Газетіміздің өткен санында «Теңіздегі жаңа арал» атты мақала жарық көрген еді. Онда «Кең Жылой» журналистері қарт Каспийде пайда болған арал жайлы зерттеуші ғалымдардың дерегіне сүйеніп, теңіздің жылдан жылға таязданып, тартылып бара жатқанына алаңдаушылық білдірген-ді.
Бұл мәселе өткен аптада Ресейдің Алтай Республикасының Манжерок қаласында өткен Бірінші Халықаралық экологиялық конференциясында да батыл көтерілді. Онда сегіз мемлекеттің Үкімет басшылары, атап айтқанда, Ресей, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғыз, Тәжікстан, Өзбекстан, Түркіменстан республикаларының Премьер-министрлері бас қосты.
Жиында мұздықтардың еруі және биоалуантүрлілікті сақтау мәселелерімен қатар қоршаған ортаны қорғау саласындағы заманауи технологияларды қолдану, су ресурстарын басқаруға инновациялық шешімдерді енгізу және трансшекаралық экотуризмді дамытумен бірге Каспий теңізінің таяздануы жайлы маңызды мәселелер талқыланды.
Еліміздің Премьер-министрі Олжас Бектенов өзге мемлекеттегі әріптестерін Каспий теңізінің тартылып, таязданып бара жатқанына баса назар аудартып, бұл проблеманы шешу үшін Каспий маңы мемлекеттері арасындағы аймақтық өзара іс-қимылды жандандыруға шақырды. Өйткені Каспийдің таяздану проблемасы аймақтың негізгі сын-қатерлерінің бірі екенін айрықша атап өтті.
- Теңіз деңгейінің төмендеуі 2000 жылдардың басынан бері байқалып келеді. Осы және өзге де проблемаларды зерттеу үшін Каспий теңізі Қазақ ғылыми-зерттеу институты құрылды. Өкінішке қарай, ғалымдардың болжамы көңіл көншітпейді. Осынау бірегей су айдынын сақтап қалу үшін Каспий маңын мекен еткен мемлекеттердің барлығының батыл үйлестірілген іс-қимыл әрекеті ауадай қажет,-деді Премьер-министр.
Су мәселесіне байланысты сөйлеген сөзінде Олжас Абайұлы Арал теңізінің ахуалына да назар аудартты. Күні бүгін Қазақстан «Халықаралық Аралды құтқару қорын» басқарады. Елімізде оны қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Айталық, Көкарал бөгеті нығайтылып, Сырдария сағасы қайта қалыпқа түсіп, балық саласын қолдау және бұрынғы теңіздің кеуіп қалған түбін көгалдандыру бағытында жобалар іске асырылуда екен.
Премьер-министр өз сөзінде мұздықтарды сақтауға бағытталған жұмыстардың да маңыздылығына тоқталды. Сарапшылардың болжауына қарағанда, 2100 жылға қарай Орталық Азиядағы мұздықтардың көлемі айтарлықтай кішірейеді екен. Осыған байланысты Қазақстан Президентінің бастамасымен Эр-Рияд саммитінде мұздықтарды зерттеу және қорғау бағытындағы күш-жігерді біріктіретін «Су мұнаралары серіктестігін» құру ұсынылды. Алматыда ЮНЕСКО қамқорлығымен құрылып, өңірлік зерттеулердің жетекші платформасына айналған Орталық Азиялық өңірлік гляциологиялық орталық жұмыс істеп тұр. Бұл ретте Қазақстанның су қоймаларын реттеуден бастап, суды есепке алуды автоматтандыруға дейінгі бірлескен гидротехникалық жобаларды іске асыруға дайын екендігі атап өтілді.
Премьер-министр Олжас Бектенов форум өтіп жатқан аймақтың символдық мәніне де назар аудартты. Расында да, еліміздің Үкімет басшысы атап өткендей, Алтай өлкесі - түркі өркениетінің бесігі, әрі мәдени-гуманитарлық өзара әріптестіктің маңызды элементі.
Өз тілшімізден