ТШО көгалдандыру жұмысын жалғастыруда

«Теңізшевройл» компаниясының Атырау аймағында жүзеге асырып жатқан ірі экологиялық жобасының бірі — Атырау қаласы мен Жылыой ауданының аумағын көгалдандыру. Бұл жұмыстар бүгінде жалғасын тауып жатыр. Облыс әкімдігімен жасалған алты жылдық меморандум аясында 2021 жылдан бастап 12 000-нан астам ағаш отырғызылды. Осы бағыттағы жарқын жобалар алға қарай да жүзеге аса бермек.

Иә, бұл бастама 2021 жылғы 31 наурызда ТШО мен Атырау облысы әкімдігі арасында жасалған өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылғаннан кейін басталған болатын. Құжат, негізінен, жалпы көлемі 644 гектардан асатын алқапты көгалдандыруды көздейді. Жобаның мақсаты – өңірдегі экологиялық жағдайды жақсарту ғана емес, халық үшін қолайлы өмір сүретін қоршаған орта қалыптастыру.

Бағдарлама аясында Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласына ерекше көңіл бөлінген. Жобаның алғашқы жылында, яғни 2022 жылы, Құлсарыда 15 гектар аумаққа 9 030 көшет егілді. Келесі жылдары жас шыбықтарға күтім жасау, суару, өсімдіктердің өміршеңдігін сақтау бағытында белсенді жұмыстар жүргізілді.

2023 жылы да тағы бір гектар жерге 600 ағаш отырғызылды. 2024 жылдың көктемінде кейбір тал егілген аумақтарды тасқын су басып қалуына қарамастан, компания өз жобасын жалғастырды. Былтырғы жылы 4,6 гектар жерге 2 796 көшет отырғызылды. Бұл ағаштарға күтім жасау биыл да жалғасын тауып жатыр.

2025 жылы Атырау қаласындағы «Геолог» шағын ауданынан 11,7 гектар, сондай-ақ Жылыойдың Майкөмген, Шоқпартоғай ауылдық округтері мен Жаңа Қаратон кентінен әрқайсысы 2 гектардан болатын жер телімдеріне көгалдандыру жұмыстарын жүргізу жөнінде конкурс өткізілді. Конкурс жеңімпазы анықталып, мердігер компания жұмысқа кірісті.

ТШО үшін көгалдандыру жобасы – жай ғана міндет емес, бұл – өңірдің экологиялық қауіпсіздігіне, тұрақты дамуына және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға қосылған маңызды үлес. Компания қоршаған ортаны қорғау мәселесіне жүйелі түрде қарап, өндірістік өсім мен табиғатты сақтау арасында теңгерім сақтауға тырысады.

Өз тілшіміз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT