Сонау жылы аймақтың сол кездегі басшысымен бірге Байшонасқа ұштық. Жанымызда «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының жетекшісі бар-ды. Қонар алдында елді мекен үстін екі-үш мәрте айналып өттік. Сірә, облыс әкімі астаналық мейманға байырғы ауылдың ахуалын әуеден де көрсетпек болса керек. Сонда не байқадық?
ҚАРА МАЙ ҚОРШАҒАН АУЫЛ
Әсірелеп айтуға құмар халықпыз ғой, әдетте мұнайшының жұмыс киімін «қара май әбден сіңген» деп қайырамыз. Мақаттық журналист-ақын Тәжібай Текеев те мұнай иісін өлеңмен өрнектеп, оған елтіген. Мұның бәрінде де ол табиғатты бүлдіруші емес, жанға жайлы нәрсе ретінде қабылданады. Баға жетпес байлығымыз ретінде мақтан тұтылады. Әрине, көмірсутегінің мол қорын иеленіп отырған өңір тұрғындарына бұл шикізат жат саналмайды. Әйтсе де, жоғарыдан көз жүгірткенде ауыл айналасының қара майға бөгіп жатқаны, сыпайылап айтқанда, көңілге қонымды көрінбейді. Ал, елді мекен іші барынша былғаныпты. «Қара алтын» деп қанша дәріптесек те, аяқ астынан тараған жағымсыз иіс қолқаны қабады. Топыраққа әбден сіңіп қалған ғой, қара дақ қадам басқан сайын алдыңнан шығады. Міне, осы орында жүздеген тұрғын ондаған жыл бойы түтін түтетті. Әлі де тұра берер ме еді, егер ақылды азамат ауылды көшіру керектігін дәлелдемесе. Әрине, Құлсары әзірге оның кебін киген жоқ, бірақ сонау жылы Ескі Қаратонның кейпі де адам шошырлық еді. Әлде маған солай көрінді ме, әйтеуір облыстық газеттің тілшісі ретінде осы ауылға келгенімде өзімді қара майдың ортасында жүргендей сезінгем. Оның қолқаны қабар жағымсыз иісі шағын мекеннің қай бұрышынан да сезілетін. Кезінде бар байлығын орталыққа жөнелтіп, өзіне түк қалдырмаған алақандай ауыл тұрғындары енді өздерін ешкімге қажетсіз секілді сезінген. Тұрғындары одан жаңа орынға қоныс аударған соң ғана құтылды ғой. Иә, ауданымызды Қазақ мұнайының отаны ретінде мақтан тұтамыз. Сөз жоқ, солай. Егер еліміз әлемдегі көмірсутегін көп өндіретін және экспорттайтын санаулы мемлекеттердің санатынан саналса, ол өзіміздегі Қарашүңгілдің арқасы деп білу керек. Бәрінің бастауы содан алынған. Бірақ, шыны керек, кешеге дейін қоршаған ортаны қорғау мәселесі қолға алынбады. Байырғы мұнайшылар жоққа шығара қоймас, өндіріс орны шылқып жатқан қара май еді ғой. Құлсарының солтүстік-батыс тұсындағы ұңғымалар орманына барған адам былғанып қайтатын. Өйткені, ол кезде экология ұғымына қазіргідей мән берілмеді. Қара жерді трактормен қазып, мұнай қалдықтарын соған төгетін. Тазарту немесе қайта өңдеу ойға да алынбайтын. Мүмкін жағымсыз иіс содан шығатын болар? Елді мекендердің сәнін кетіріп, жер бетіне қаймақтай қалқып қайта шығып жатқан сол «алтын көмбе» емес пе екен?!
