Бұл негізінен әр жердің табиғи ерекшелігіне де байланысты болары сөзсіз.
Жылдан-жылға өңірде түрлі салалар қарыштап дамыған сайын қоршаған ортаға орасан зор зиян келуде. Жылыойдағы өндіріс орындарының ауқымы кеңейіп, ірі кеніштерден пайдалы қазбалардың молынан өндірілуі ауданымыздың экологиясына теріс әсерін тигізбей қоймады. Қойнауымыз қара алтынға толы деп кеуде керіп, сыртқа жүнді қампайтып көрсеткенмен, табиғатымыздың тазалығы жағына келгенде ақсап тұрғанымыз жасырын емес. Қазіргі халіміз өте мүшкіл әрі аянышты.
Әрине, мұнай өндірілетін аймақтарда экологияның бұзылуы – заңдылық. Десе де сол алпауыт компаниялар әкелген кесапаттың орнын кім толтырмақ? Ең қынжылтарлығы, қазіргі таңда экологиясы ең нашар ауданда не қоршаған ортаны қорғауға алатын экологиялық бөлім не бірде-бір эколог маман жоқ. Әлде ең бай ауданның бюджетінде экология саласының мамандарына төленетін қаржы көзі табылмай отыр ма?
Табиғаттан қажетімізді жұлып-тартып алғанда мықтымыз, оны қорғауға келгенде қол қусырып отыратынымыз қалай? Ертеңгі күні өзімізге тиесілі деп отырған байлығымыз сарқылса, өндіріс орындарының да жұмысы тоқтайды. Шетелдіктер кетеді, зардабын тартып тағы да жергілікті тұрғындар қалады, лас экологияның құрбандарына айналады. Жер астындағы байлықты игеру басында аймақтағы орта және ірі кәсіпорындардың тұрғаны белгілі. Жергілікті жұртшылық қоршаған ортаның ластануына онсыз да наразылықтарын білдіріп келеді. Қоғам белсенділерінің тарапынан аталған мәселе әкімдердің есеп беру жиналыстарында жиі көтеріліп жүр. Тұрғындар өздерінің және балаларының денсаулығына қатты алаңдайды. Түрлі аурулардың жасарып бара жатқандығы да жалған емес. Жастар өлімі жиілеп кетті. Жыл сайын қатерлі ісік, өкпе, тыныс алу жолдары ауруларынан көпшілік адамдар өлім құшып жатады. Жылдың әр түрлі мезгілінде, ауа райының өзгеруі салдарынан аллергия, тері аурулары, қан қысымы дерттерінен зардап шегетіндерді былай қойғанда, нашар экологияның салдарынан бір перзентке зар болып жүрген отбасылар қаншама?! Туабітті науқас балалардың саны да тыйылар емес, керісінше көбейіп келеді. Бұған кім жауапты?
Қоршаған орта – табиғаттың бізге берген сыйы. Ал біз қоғам арасында дұрыс экологиялық түсінікті қалыптастыра алмай отырмыз деп қарапайым халық арасында дабыл қағушылар да баршылық. Солардың бірі, ардагер мұнайшы, байырғы эколог маман, қазіргі таңда «Жылыой табиғаты» экологиялық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Жылыой ауданының Құрметті азаматы – Асылбек Шыңғысов.
«Мен 1998-2008 жылдар аралығында облыстық Экология департаментінің Жылой ауданы бойынша бөлімшесін басқардым. Теңіз кеніші ашылып, атағы аспандап, өндіріс күш алған кез еді. Сол уақытта мен басқарған бөлімшеде бар болғаны 4 адам қызмет етті, бірақ жұмыс қарқынды жүріп жатты. Экология министрлігіне тікелей тәуелді болған соң біздің міндетімізде еңбек кодексінің талаптарына сай өндіріс-кен орындарының жұмысын қадағалау болды. Қазақстан Республикасы экологиялық кодексінің 14-бабында «Қоғамдық бірлестіктердің қоршаған ортаны қорғау саласындағы құқықтары мен міндеттері» жайында жазылған. Зейнеткерлікке қалған уақыттан бастап іске бел шеше кірістім. Қазірде қол астымдағы 10-ға жуық қызметкермен заң шеңберінде жұмыс жасап жатырмыз. Олардың қатарында ауылшаруашылығы саласы, өндіріс мамандары, еріктілер де бар. Барлығымыз жеріміздің табиғи байлығын қорғау барысында жұмыла еңбек етудеміз. Қазір Жылыой ауданы экологиялық қызыл қоршаудың ортасында қалдық. Жан-жағымыздың бәрі - зауыттар мен кен орындары. Жерасты байлығымыздың көп болғаны не керек, жеріміздің үсті құрдымға кетіп жатса. Осы мәселені алға тартып бұрынғы әкімдерге 2017-2019 жылдарда біраз ұсыныс хаттар жолдағанмын. Жауаптары да қолымда бар. Қоғамдық тыңдауларда да бас көтеріп жүрмін. Ауданымыздың экономикасының, ауыл шаруашылығының күретамыры – Жем өзені. Ал бүгінгі Жемнің жағдайынан аудан басшылары да, барша Жылыой халқы да, тіпті облыс, республика хабардар. Сонау Ақтөбе облысы, Мұғалжар тауынан бастау алатын, жүздеген жылдар бойы табиғат салып берген ізбен үздіксіз ағып келген Құр Жемнің арнасымен соңғы екі жылда қасқалдақтың қанындай ғана су келетін болып жүр. Ауданымызды гүлдендіреміз, Жем жағасын егістік алқапқа айналдырамыз деп аспандағы айды армандаймыз, осы қарқынмен кете берер болсақ жерімізде қураған қурайда қалмай ма деген қорқыныш-үрейімнің бары да өтірік емес. Совет үкіметі кезінен күні бүгінге дейін Мұғалжар сілемдері қопарылып, қиыршықтас өндіріліп келеді, яғни бұлақ көздері бітелгенге ұқсайды. Осы жайтты анықтау мақсатында былтырғы аудан әкімі қызметін атқарған Азамат Бекеттің қолдауымен арнайы экспедициялық топ құрылып, зерттеуге аттанды. Асығыстау болды ма, сол экспедицияның соңы аса нәтижелі болмады. Қоршаған ортаның жағдайы күрт нашарлап, өзгеріске ұшырағаны сондай, табиғатта бізге зәрін төгіп, ашуға бой алдырып, жауын-шашынын қызғанып қалған сыңайлы. Бұған кінәлі біз - адамдар. Қолымызда бардың қадірін білмей, астамшыл күйге еніп кеттік. Енді қараңыз, бір-біріне жалғасқан өзен арналары әкеліп, қаланың шетіндегі Қамыскөлге құятын еді, ол да жоқ. Жемнің суы тартыла бастап еді, көліміз көлшікке, әрі-беріден соң батпаққа айналып келеді. Оның үстіне адамы, жан-жануары бар барлығымыз бірлесіп осы көлдің құрып кетуіне ықпал етіп жатқандаймыз. Қамыскөл қазір тірі жанның қарауынсыз қалған, қамқорлықсыз жетім көлге айналып барады. Бұл жағдай көптің ойына кіріп те шықпайды. Суасты балықтарының да көздері жойылып бара жатыр. Сырт көзге білінбегенмен аса трагедиялық жағдай ғой. Қолымызды кеш сермемесек болғаны. Сондай бір маңызды мәселелердің бірі – бұл қаланың іші-сыртында, жерде жайылып жатқан кәріз сулары. Негізінен, жоба бойынша 20 мың куб айдалуға тиіс еді. Қоғамдық тыңдауларда 5 мың кубқа арналған кәріз суы қондырғысына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуі үшін шаралар қолданылып жатқандығы еміс-еміс айтылып қалып жатады. Енді осыны жүзеге асыруда буландыру алаңдарында жобаға енгізу керек. Аудан көлеміндегі бүкіл жерасты бұрғылау алаңдарынан шыққан қою, сұйық қалдықтар (буровой шлам) қаламыздың жиегіндегі оңтүстік-шығыс полигонға орналастырылған. Жолың түсіп, жақын маңнан өте берсең, қолқаңды ататын, танауыңды тесетін өте жағымсыз иіс шығады. Көлдей болып жайылып жатырған лай суды тұрғындардың ақ адал еңбекпен өсіріп отырған малы ішеді. Сол төрт түлік малдың етін, сүтін халық өздері ішіп-жейді. Айналып келгенде адамдар өз тұла бойынан шығатын лас қалдықтарды ішер ас ретінде тұтынып отыр деген сөз ғой. Менің табиғатқа жаным ашығандығы сондай, қай жерде болмасам да ерінбей-жалықпай қозғап келемін осы тақырыптарды. Тыңдаушы құлақ табылғанымен, ұсыныстарыма мардымды жауап ала алмай отырмын» дейді зейнеттегі эколог маман.
Жылыойдан өзге аудандар мен облыстарға бара қалсаң, жерлері көкшіл тартып, жайқалып, көздің жауын алады. Жасыл желекке оранып тұрады. Бұл негізінен әр жердің табиғи ерекшелігіне де байланысты болары сөзсіз. Дегенмен де, біз өз қолымызбен құртып жатқан асыл табиғатымыздың да сұрауын өтеуіміз керек емес пе? Өзен сарқырап ағып, жері жасыл алқапқа айналар күн туар ма екен Жылыойға?! Саф ауасымен тыныстап, мөлдір бұлағынан ұрттап, қашан шөлімізді басамыз? Бұл бәріміздің де көкейімізде тұрған көп сауалдың бірі болса керек. Ендеше осы көңіл қуантарлық сәтті күллі аудан халқы асыға күтетін болады.
Мал өрбітіп, жерін кеңейтіп, тарихын тау-тасқа таңбалап, жер асып, қыр көшкен қазаққа табиғат ана аса қастерлі деп ойлаушы едік, қателесіппіз! Күндердің күнінде тіршіліктің нәрі бітіп, барымыз қолымыздан сусып аққанда ғана есімізді жимасақ болғаны. Алдағы уақытта тұрғындар тарапынан да, билік басындағы азаматтардан да табиғатымызды жақсартуға деген оңтайлы шешімдер күтеміз.
Ш.Хамитова