Өткен аптада қаламызда «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылды. Табиғатты қорғау және қала аумағының санитарлық тазалығын қамтамасыз етуге бағытталған бұл шараға қаладағы бірқатар мекеме мен үкіметтік емес ұйымдар белсенді түрде атсалысты.
Тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қаламыздың тазалығын сақтауға үлес қосуды мақсат тұтқан бұл шараның берері мол. Сенбілікке, қалалық әкімдіктің ресми хабарлауынша, «Жылыой Су», «ЖылыойГаз», «АтырауЖарық», аудандық Орталық емхана, «ОЛЖА», «КазКомСервис», «БатысТехИнвест» мекемелері, Орталық стадион мен Т.Құлтумиев атындағы №1 Балалар саз мектебінің ұжымы және т.б мекемелердің қызметкерлері жұмылдырылды.
Экологиялық акция шеңберінде 100-ден астам қызметкер қатысып, қаланың негізгі көшелері мен бөлінген аумақтарында абаттандыру және санитарлық тазарту жұмыстары жүргізілді. Әр ұйымға нақты жауапты аймақ бекітіліп, сенбілік барысында күл-қоқыс жиналып, жасыл желек маңы ретке келтірілді. Сонымен қатар, қаламызда көгалдандыру жұмыстары жалғасуда. Қала көркін келтіру мақсатында ЖК «Абдуллаев» ағаш түптерін әктеу жұмыстарын бастады. Бұл жұмыстар ағаштарды зиянкестерден қорғау үшін жасалуда. Қызметкерлер жұмыстарды жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен атқаруда.
Тазалық пен тәртіпке үндеген бұл сенбілік – Табиғат-Анамен үндестікте өмір сүрудің жарқын көрінісі. Жасыл желекке жан бітіріп, қала келбетін әрлеген тұрғындар еңбегі көктемгі жаңбырдан кейін жайқалған гүлдердей көңілге көрік, айналаға көркемдік сыйлады. Туған жердің әр бұрышы көздің қарашығындай қымбат. Ал сол қасиетті мекенді күтіп-баптау – әр азаматтың перзенттік парызы. Жер-Анаға жасалған қамқорлық өз болашағыңа егілген мейірім дәні екенін ұмытпайық.
А.МОЛДАШЕВ