Немесе бұрғышылар тірлігі қалай-ды? Бұрғы ұшы межелі тереңдігіне жеткен соң алып қондырғыны келесі нүктеге жеткізу керек. Сол қалай жүзеге асырылатын? Бұрынғы жұмысшылардың жадында ма? Жеті-сегіз трактор темір арқанмен сүйрейтін. Табиғи шөптер тамырымен жұлынатын. Тікұшақпен төбесінен талай ұштық, таз адамның басындай болып жататын. Арғы тұста анау Биікжалдан әрі қарай, бергі бетте Боранқұл маңы сондай еді. Әлі жетісіп кетпеген шығар-ау. Сұраусыз нәрсе деген сол, әне. Енді талап басқаша. Бұрын шелектеп төгетін қара майды енді қасықтап ағызып алсаң да айыпты саналасың. Миллиондап ақша төлеп, әрең құтыласың. Осы орайда қоршаған ортаны қорғау жайы кәсіпорындардан қаржы өндіріп алу амалы емес пе? Кейде осындай да ойға қаласың. Сонау жылы Теңіз кенішінде тау болып үйілген күкірт күн тәртібінен түспейтін. Алып кен орны туралы әңгіме қозғалса, алдымен, «сары таулар» ауызға алынады. Сол күкірт өнім бе, әлде қалдық па еді? Бұл сауалдың жауабы да көпке дейін табылмады. Ақыры қалдық ретінде кінәланып, өнім санатында сатылып тынды. Кезінде он миллион тоннаға дейін жеткен ол қазір әлемнің бірнеше еліне тасымалданады. Е, пайдасы бар нәрсе екен ғой. Әйтсе де, оның денсаулыққа зияндылығы, адам ағзасына теріс әсер ететіні анықталған соң кенішке деген көзқарас та күрт өзгерді. Енді оның әлемдегі ең ірі кен орнының бірі екендігі ғана емес, аймақтың қоршаған ортасына елеулі зиян келтіріп отырғандығы жиі айтыла бастады. Ал, әділдігіне келсек, егер Теңіз кенішін ТШО емес, өзге ортанқол компания игерсе, сонда не болар еді? Жағдай қазіргіден де асқынып, әбден шегіне жетуі ықтимал ғой. Осы жайды да ойлаған жөн. Экологиялық мәселелер алға тартылып, тиісті заңдылықтар өмірге келген соң қоршаған ортаны қорғауға деген талап та өзгерді. Енді инвесторларға игеруге алған аймақты таза ұстау ғана емес, бұрынғы бүлінген жерді де қалпына келтіру жүктелді. Теңіздегі әуелден ластанған ондаған гектар орынның тазалануы – сондай шаралардың нәтижесі. Мұны кен орнына келгенде өзіміз де көргенбіз, сондықтан барды жоққа шығара алмаймыз. Дегенмен, Теңіз кенішінің қоршаған ортаға кері әсер етіп жатқаны жасырын емес. Өндіріс орныққан өңірде табиғатқа теперіш танытады. Мәселе – соны барынша азайтуда. Қолданыстағы заңдылықтарға орай, әр жоба қолға алынғанда міндетті түрде қоғамдық тыңдау ұйымдастырылады. Міне, соның барысында инвестор ауаға шығарылатын залалды заттар мөлшеріне көбірек рұқсат алуға ұмтылады. Неге? Кен орнында бірнеше жоба жүзеге асырылды. Соның бірі биыл мәреге жетпек. Оған қыруар қаражат қаралды. Демек, шыққан шығын өтелуі тиіс. Инвестиция дегеніміздің өзі де сол. Яғни, жұмсалған қаржыны артығымен өндіріп алу. Ал, ол үшін өнім өндіру көлемі көбеймек. Тиісінше қоршаған ортаға әсер де артпақ. Бұл - аксиома. Компаниялардың бұрынғыдан көбірек эмиссия сұрауы да сондықтан. Әрине, биыл былтырғыдан артық шығарылым жоспарланып