Теңіздегі жаңа арал

Жақында әлеуметтік желіден Каспий жағалауында орналасқан бір кен орнында жұмыс жасайтын жұмысшының бейнебаяны тарады. Онда биік бөгет үстінен түсірілген сюжеттен теңіз суының жағалаудан бірнеше шақырым қашықтыққа тартылып кеткенін көруге болады.

Расында да осыған дейін ресми бұқаралық ақпарат құралдарының сайтында Каспий теңізінің соңғы кездері тайызданып бара жатқаны жөнінде ақпараттар беріле бастады. Тіпті, теңіздің солтүстік бөлігінен жаңа аралдың пайда болғаны туралы хабар жарық көрді. Зерттеушілер бұл теңіздің тайыздануының тағы бір дәлелі екенін айтып отыр.

Айталық, otpannews.kz. сайты Ресей ғылым академиясының Океанология институтының солтүстік Каспийде жаңа аралдың пайда болғанын растайтынын жазады. Ол Малый Жемчужный аралынан оңтүстік-батысқа қарай 30 шақырым қашықтықта орналасқан екен.

- Океанология институтының мамандары экспедиция жасап, аралға жақындады. Бірақ олар судың тайыздығы салдарынан және ауа райының қолайсыздығына байланысты аралды зерттеу жұмысын жүргізе алмады. Дегенмен квадрокоптерден түсірілген фотосуреттер онда құрлықтың бар екенін дәлелдейді,- деп жазады Ресейдің Океанология институты.

Зерттеушілердің алдағы болжамына сүйенсек, онда Каспий деңгейінің төмендеуі жалғаса беретін көрінеді. Бұл жаңа аралдың бірте-бірте құрғап, аумағының ұлғаюына себеп болады дейді. Ондағы мамандар, аралдың пайда болуы алаңдаушылық тудыратын құбылыс деп бағалап отыр.

- Жаңа аралдың табылуы – Каспий теңізінің тартылып бара жатқанының тағы бір кезекті дәлелі. Тереңдіктің азаюына байланысты жаз айларында су қатты қызады. Соның нәтижесінде көп аумақтар суасты жануарларының тіршілігіне жарамсыз болып қалады. Егер авандельтадағы тартылу үдерісі осы қалпында жалғаса берсе, балық шаруашылығы орасан зор аумағынан айырылады. Ал балықтардың қоректенетін бөлігі оңтүстікке қарай жылжи береді. Бұл жағдай экологияға өзгеріс әкеледі,-дейді Океанология институтының ғалымдары.

Жалпы бұл құбылыс Каспий қайраңынан қара алтынның өндірілуіне байланысты болуы мүмкін деген де болжам айтылуда. Оның үстіне, Каспийге құятын Жайық секілді үлкенді және кіші өзендерден құйылатын су ағындарының азаюы да теңіздің тез тартылуына себеп.

 

Е.ҚОШАҚАНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT