Өткен аптада аудан экологтары Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күнін атап өтті. «Жасылдардың» мерекесі аудан көлемінде жоғары деңгейде тойланбағанымен әр жерде әртүрлі шағын шаралар жүзеге асты. Одан «Amanat» партиясы аудандық филиалы да тыс қалған жоқ. Партия ғимаратында танымдық шара өтіп, соның аясында интеллектуалдық сайыс ұйымдастырылды.
Танымдық шараның мақсаты – табиғатқа деген сүйіспеншілікті арттыру, экологиялық мәдениетті дамыту және қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне жастардың назарын аудару болды. Аудандық «Жасыл ел» жастар жасағының сарбаздары қатысып, екі командаға бөлініп бақ сынасты.
Сайысқа қатысушылар «Amanat» және «Flowers» деп екіге бөлініп, қос топ 4 қатысушыдан құралды. Сайысқа «Amanat» партиясы аудандық филиалының төрағасы С.Таласов, филиал қызметкері М.Машенова және «Жасыл ел» бағдарламасының аудандық координаторы Інжу Елешова қазылық етті. Интеллектуалдық сайыс үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезең – «Экосауаттылық сынағы». Бұл бөлімде қатысушыларға экология тақырыбында әртүрлі деңгейдегі сұрақтар қойылды. Мысалы: «Ауа құрамында ең көп мөлшерде қандай газ бар?», «Экология терминін алғаш қай ғалым енгізді?», «Қайта өңделетін қалдық түрлері қандай?», «Қандай әрекеттер ауаның ластануына әсер етеді?» деген секілді сауалдарға қатысушылар белсенді жауап беріп, өз білімдерін көрсетті.
Екінші кезең «Экологиялық шын немесе жалған» ойыны «Жасыл ел» сарбаздарының қызығушылығын тудырды. Өйткені оларға экологиялық фактілер ұсынылып, олардың шын не жалған екенін анықтау тапсырылды. Мысалы: «Пластик 100 жылдан астам уақыт шірімей сақталады», «Бір ағаш 100 кг-ға жуық оттегі бөледі», «Қар барысы Қызыл кітапқа енген», «Қол жуғанда ағын суды тоқтатпай қою суды үнемдейді», «Ауаның ластануына тек зауыттар әсер етеді» секілді басқа да деректердің шын немесе жалған екенін табу болатын.
Үшінші кезең – «Ойлан да тап» деп аталды. Мұнда қатысушылар қағаз бетінде берілген мақал-мәтелдердің жалғасын табуы керек болды. Шеберлік пен логиканы қатар қажет ететін бұл кезең де тартысты өтті. Барлық кезеңнің қорытындысы бойынша қазылар алқасының шешімімен «Flowers» командасы жеңіске жетіп, жеңімпаз атанды. Сайыс соңында партия филиалының төрағасы С.Таласов сөз сөйлеп, қоршаған ортамызды қорғау мақсатында атқарылып жатқан шараларға тоқталып өтті. Соның ішінде аудан көлемінде өткізіліп жүрген сенбіліктер, тал отырғызу сынды игі шараларды тілге тиек ете кетті.
Сондай-ақ шараға белсене қатысқан жастарға алғысын білдірді. Танымдық шараға атсалысқан командаларға Алғыс хаттар табысталып, Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай эко-сумкалар сыйға берілді. Бұл танымдық шара жастардың экологиялық білімін арттырып қана қоймай, табиғатты қорғауға үндеудің жарқын үлгісі болды.
А.Жұмабайұлы