отырса, оған жұртшылық қарсы болады. Қоғамдық тыңдауларда дау туындайтыны да содан. Әсіресе, үкіметтік емес ұйымдар айқайға басады. Әйтсе де, мұндай басқосуға жиналғандар пікірі есепке алынғанымен, түпкілікті шешім шығарылмайды. Қажетті құжат құзырлы орындарда жасақталады. Міне, салалық министрліктің принциптілік танытатын тұсы да осы. Мамандары да жеткілікті, ықпал етер тетігі де бар. Ендеше, компаниялардың өздері сұраған межеге ақыры қол жеткізетіні неліктен? Ірі компаниялардың ауаға шығарылатын залалды қалдықтарының көлемі кемімей отырғаны қалай? Сөйте тұра оларды айыпқа жығу да оңай емес. Өйткені, рұқсат етілген мөлшерден аспағанын алға тартады. Ал, лимитті орталық органдар беріп отыр. АКАДЕМИК АЙТҚАН-ДЫ Марқұм Муфтах Диаровпен жақсы араластым. Түрлі конференцияларда пікірін тыңдадым, жеке сұхбат алдым. Кейбір комиссияларға бірге мүше болдым. Сонда аңғарғаным – қоршаған ортаға қатысты мәселелерді терең білетіндігі. Ғылыми тұжырымдалған сауалдарын қарша боратқанда лауазым иелері жауап таппай қиналатын. Сол кісінің маған айтқан «Мен бір күні атыраулықтар ұйқысынан оянбай қала ма деп қорқамын» дегені бүгінде қанатты сөзге айналып, ауыздан түспейді. Республикалық басылымдар тілшілері іліп алып, пайдаланып жүр. Академик Диаровтан инвесторлар қатты ығысатын. Әлдебір жиналысқа оның қатысатынын білсе, өздерін қоярға жер таппайды. Қойған сұрағына сасып қалмау үшін құшақ-құшақ құжаттарын арқалап келгенін талай көргем. Соның өзінде тосылып жататын. Қазір қоғамдық тыңдауға қатысатын белсенділер оңды-солды айқайға басқанымен, дәлелді пікір айтатындары бірен-саран ғана. Онда да интернеттен теріп алғанын алға тартады. Осы кісінің «Атырау – шетелдіктер үшін вахта болса, біз үшін үй» деген де сөзі бар. Кезінде Сафи Өтебаев «Сырттан келгендер түбі кейін қайтады» депті. Қос абыз да турасын айтып отыр. Расында да, 2033 жылы Теңізді, 2038 жылы Қарашығанақты, 2042 жылы Қашағанды бірлесіп игеру мерзімі аяқталады. Алайда, оған дейін әлі біраз уақыт бар. Содан соң инвесторлармен келісім ұзара ма, жоқ па – оны уақыт көрсетер, бірақ жер қыртысында елеулі өзгеріс болары кәміл. Қазір бұл кен орындары Қазақстанда ең ірі саналады және көмірсутегінің басым бөлігі өндіріледі. Осы кеніштер елімізді әлемдегі алдыңғы қатардағы экспортерлер санатына қосып отыр. Шикізат дүниенің төрт бұрышына кетіп жатыр. Әлі де талай тонналап тасымалданады. Қазір Теңіздегі кезекті жоба мәреге таяу. Содан соң мұнда «қара алтын» тасқыны еселеп артады. Мамандардың айтуынша, Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кеніштерінде жаңа қуаттарды іске қосу, перспективалы алаңдарды игерудің нәтижесінде тек газ өндіру көлемі ғана 2030 жылға қарай 87,1 млрд. текше метрге жетеді. Сонда қоршаған ортаға салмақ түсе ме? Әрине. Әйтсе де, мақсат – соны тылсым табиғатқа барынша азайту. Кезінде академик Диаров мұнай-газды қажеттен тыс өндіру қате екенін барынша айтқан-ды. Айдынға бұрғы салуға да қарсы шыққан. Жә, экономикалық тұрғыдан бұл жобалардың бәрі жүзеге асқан екен, ендеше экологиялық талап та қатаң сақталуы керек еді ғой. Осы орайда ғалым ағаш отырғызуды алға тартқан. Көлемі бір гектар орман тәулігіне 120-280 кг көмірсутегі газын жұтады екен. Осынша жерге егілген хош иісті ағаштар жылына 40 тонна шаң-тозаңды ұстайды. Ақырында, орта есеппен алғанда әр ағаш күніне үш адам демалатын оттегі шығарады. Мұның бәрін ғалым азамат білмеді ме? Әрине, білді. Сондықтан көгалдандыру ісін жеделдетуді ұсынды. Муфтах Диаров облыстық әкімдікте шаһарда егілген көшеттердің күтусіз қалғандығына реніш білдірген-ді. «Мен жаяу жүретін адаммын, - деген ол, - кеше де көрдім, бүгін де байқадым – көшедегі талдар суарылмайды. Мынау шілдеде өздерің су ішпесеңдер, қайтер едіңдер?» Осылай деп қадірменді қарт шенеуніктерді шолып өткенде, ешкім үн қатпап еді. Енді солай сұрайтын адам да қалмады. Әдетте, Қытайдың ауасы өте лас екендігі жиі айтылады. Оның шектен шыққандығы соншалық, Тынық мұхиты арқылы Сан-Франциско қаласына жететін көрінеді. Орналасу ерекшелігі солай ма, әлде өндірістік қуаттары көп пе - әйтеуір, зиянды қалдықтар зор-ақ. Сөйте тұра мұнда 12 наурыз - Ағаш егу күні саналады. Бұл – ел өміріндегі үлкен тұлға, ірі реформатор Сунь Ятсеннің өмірден өткен күні. Марқұм тірісінде халқын жаппай ағаш егуге жұмылдырған екен. Содан елдің билігі осы датаны 1981 жылы ресми бекіткен. Содан бері 11-60 жас аралығындағы әр адам бес көшеттен отырғызып, оларды күтімге алады. Оңтүстік Кореяда да 5 сәуір - Ағаш егу күні саналады. Оны 1960 жылы мемлекет басшысы Пак Чжон Хи бастаған екен. Содан бері дәстүрге енген. Бізде де әр көктемде жас шыбықтар отырғызылып жатады. Әйтсе де, күтімі нашар. Жерсінбей ме, әлде су құйылмай ма - әйтеуір, қурап қалады. Жылда біраз ақша жұмсалады, бірақ нәтиже шамалы. Сонау жылы «Жылыой табиғаты» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылбек Шыңғысов тал егуге Құлсарыдағы су көздерін пайдалануды ұсынып еді. Әрине, Қамыскөлден немесе Құрсайдан әр көшеге құбыр тартыла қоймас, әйтсе де, көлікпен тасуға болар еді. Әйтпесе, несіне тал егеді? Алдымен суару жүйесін ойламас па? Өткен ғасырдың басында тал өспейді делінген Доссорда ленинградтық Елена Серова ағаш отырғызып, ауылды көк желекке бөлеген. Ардақты ақсақалдың әңгімесін әрі қарай жалғастырар болсақ, кен орындарында техногендік сипаттағы жер сілкінудің болу ықтималдығын жасырмаған. Академик Диаровтың тұжырымдауынша, Теңіз екі тектоникалық жарылған жердің ділі үстінде орналасқан. Ғалымның айтуынша, соңғы рет жер қыртысының жарылуы 2000 жылы болған. Ол Қаламқас пен Қаражанбас кеніштерінен басталып, Теңіз арқылы өткен. Соның салдарынан жер астында шұңқырлар пайда болған. Олар табиғи жер сілкінісіне соқтыруы әбден ықтимал. Демек, қауіп әлі алда. Ескі жазбаларымды қарап отырып, 2001 жылы жер сілкінгенін кезіктірдім. Сонымен қатар, 2011 жылы қуаты төрт балдық техногендік сипаттағы дүмпу болған. Оны Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданындағы «Ақбұлақ» сейсмикалық орталығы тіркеген. Мұның бәрі жер қуысында бос кеңістіктер қалыптасып жатқанын көрсетпей ме? Жалпы, Муфтах Диаровтың айтуынша, бір тонна мұнайдың орнына кем дегенде бес тонна су айдалуы керек. Сонда да жер қыртысының қуысы қалпына келуі қиын-ақ. Мұндай әдісті сонау жылдары ембілік мұнайшылар кеңінен пайдаланды. Ол уақытта мұнай тайыздан алынатын. Күкірттің проблемасы көлденең тартылған жоқ. Ұңғымаға су айдау өнімділікті арттырды. Қабат қайтарымын қалпына келтірді. Дегенмен, бұл әдіс ұғымалардың сулануына әкеп соқтырды. Мұны жою үшін тағы да технологиялық тәсілдерді қолдануға тура келді. Ал қазір ұңғымаларға кері газ айдалуда. Мұнай құрамында мұндай ілеспе шикізат жеткілікті. Оның бірнеше себебі бар. Алдымен, улы қоспалары бар шикі газды ауада жағуға тыйым салынған. Зауыттарда биік тұрбалар орнатылғанымен, олар тек апатты жағдайда ғана қолданылады. Сондықтан, ілеспе газды өңдеп, кәдеге жарату қажеттігі туды. Сайып келгенде, оны өнім ретінде сатуға болады. Теңіздегі газ өңдеу зауыты осы мақсатта жұмыс жасайды. Қазір жылдық қуаты бір миллиард текше метрлік Қашағанның газын өңдейтін осындай зауыт Ескене маңында тұрғызылып жатыр. Келесі жылы қатарға қосылады деп күтілуде. Демек, ілеспе газды ауада жағуға тыйым салу оны өңдеп, тауар ретінде әлемнің әр түкпіріне тасымалдауға жол ашты. Одан әрі, шикі газ қабат қайтарымын қалыптастыру үшін қажет. Қазір мамандар Теңізде жерасты қысымы кемігенін, бұрынғыдай өздігінен шығатын өнім азайғанын айтып жүр. Демек, өткен отыз жылда біраз салмақ салынғаны ғой. Енді мұнайды жер бетіне осындай әдіспен шығару керек. Ал, мұның қандай қаупі бар? Жылдар бойы табиғи күйінде әбден қалыптасқан жер қыртысы бұрғы ұшымен бұзылған соң қалпына келуі қиын. О бастағы тығыздығы сақталмайды. Демек, түбі бір жерден тесіп шығуы мүмкін. Түрікменстанда құм даланың ортасындағы шұңқырда лаулаған от 53 жылдан бері жанып тұр. О баста газ жинақталған орын екен, кеңестік инженерлер жағып жіберіпті. Әрі-беріден соң өздігінен сөнер деген ғой. Міне, жарты ғасырдан асты, жалын басылар емес. Анау жылы Исатай ауданында жер бетіне шығып жатқан газды көріп, тұрғындар дабыл қаққан. Соның бәрі тегін бе? Бүгін жер астына айдалып жатқан газ ертең үстіне шығып, атқыламай ма? Әбден ықтимал ғой. Сонау 1999 жылы Бас прокуратура Теңізде тоғыз ұңғыманың жұмысын тоқтатқан. Тағылған кінә - кен орнының тағылықпен игерілуі, өнімнің орынсыз алынуы, қоршаған ортаға елеулі зиян келтірілуі. Анықталған кемшіліктердің ішінде, бәлкім, ілеспе газдың кері айдалуы да бар болар. Қайткенде де, академик Диаров айтқан қауіп кеміген жоқ. Тіпті еселене түскендей. Ендеше, заңдылықтар қатаң сақталуы шарт.
ҚҰЛСАРЫҒА ҚАТЕР ҚАЙДАН?
Жылыойлық ақын Бүркіт Базарбаев аудан орталығының біртіндеп шөгіп бара жатқанын айтады. Әрине, маман емес, зерттеу жұмыстарын жүргізбейді. Әйтсе де, сырттай байқағанының өзі назар аударуға тұрарлық. Бұрын айсыз түнде Ақкиізтоғайдың шамдары көрінеді екен. Қазір байқалмайды. Немесе Теңіздегі зауыттың түтіні Құлсарының шетінен көзге шалынатын. Енді ол да жоқ. Мұны қалай және немен түсіндіруге болады? Кеңестік кезде орталық газеттердің бірі Қарағанды қаласының әлденеше сантиметр төмен түсіп кеткенін жазған. Мұның да таң қалатын ештеңесі жоқ. Дәл іргесінен сан жылдар бойы көмір алынып келсе, сол ізсіз кете ме? Жоғарыда айттық қой, ғасырлар жетегінде табиғи қалыптасқан жер қыртысын адам қолымен қозғаған соң қалпына келтіру оңай емес. Тіпті келмейді деуге тұрарлық. Рас, техникалық сумен немесе ілеспе газбен қалыптасқан қуыстарды аз-мұз бітеуге болар, бірақ бәрібір тығыздалмайды. Ендеше, оның үстіндегі құрылыс та шөгуі заңдылық емес пе? Ал, тұтас елді мекеннің салмағы жекелеген нысаннан да зор. Теңіз кенішін игеру басталған кезден-ақ Құлсарымен аралыққа тал отырғызу мәселесі көтерілді. Сол түрлі сылтау айтылып, ақыры іске аспай қалды. Кейін ТШО демеушілігімен аудан орталығында бірер бақ пайдалануға берілді де, бұл әңгімеге нүкте қойылды. Егер сол сәтте-ақ осы шаруаны шындап қолға алғанда ендігі екі аралықта қалың орман жайқалып тұрар еді. Сонда көлденең тартылған қиындықтың бірі – суару жүйесінің жоқтығы. Тарихтан белгілі, Жәңгір хан ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Нарын құмының біраз жеріне ағаш егіп, нуға айналдырған. «Сазанқұрақ» бірлескен кәсіпорнын Қазақстан жағынан басқарған Бақтыкерей Жұбанов та осы құмның арасына гүл егіп, иен далада орналасқан вахталық қалашықтың айналасын жайнатып жіберген. Сонау жылы ұрттам сусыз Ескенеде Ойылбай қарт алма бағын өсірген. Сонда суды теміржол арқылы цистернамен тасыпты. Демек, мәселе ынтада болса керек. «Сыныққа сылтау іздеу» жақсылыққа жетелемейді. Егер Құлсары мен кеніш аралығында қалың орман жайқалса, өндірістен келер қауіп те сейілер ме еді?. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктеріне барған сапары барысында келесі жылға қарай Қазақстанда екі миллиард түп тал егілетіндігін айтты. Демек, елде жаппай көгалдандыру жүрмек. Батыл да бағалы бастама. Бүгінде дүние жүзінде 3 млрд гектардан астам жерді орман алып тұр. Бұл – 27-28 пайыз деген сөз. Рас, сонау уақытта 75 пайыз болған екен. Дені адам қолымен құртылған. Республикада да талай талға балта сілтенгені кәміл. Енді соны қалпына келтіретін кез келді. Мемлекет басшысының бастамасы соған бағытталған. Құп көрдік. Кезінде Мәжіліс депутаты Айжан Скакова қоршаған ортаны қорғауға қатысты бюджеттен қаржыландырылатын бастамаларда «экология» ұғымы мүлдем жоқтығын айтқан. Көбіне адам саулығы әңгіме болады екен. Рас, екеуі өзара сабақтас. Әйтсе де, адам денсаулығына байланысты арнайы министрлік бар емес пе? Сол шұғылданбай ма? Тылсым табиғатты қорғайтын дербес министрліктің жоқтығы біраз жайттың назардан тыс қалуына әкеп соқтырады. Кәсіпорындар қолданыстағы заңдылықтарға сәйкес жүзеге асыруы тиіс шараларды қолға алатын жобалардың қатарына қосып жібереді. «Ау, қоршаған ортаны сауықтыруға не істеп жатырсың?» деген сауалға «Міне, мына шаруаларды тындырмақпын» демекші. Ал, бұлар міндетті атқарылатын жұмыстары. Демек, қаржы шығарып, өздігінен бір нәрсе істеуге сараңдық танытады. Кезінде соны мұнайшы-ғалым Мағауия Шырдабаев қатты сынаған-ды. Экологиялық кодекс күшіне енгенше біраз талқылаудан өтті. Бәрі жан-жақты қамтылған тәрізді. «Ластаушы өзі төлейді және түзетеді» принципі өмірге енді. Расында да, кәсіпорындарды ірілі-ұсақты кінәсі үшін ақшамен жазалай берген де жараспайды. Кейбір компаниялар қомақты қаржы шығарып, табиғат қорғайтын ірі жобаларды жүзеге асырғанша, аз-кем қаражатпен құтылып кеткенді қолайлы көреді. «Айыппұл ауа болмайды» деген қағида содан қалыптасқан. Енді «бүлдірдің бе, тазала» талабы алға тартылмақ. Әсіресе, іргелі компаниялар назарда болмақ. Әзірге солардың елу шақтысы тізімге алыныпты. Өйткені, көп жылғы зерттеу көрсетіп отырғанындай, барлық лас қалдықтардың 80 пайызы – солардың үлесінде. Бұл қатарда тау-кен металлургиясы, мұнай-газ, химия және энергетика салаларының өндірістері басымдау. Біздің аймақта Теңіз бен Қашағанды игерушілерге назар аударылмақ. Солардан көбірек сұралмақшы. Әрине, Атырау мұнай өңдеу зауыты көзден таса қалмайды. Соңғы уақытта мұнда біраз жағымды жаңалық жүріп жатқаны жиі айтылады. Әрине, оң болсын. Алайда, адамдар әлі алаңдаулы. Жақында кәсіпорында кезекті қоғамдық тыңдау ұйымдастырылды. Текетіреспен басталған басқосу даумен аяқталды. Жұрт жаға жыртысуға дейін барды. Дұрыс та шығар, өйткені жақсарып кеткен жағдай жоқ. Зауытқа жақын маңда тұратындар кездесуге бір дорба дәрілерін ала келді. Осы жерден тапқан дерттерінің дауасы екен. Сонда бұған дейін мәреге жеткенін айтып, мақтанып жүрген жобалардың қайтарымы қайда? Қазір де ара-тұра қала үстін қара түтін қаптайды. Зауытта сәл іркіліс болса, ауаға улы газ тасталады. Тұрғындар басы айналып, тынысы тарылғанына шағымданады. Қашанғы шыдайды? Әлемде әр жылы 150 мың адам климаттың өзгеруінен қайтыс болады. Сол сапта атыраулықтар да бар ма? Қазір Атырау облысының экологиясына қатысты «Жол картасы» қабылданды. Ол келесі жылды қосып алғандағы мерзімді қамтиды. Көзделген шаралардың ішінде ТШО нысандарына жақын орналасқан елді мекендерде атмосфералық ауаны бағалау жөніндегі ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу қаралған. Оның қорытындысы алдымыздағы жылдың 31 желтоқсанында шығарылады. Жылыойда кәріз-тазарту құрылысы да жүзеге аспақшы.
P.S. Жалпы, қоршаған ортаға қатысты көтерілер мәселе жеткілікті. Айтылар әңгіме де көп. Әйтсе де, түйінді сөз – табиғаттың тазалығы. Тұрғындар талабы да сол.
Меңдібай СҮМЕСІНОВ,
ардагер журналист