын тұрақты түрде орталық базар, жәрмеңкеге шығарылып отырады. Биыл 1500 түп тал және 45 гектарға жоңышқа егілді. Ендігі кезекте мемлекет тарапынан егін шаруашылығына берілетін субсидия алуды жұмыстанып отырмыз. Бірлескен қаулының күшін жойып, "Аман-Есен" шаруа қожалығына 200 гектарға дейін жер телімін ұлғайтуға қолдау көрсетуді сұраймын.

Ш.Тәжіғарина, "Жақсылық" шаруа қожалығының мүшесі:

-Егін жай үшін 20 гектар жер телімі беріліп, жылда бақша өнімдері егілуде. 2017 жылы егістікті ұлғайту үшін қосымша жер телімін сұрап, өтініш берген едік. Алайда Құлсары қаласының аумағына кіруіне байланысты жер берілмейтін болды. Көтеріп отырған мәселені қайта қарап, оң шешім қабылдауды сұраймын.

Ғ.Оразбаев, "Мұрат" шаруа қожалығының жетекшісі:

-Ағымдағы жылға ауылшаруашылығы жер телімдерінің конкурсы әлі күнге дейін ұйымдастырылмай отыр. Конкурс қашан өтеді және алдымыздағы жылдың қаңтар-ақпан айларында конкурс ұйымдастырылса, шаруагерлер үшін шаруашылықтарын жүргізуге үлкен мүмкіндік болар еді.

Жауап: Қ.Бағынов, аудан әкімінің орынбасары:

-Осы жылдың ауылшаруашылығы жер телімдерінің конкурсы маусым айында ұйымдастырылады. Конкурсқа 110 жер телімі шығарылып отыр. Келесі аптада жергілікті газетке хабарландыру шығарылады. Өз өтінімдеріңіз бен құжаттарыңызды ұсына аласыздар.

Ұсыныс: М.Қайшыбаев, К.Сатпанова, А.Реймов, Д.Сабетов, дара кәсіпкерлер:

-2017 жылы меморандумға сай шағын кәсіпкерлер газға алдын ала төлемнен босатылған еді. 2018 жылға шағын кәсіпкерлерден алдын ала төлем алына бастады. Сол төлемнен босату мәселесін қарастырып, қолдау көрсетуді сұраймыз.

К.Сатпанова, дара кәсіпкер:

-2015-2016 жылдары "Бизнестің жол картасы - 2020" бағдарламасы шеңберінде техника алып, қолданыстағы автокөлік жуу орнын ашқан болатынмын. Және онда 10-нан астам жұмыс орны ашылды. 2018 жылдың қаңтар айында Құлсары қаласы, Ж.Нәдіров көшесі, №150 мекен-жайындағы автокөлік жуу орталығының жер телімін ұлғайту үшін қосымша жер сұрап, өтініш берген едім. Алайда өтінішке жауап беру мерзімінен кешіктіріліп, жер телімін беруден бас тартылды.

Ж.Махамбетов, "Жекей" шаруа қожалығының жетекшісі, Қара-Арна ауылдық округі:

-"Жұмыспен қамту - 2020 жол картасы" бағдарламасымен несие серіктестігіне мүше болып, шағын несие алдым, оны тіпті мерзімінен бұрын өтедім. Бірақ әлі күнге дейін есепшотқа түскен зейнетақы қаражатымыз сот орындаушылармен түсіріліп алынып тұр. Осы мәселені шешіп беруді сұраймын.

Жауап: Е.Төлендиев, Атырау облысы бойынша Кәсіпкерлер палатасының Жылыой ауданы филиалының директоры: -Бұл мәселенің шешімі табылды. Қазіргі уақытта несиені өтеген 27 адамды несие серіктестігінің мүшелігінен шығару жұмыстары жүргізілуде.

Ұсыныс: Қ.Нұрғалиев, дара кәсіпкер:

-"Теңізшевройл" ЖШС-не мердігер болып кіру үшін ауданымыздың өзінен-ақ семинарлар, түсіндіру жұмыстары жүргізілсе, аудан кәсіпкерлері өз бизнестерін жүргізуге, дамытуға мүмкіндік алар еді. Ал бізде көлік жүргізушісіне ТШО куәлігі мен рұхсат қағазын алу үшін 20-30 күн уақыт кетеді. Осы уақыт ішінде жүргізуші жалақысы жоғары мекемеге ауысып кетеді де, басқа адам оқытамын дегенше тағы бір ай уақыт өткізіп аламыз.

Ұсынысым: Жұмыспен қамту орталығына тіркелген барлық жүргізушілер мен жұмысшылар аудан орталығынан оқытылса, мынадай мәселе болмайды деп есептеймін.

 Ұсыныс: Е.Көбейев, Б.Шынтасова, А.Қаленова, дара кәсіпкерлер:

-Құлсары қаласы, Тайманов көшесінде орналасқан сауда орталығының жер теліміне жеңіл құрастырылымдағы бутиктер қойылған. Қала құрылысы және сәулет бөлімі тарапынан заңсыз қойылған және көше келбетін бұзып тұрған бутиктерді алып тастау жөнінде ескертпе жасалып отыр. Біздің ұсынымыз: қала көркіне сай жеңіл құрастырылым құрылысы бойынша экскиздік жобалар дайындадық. Сол жобаларды қарап, мүмкіндігіне қарай келісім беруді сұраймыз. Н.Орынбасаров, дара кәсіпкер: -Гүл сатумен айналысамын. Қазіргі уақытта гүл сататын орынды жалға алып отырмын және ол қаланың шеткі ықшамауданында орналасқан. Қаланың орталық көшесінен, мысалы, аялдамадан жер телімі берілсе, жаңа заманауи талапқа сай дүңгіршек қойып, кәсібімді айналдырғым келеді. Бір жағынан, бұл қала көркіне көрік қосар еді. Қанша дегенмен, гүл кез келген адамның көзінің жауын алар әдемі ғой.

Т.Семендирова, М.Молдағалиев, дара кәсіпкерлер:

-Ауылшаруашылығын дамыту, яғни мал басын көбейту бағытында жер телімін сұрап, өтініш бердік. Өтінішті қанағаттандырусыз қалдырып қана қоймай, жер телімін беруден бас тартты. Бос жер телімдерінің бар-жоқтығын қалай анықтаймыз? Жауап: Қ.Бағынов, аудан әкімінің орынбасары: -Осы жылдың ауылшаруашылығы жер телімдерінің конкурсы маусым айында ұйымдастырылады. Конкурсқа 110 бос жер телімі шығарылып отыр. Келесі аптада жергілікті газетке хабарландыру шығарылады. Өз өтінімдеріңіз бен құжаттарыңызды ұсына аласыздар.

А.Еркінғалиева, Сидорова, дара кәсіпкерлер:

1) Тайкеткенде шұбатхана құрылысы жұмыстары жүргізілуде. Осы жылы құрылыс жұмыстарын толық аяқтап, іске қосуды жоспарлап отырмыз. Оған міндетті түрде тоқ пен газ жүргізу қажет.

2) Құлсары-Атырау трассында орналасқан шайхана жолаушыларға қызмет көрсетуде. Қазіргі таңда дизельдік генератормен электр қуатын алып отырмыз. Кейде дизельдік генератор істен шығып, тоқ болмай қалғанда жолаушыларға толық жағдай жасалынбайды. Мемлекет тарапынан жетіспейтін инфрақұрылымдарды қалай жүргізуге болады?

Жауап: Қ.Мыңбаев, кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы:

-Ағымдағы жылы облыс әкімі Н.Ноғаевтың қолдауымен ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті дамытуға 500,0 млн. теңге қаржы бөлінді. Бөлінген қаражатқа жылдық мөлшерлемесі 7 пайыз несиемен жетіспейтін инфрақұрылымдарды алуға болады. Кәсіпкерлермен ашық сұхбатта 20-ға жуық өтініш-шағым, ұсыныс айтылды. Әрбір адамның сөзін мұқият тыңдаған аудан әкімі Ә.Құттұмұрат-ұлы айтылған мәселелер оң шешімін табуы үшін жауапты жандарға нақты тапсырмалар берді. Байқағанымыздай, кәсіпкерлер үшін әсіресе жетіспейтін инфрақұрылым, газға алдын ала төлем, шаруашылықтар үшін жер телімінің берілмеуі үлкен кедергі болып отыр.

П.ҚИЗАТОВА,

Суреттер: А.ДОЛЫБЕКОВАНІКІ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521