Қала экологиясын жақсарту мақсатында маңызды қадамдардың бірі жасалды.
Атап айтсақ, ауданда алғаш рет қылқанжапырақты ағаш түрлері егілді. Игі шара аудан орталығының үш бірдей нүктесінде жүзеге асып, ағаштар демеушілік арқылы отырғызылды.
Ағаш отырғызу шарасы мұнайлы аудан орталығының ауа сапасын жақсартуға және көгалдандыру жұмыстарының тұрақтылығын арттыруға бағытталды. Мамандардың сөзінше, жерімізге арнайы таңдалған ағаштар климатқа төзімділігімен, жыл он екі ай жасыл күйін сақтайтынымен, сондай-ақ экологиялық ортаны сауықтыру қабілетімен ерекшеленеді. Бұл туралы қалалық әкімдік аппаратының бас маманы Әзизхан Демесінов:
- Бұл бастама алдағы жылы да жалғасын табады. Әзірше қаламыздың үш нүктесіне, яғни, Әбдірахманов, Кенғанов және Ізтұрғанов көшелеріне отырғызылады. Жалпы есеппен 250 тал демеушілікпен егілді. Бұл ағаштар ауданымызға алғаш рет әкелінді. Сондықтан алдағы уақытта жақсы нәтиже күтеміз,-дейді өз сөзінде. Иә, ел болашағы – экологияның тазалығында. Бұл бастама – ауыл-аймақтың экологиялық келбетін жақсартып, жас ұрпаққа жасыл мұра қалдыруға бағытталған маңызды бастама болып отыр.
Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ



