.
Қоршаған ортаны қорғау мен тазалықты сақтау — әрбір азаматтың ортақ парызы. Осы мақсатта елімізде жыл сайын өткізілетін «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында биылғы жазда да кең көлемді шаралар қолға алынды.
Атап айтқанда, 5 шілде күні ауданымызда өткен жалпыұлттық сенбілікке 100-ге жуық мемлекеттік мекеме қызметкерлері белсене қатысты. Аудан және қала әкімдіктері, сондай-ақ оларға қарасты дербес бөлімдер мен түрлі мемлекеттік мекемелердің ұжымдары табиғатты қорғау мақсатында бір кісідей жұмылды. Сенбілік барысында қатысушылар қаланың әр аумағында, соның ішінде Қамыскөл жағалауында, орталық көшелер мен қоғамдық орындарда тазалық жұмыстарын жүргізіп, қоқыстарды жинап, ағаштар мен гүлзарлардың айналасын ретке келтірді. Игі шараға жалпы саны 200-ге жуық адам атсалысты.
Экологиялық сенбіліктің басты мақсаты — қоршаған ортаны қорғау, елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту, тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру және туған өлкенің табиғатына жанашырлықпен қарауға баулу.Бұл ретте қатысушылар мұндай акциялар тек қана тазалық жұмыстарымен шектелмей, ортақ қалаға деген жауапкершілікті сезінетін маңызды іс-шараға айналып отырғанын жеткізді.
Қаланың тазалығы — тек тазалыққа жауапты қызметкердің немесе әкімдік қызметкерлерінің ғана міндеті емес, әрбір тұрғынның азаматтық жауапкершілігі. Сондықтан «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы сенбіліктер халықтың экологиялық мәдениетін арттыруға, табиғатты қорғауға деген көзқарасын жақсартуға бағытталған. Тұрғындарға үлгі көрсету, бірлікті нығайту, қоғамды табиғатты аялап, қорғауға шақыру осындай іс-шаралардың негізгі мақсаты, - дейді сенбілікке қатысушылар.
Айта кету керек, «Таза Қазақстан» акциясы тек бір реттік шара емес. Ол жыл бойы жалғасып, түрлі форматтағы тазалық жұмыстарын қамтиды. Акция аясында көшелерді, саябақтарды, су айдындарын тазарту, ағаш отырғызу, қоршаған ортаны абаттандыруға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізіледі. Оның бір айғағы ауданымыздағы Қамыскөл жағалауының тазалануы. Жергілікті тұрғындар мен мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің көл маңын қоқыстан тазартуы табиғатқа деген жанашарлықтың нағыз үлгісі болғандай. Осындай игі істер аудан тұрғындарының ауызбіршілігін арттырып қана қоймай, экологиялық мәдениеттің қалыптасуына да зор үлес қосары сөзсіз. Таза қоршаған орта — жарқын болашақтың кепілі екенін ескерсек, әр тұрғынның осындай шараларға белсене қатысуы маңызды екенін де ұмытпағанымыз жөн.
Диана ІЗБАСАРҚЫЗЫ