Көгалдандыру көрсеткіш үшін жасалмайды

Апта басында облыстық экология департаментінің басшысы Асқар Жүсіпов, қоғамдық ұйым жетекшілері, қоғам белсенділері мен БАҚ өкілдері Құлсары қаласына ат басын тіреді. Мақсат – «Теңізшевройл» компаниясының аудан аумағында жүргізген көгалдандыру жұмыстарына қоғамдық бақылау жүргізу.

Олар аудан орталығының шеткі ықшам ауданы мен учаскелерінде орналасқан ТШО-ның қолдауымен егілген арнайы алқаптардағы жасыл желектерді барып, көзімен көрді. Онда «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мүдделі тараптармен және мемлекеттік органдармен қарым-қатынас бойынша кеңесшісі Нұрадин Өмірбаев келушілерді жалпы аудандағы «Игілік» бағдарламасы аясында қолға алынған жұмыстардың барысымен таныстырып, қазіргі көгалдандыру бағытындағы жобалардың жай-күйін де егжейлі-тегжейлі баяндады.

Бақылау барысында Құлсары қаласының аумағындағы егілген жасыл желектерді көзімен көріп, қолымен ұстаған «Атамекен ЭКО» қоғамдық қорының құрылтайшысы Арман Хайруллин экологиялық ахуалы нашар аудандағы көгалдандыру жұмыстары көлемінің әлі де төмен екендігін жасырмады. Оның айтуынша, бүгінгі күні қаламызда бар болғаны 40 гектарға жетер-жетпес жерге ғана тал егілген. Бұл қала аумағы үшін тым аз көрсеткіш. Сол себепті кемінде 4000 гектар жерге тал егу, көгалдандыру жұмыстарын жүргізу қажет деген нақты ұсынысын ортаға салды. Әрине, бұл мәселеге орай өңірдің қоғам белсенділері мен қаланың тұрғыны ретінде кәсіпкерлер де өз ой-пікірлерін білдіріп, жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасы мен ауқымын арттыру қажет екенін баса айтты. Себебі бұл – ортақ қаламыздың экологиясын жақсартып, келешек ұрпаққа таза ауа мен жасыл Құлсарыны аманаттау үшін жасалып отырған бірден-бір бастама.

Бұл ретте «Байтақ» жасылдар партиясының мүшесі Әли Сәменов те пікір қалдырып, өз ұсынысын ортаға салды. Ол әкімдік жер телімін берсе, тал еккісі келетін шағын мекемелердің көп екенін жеткізді.

-Бір жылдары мен аудандық қоғамдық кеңес мүшелігі құрамында болғанда «Олжа» мекемесіне хат жолдап, қаламыздың орталық көшелеріне орындықтар орнатып беруін сұрағанмын. Өтінішім аяқсыз қалмай, мекеме оларды урнасымен қоса қондырып кеткен еді. Кейін қала әкімдігі жаңа төсемтас төсейтін болып, бұл отырғыштың бәрін басқасына ауыстырды. Жақсы, өткен іс өтті. Алайда, сол кездегі қала әкімі Ернар Ысмағұлдан бастап қазіргі әкім Қадыржан Адиновқа да сол «Олжа» мекемесінің тал егуге ниетті екенін жеткізіп, жер телімін беруді сұрап келемін. Көріп тұрғаныңыздай, берілген жоқ. Мекеме өз аумағына ғана тал отырғызды. Ал «Рип Сера» мекемесіне ғана жер беріліп, олардың сол кездегі еккен талдары қазір жайқалып өсіп тұр. Неге осындай жақсылыққа жаны құмар, қаламыз үшін «болсын» деп тұратын жандарға қара жерді беру сонша қиын, түсінбедік. Десек те, қала басшылығынан әлі де үміт күтеміз. Ауданда «Олжа» сынды «Тал егеміз» деген мекеме көп. Соны да бір елеп-ескеріп қойсаңыздар,-деп бөлісті өз ойымен Әли Сәменов.

Иә, әрбір тал – болашақтың тынысы, табиғатқа салынған инвестиция! Соны естен шығармай ұмытпасақ, бүгін басталған жұмыс ертеңгі жасыл қаланың негізі болып қаланатынын жақсы білеміз. Сондықтан шағын шаһарымыздың гүлденуі мен жасыл желекке орануына бейжай қарамай, бір шыбық болса да шаншып кеткеніміз абзал-ау. Оған қоса қазақ «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген, расында да, адам артына қалдыратын игі істердің ең ұлысы – табиғатқа деген жанашырлық. Өскелең ұрпақ осы қағиданы санасына сіңіріп өсуі қажет.

Диана ІЗБАСАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT