Қоршаған ортаны қорғау – баршамыздың ортақ парызымыз. Осыған орай 20 қыркүйек «Теңізшевройл» ЖШС (ТШО) халықаралық "Дүниежүзілік тазалық күні" экологиялық акциясына белсене қатысты. Аталмыш шара Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі ұйымдастыруымен "Таза Қазақстан" бастамасы аясында өткізілді.
Акцияға компанияның және мердігер ұйымдардың 150-ге жуық қызметкері, сондай-ақ «ЖылыойТазалық» мекемесінің өкілдері қатысты. Шара барысында Қамыскөл жағалауы бойынан шамамен 60-қа жуық тонна қоқыс жиналды. Бұл көлем 5 КамАЗ және 4 Газель жүк көлігіне тең. Жиналған қоқысты «ЖылыойТазалық» арнайы техникасының көмегімен қала полигондарына жеткізді.
ТШО өндірістік оңтайландыру/ өндірістік қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау бөлімінің бас менеджері Нұртас Кенғанов өз сөзінде:
– «Теңізшевройл – әлеуметтік жауапкершілігі мол компания ретінде осындай экологиялық акцияларды әрдайым қолдайды. Бүгін 150-ден астам қызметкеріміз Атырау мен Теңізден Құлсарыға арнайы келіп, қаланың тазалығына өз үлестерін қосты. Бұл біздің ортақ үйіміз – табиғатты қорғауға деген көзқарасымыздың бір көрінісі», – деді.
Сенбілікке қатысушылардың бірі Ерік Смайылов мердігер ұйым қызметкері, өз әсерімен бөлісті:
– «Теңізшевройлдың дүниежүзілік тазалық күніне арналған халықаралық экологиялық акцияға қатысатынын ести сала, бірден қосылуды ұйғардым. Өзім Құлсарыда туып-өскенмін. Қаламыздың тазалығына үлес қосу – мен үшін үлкен мәртебе. Мұндай шаралар туған жерге деген сүйіспеншілікті арттырады», – дейді ол.
Шарада Құлсары қаласы әкімі аппаратының бас маманы Азизхан Демесінов мұндай экологиялық шаралар қоршаған ортаны қорғауға ғана емес, қоғамда жауапкершілік пен бірлікті арттыруға ықпал ететін жеткізді.
Компания өкілдерінің сөзінше, ТШО өндірістік қызметтен түсетін экологиялық әсерді азайту бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде. Қазіргі таңда Теңіз кен орнында қалдықтардың 82 пайызы қайта өңделіп, екінші рет пайдаланылса, судың 49 пайызы тазартылып, қайта қолданылады.
Айта кетейік, сенбілікке 200-ге жуық адам қатысқан болатын. Оның 150-ден астамы "Теңізшевройл" компаниясы мен мердігер ұйымдардың қызметкерлері.
Айнұр Махамбетова