«Тазалық – мәдениеттің айнасы»

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында қаламызда санитарлық тазалықты сақтау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және рұқсат етілмеген қоқыс орындарының пайда болуына жол бермеу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Осы мақсатта кезекті рейдтік бақылау ұйымдастырылып, оған қала әкімі Қадіржан Адинов, аудандық Полиция басқармасының қызметкерлері және санитарлық тазалыққа жауапты «Жылыой Тазалық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қатысып, қаланың бірқатар аумақтарында кешенді тексеру жұмыстарын жүргізді.

Рейд барысында көп қабатты және жеке тұрғын үйлердің айналасы, көшелер мен қоғамдық орындардың санитарлық жағдайы, қоқыстың белгіленбеген орындарға тасталуы, сондай-ақ құрылыс материалдарының тұрғын үйлер маңында заңсыз сақталуы жан-жақты қаралды. Тексеру нәтижесінде кейбір тұрғындардың санитарлық талаптарға немқұрайлы қарайтыны анықталды. Атап айтқанда, қаланың кейбір аумақтарында қоқыстың бейберекет тасталуы, аумақтың уақытылы тазаланбауы және белгіленген тәртіптің сақталмауы фактілері жиі кездесетіні белгілі болды.

Бақылау жұмыстарының қорытындысы бойынша санитарлық тазалық талаптарын бұзған 201 тұрғын үй иесіне ескерту жасалды. Сонымен қатар берілген ескертулерді елемеген азаматтарға қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес әкімшілік хаттамалар толтырылып, тиісті шаралар қабылданады. Қала басшысы рейд барысында тазалық мәселесінің тек бақылау мен айыппұл салумен ғана шектелмеуі керектігін атап өтіп, бұл мәселенің түпкі негізі тұрғындардың сана-сезімі мен жеке жауапкершілігіне тікелей байланысты екенін жеткізді. 

- Қаланың бүгінгі келбеті мен ертеңгі көркі әрбір тұрғынның тазалыққа деген көзқарасына байланысты. Әр азамат өзіне іргелес 5 метр аумақты таза ұстауға міндетті. Бұл – заңмен бекітілген талап. Қоқысты кез келген жерге тастауға, құрылыс материалдарын көшелер мен тұрғын үйлердің маңында сақтауға қатаң тыйым салынған. Мұндай заң бұзушылықтарға бұдан былай бейжай қаралмайды. Тазалық – тәртіптің, мәдениеттің айнасы,-деді қала әкімі Қадіржан Адинов. 

Өз кезегінде аудандық Полиция басқармасының Теңіз полиция бөлімшесіне қарасты қоғамдық қауіпсіздік тобының учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Еркеғали Өтепбергенұлы рейд барысында жауапкершілікке тек тұрғындар ғана емес, сонымен қатар өздеріне бекітілген аумақтардың тазалығына тікелей жауапты мекеме басшылары да тартылып жатқанын атап өтті. 

«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, санитарлық талаптарды алғаш рет бұзған жағдайда жеке тұлғаларға 20 айлық есептік көрсеткіш, яғни 86 500 теңге көлемінде айыппұл салынады. Шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 30 АЕК (129 750 теңге), орта кәсіпкерлік субъектілеріне 40 АЕК (173 000 теңге), ал ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 100 АЕК (432 500 теңге) мөлшерінде айыппұл көзделген. Егер заң бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл көлемі айтарлықтай артады. Атап айтқанда, жеке тұлғаларға 30 АЕК, шағын кәсіпкерлікке 40 АЕК, орта кәсіпкерлікке 50 АЕК, ал ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 300 АЕК, яғни 1 297 500 теңге көлемінде айыппұл салынады. Бұл талаптар тек тұрғындарға ғана емес, өздеріне бекітілген аумақтардың тазалығына жауапты мекеме басшыларына да толық көлемде қолданылады, олар да санитарлық талаптарды сақтауға міндетті» деді полиция майоры. Сонымен қатар рейдтік бақылау барысында анықталған кемшіліктерді жою үшін заң бұзушыларға 10 күн мерзім берілетіні ескертілді. Белгіленген уақыт ішінде талаптар орындалмаған жағдайда қосымша әкімшілік шаралар қолданылатын болады. Полиция басқармасы заңсыз қоқыс үйінділерінің алдын алу мақсатында заманауи технологияларды кеңінен қолданып, әлеуметтік желілер арқылы келіп түскен тұрғындардың хабарламалары негізінде рұқсатсыз қоқыс төгу деректерін жедел анықтап, тиісті шаралар қабылдауда. 

Қала басшысы санитарлық тазалықты сақтау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да күшейтілетінін айтып, жауапты мекемелерге бақылауды одан әрі арттыруды тапсырды. Сондай-ақ тұрғындарды экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, тазалыққа бейжай қарамауға, өз аумақтарына жауапкершілікпен қарауға шақырды. 

Айта кетейік, Құлсары қаласында рейдтік бақылау іс-шаралары тұрақты түрде жалғасып, санитарлық талаптардың орындалуы қатаң бақылауда болады. Қала тазалығы –баршамызға ортақ міндет. 

А.Талапкер

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT