Табиғатты қорғау – қағаздағы есеп үшін емес, нақты іс үшін қажет. Соңғы жылдары «Таза Қазақстан» экологиялық тұжырымдамасы республика көлемінде кеңінен жүзеге асырылып келеді.
Бағдарлама аясында атқарылған шаруалар мен жеткен жетістіктер туралы жиі айтылып, жазылып та жүр. Алайда аудан көлеміндегі жағдай шын мәнінде көңіл көншіте ме? Қағаздағы көрсеткіш пен шынайы өмірдегі ахуалдың алшақтығын жою мақсатында аудан әкімінің міндетін атқарушы Нұрберген Утегеновтың төрағалығымен арнайы жиын өтті. Аппарат басшысы, дербес бөлімдер жетекшілері, ауылдық округ әкімдері мен мекеме басшылары қатысқан бұл басқосуда «Таза Қазақстан» бағдарламасының орындалу сапасы таразыға тартылды. Жиналыста кейбір мекемелердің жағдайы сын көтермейтіні ашық айтылды.
Алдымен аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекция-сы бөлімінің басшысы Нұрбол Жампейсов атқарылған істер жөнінде баяндама жасады. Ол сөзін құрғақ есеппен шектемей, фото деректермен дәлелді түрде жеткізді. Тұрғын үй аумақтарындағы санитарлық тазалық, көшелер мен жол жиегіндегі абаттандыру жұмыстары, қоқыс алаңдарының жағдайы слайд арқылы көрсетіліп, жиналғандарға нақты мысалдар ұсынылды. Алайда, көрнекі дәлелдерге қарамастан, аудан аумағындағы тазалықтың біркелкі деңгейде емес екені аңғарылды. Кейбір ауылдық округтерде жұмыстар жүйелі жүргізілгенімен, өз міндетіне салғырт қараған мекемелер де бар екендігі фотофактілерден анық байқалды. Осыған орай жиналыс барысында бөлім басшыларынан нақты түсініктемелер талап етіліп, олардың жұмысы сын тезіне алынды. Жиын барысында «Таза Қазақстан» бағдарламасының қағаз жүзіндегі көрсеткіштерге ғана сүйенбей, шынайы орындалуын қамтамасыз ету қажеттігі қатаң ескертілді. Ауылдық округ әкімдері мен мекеме жетекшілерінің жауапкершілігі талқыға салынып, тұрғындардың күнделікті тұрмысын жақсартуға бағытталған шаралардың әлі де жүйелі атқарылмай отырғаны айтылды.
Атап айтсақ, Аққыстау ауылындағы бірнеше көше тазалық талаптарына сай келмейтіні анықталды. Хисметуллин, Ынтымақ, Сейфуллин, Ғұбайдуллин көшелерінде балалар ойын алаңдары қараусыз қалған, қоқыс алаңдары уақытылы тазаланбайды, ал тұрғын үйлердің аумағында құрылыс материалдары жинаусыз жатыр. Х.Ерғалиев көшесі, теміржол маңы және Ихаров көшесінде де жағдай мәз емес: құрылыс жүріп жатқан нысанның қақпасы сынып, айналасы тұрмыстық қалдықтарға толып кеткен. Қаратүбек көшесінде қоқыс контейнерлері шашылып, жекелеген үйлердің жанында көлемді тұрмыстық қалдықтар жиналған. Тұщықұдық ауылында да кемшіліктер аз емес. Нарын, А.Ысмағұлов, Каримов көшелерінде қазылған жерлер қараусыз қалып, бос үйлердің айналасы ретсіз шашылып жатыр. Башпанов көшесі бойында жол жүру белгісі құлап тұрған, ал бір үйдің жанында көліктің бөлшектері қалдығымен қалған. Қараусыз қалған нысандар мен жекелеген аулалардағы үйінді тастардың өзі сын көтермейді. Ал Нарын ауылында Жаңа құрылыс пен Шұғыла көшелеріндегі үйлердің айналасы ретсіз тастарға толып, бос қалған ескі үйлердің жағдайы да көріксіз күйде. Исатай ауылында да санитарлық жағдай көңіл көншітпейді. Аулаларда қоқыс пен құрылыс қалдықтары жиналып қалған. Балалар ойын алаңдарының айналасы күтімсіз, ал ескі үйлер мен нысандардың сыртқы бейнесі талапқа сай емес. Зинеден ауылында да көрініс дәл осындай: тұрмыстық қалдықтар шашылып, құрылыс тастары мен қоқыс сыртқы бейнені одан әрі нашарлатып тұр. Ескі вагондар мен ретсіз қойылған тұрмыстық орындар ауылдың сәнін кетірген.
Жиын соңында аудан әкімінің міндетін атқарушы Нұрберген Мұратұлы нақты тапсырмалар жүктеп, жауапты тұлғалардың міндетін айқындап берді. Ең алдымен барлық ауылдық округ әкімдеріне ауылішілік балалар ойын алаңдарына бейнебақылау камераларын орнатып, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттелді. Бұл тұрғындардың, әсіресе балалардың қауіпсіздігі үшін аса маңызды қадам екені атап өтілді. Ал, Аққыстау ауылдық округінің әкіміне Ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімімен бірлесе отырып, ауыл ішіндегі баннерлерді уақытылы ауыстыру, сондай-ақ Өркен елді мекенінде салынып жатқан 60 пәтерлі тұрғын үй құрылысының қоршауын жаңарту тапсырылды. Сондай-ақ, Тұщықұдық ауылдық округінің әкіміне кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімімен бірлесіп, қараусыз қалған кәсіпкерлік нысандардың иелерін анықтап, тиісті ескерту беру міндеті жүктелді. Сонымен қатар ауыл ішіндегі тазалық жұмыстарын жүйелі жүргізу қажеттігі қатаң ескертілді. Жанбай ауылдық округінің әкіміне ауыл ортасында орналасқан ескі цис-тернаны орнынан алып тастау үшін оның иесіне хабарлама берілетін болды. Исатай ауылдық округінің әкіміне ауыл ішіндегі ескі ғимаратты бұзу жөнінде нақты тапсырма берілді. Аудандық білім бөліміне барлық білім беру ұйымдарының аумағын тазарту, мектеп айналасындағы санитарлық жағдайды ретке келтіру жүктелді. Сондай-ақ Ф.Оңғарсынов атындағы мектептің жанындағы ескі ғимаратты бұзу, Ж.Мырзағалиев атындағы мектеп ауласының артқы бөлігіне бейнебақылау камераларын орнату жұмыстары ұйымдастырылмақ. Төтенше жағдайлар бөліміне өртке қарсы күрес бөлімі ғимаратының сыртын қоршаған шарбақты жөндеу тапсырылды. Ал «ЖайықМұнайГаз» мұнай-газ өндіру басқармасына өзінің ғимараты мен айналасын тазалықтан өткізу міндеттелді.
— Тазалық пен тәртіп – ауданның абыройы. Әр мекеме, әр ауылдық округ өз жауапкершілігін сезінбейінше, «Таза Қазақстан» бағдарламасының мақсаты толық жүзеге аспайды,-деп түйіндеді сөзін Нұрберген Утегенов.
Иә, бұл ескерту орынды. Себебі тазалық пен тәртіпке немқұрайлы қарағандарға заң өз талабын қояды. Соңғы айларда аудан бойынша мұндай құқық бұзушылықтарға байланысты нақты шаралар қолданылып, тұрғындарға айыппұл салынды, ескертулер берілді. Бұл әр азаматтың жеке жауапкершілігін арттырып, қоғамдық орындардың тазалығы мен тәртібін сақтауға бағытталған маңызды қадам.
– Қоғамдық тәртіпті сақтау – әрбір азаматтың міндеті. Алайда соңғы уақытта ауланы, көшені және жалпы қоғамдық орындарды ластау деректері жиілеп отыр. Бұл өз кезегінде заң бұзушылық болып есептеледі.Аудан көлемінде сәуір айынан бастап осындай құқық бұзушылықтарға байланысты 20 іс қаралды. Оның ішінде ҚР ӘҚБтК-нің 434-2-бабы бойынша 8 іс, ал 505-бап бойынша 12 іс тіркелген. Нәтижесінде 5 азаматқа 434-2-бапқа сәйкес 18 460 теңге көлемінде айыппұл салынып, ол толықтай өндірілді. Сонымен қатар 15 іс бойынша азаматтарға ескерту түріндегі шара қолданылды. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-2-бабына сәйкес қоғамдық орындарды ластаған азаматқа ескерту жасалады немесе 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Егер бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл көлемі 10 АЕК-ке дейін ұлғаяды. 2025 жылы 1 АЕК – 3 692 теңге, сәйкесінше алғашқы айыппұл 18 460 теңгені құрайды, қайталанған жағдайда 36 920 теңгеге дейін жетеді. Учаскелік инспекторлар мен патрульдік полиция мұндай деректер анықталған жағдайда әкімшілік хаттама толтырады. Заңға сәйкес азамат айыппұлды 7 күн ішінде төлесе, оның жартысын ғана төлеуге құқылы. Ал төлемеген жағдайда іс сот орындаушыларына жолданады.Осы орайда тұрғындарға ескертеріміз: аулаға, көшеге қоқыс тастау – тек айыппұл емес, мәдениет мәселесі. Әрқайсымыз тазалыққа жауапкершілікпен қарасақ, ортақ үйіміз – ауылымыз бен қаламыз да таза әрі көркем болмақ,- деді аудандық Полиция бөлімі, жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы, полиция майоры Мақсот Амангерейұлы.
ТҮЙІН
Ауданымыздағы тазалық пен қоғамдық тәртіп – тек әкімдік есептерімен емес, әрбір тұрғынның саналы ісімен бағаланады. «Таза Қазақстан» бағдарламасы тек қағаз жүзінде емес, нақты нәтиже беруі тиіс. Соңғы жиын мен атқарылған шаралар көрсеткендей, кей аумақтарда әлі де кемшіліктер бар. Әрбір азамат өз ауласына, көшесіне, қоғамдық орнына жауапкершілікпен қараған жағдайда ғана ортақ үйіміз – ауылымыз бен қала көріктенеді, балаларымыздың қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі, заң талаптары толық орындалады. Тазалық – әркімнің міндеті әрі біздің ортақ борышымыз.
Жайна МӘЛІМҚОЖА