Экологиялық мәдениетті қалыптастыру маңызды

Мемлекет басшысының бастамасымен бастау алған республикалық «Таза Қазақстан» акциясы еліміздің түкпір-түкпірінде қарқын алып, экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартуға тың серпін берді.

Бұл бастаманы жылыойлықтар да қолдап, әсіресе Құлсары қаласында белсенді жұмыстар жүріп жатыр. Шағын шаһардың санитарлық тазалығын жақсарту, рұқсатсыз сауда мен бейберекет нысандарды жою, абаттандыру ережелерін сақтау бағытында ауқымды іс-шаралар жүзеге асуда.

Жуырда қала әкімдігі мен аудандық полиция қызметкерлерінің қатысуымен Құлсары қаласы аумағында санитарлық тазалық жұмыстарына түсінік жұмыстары жүргізілді. Қала әкімдігінің ресми парақшасының ақпаратына сүйенсек, жалпы саны 756 нысан араланып, заң бұзушылық фактілері анықталды.

Нәтижесінде тұрғындарға 154 ауызша ескерту берілсе, 569 нысанға хаттама толтырылды. Оның ішінде 238 хаттама полиция өкілдері тарапынан рәсімделсе, 318 хаттама мекемелер тарапынан тіркеліп, 13-і кәсіпкерлік нысаннан толтырылды. Қазақстан Республикасының ӘҚБтК 505 бабының 1 бөлігі, яғни «Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру» бойынша 318 хаттама ашылды. Бұл бапта қалалар мен елді мекендерді абаттандыру қағидаларын бұзып, жасыл желектерді жою немесе бүлдіру секілді әрекеттер үшін жауапкершілік қаралған.

Заңсыз контейнерлер алынды

Қаланың көрікті келбетін сақтау және қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Құлсары қаласы аумағында заңсыз орнатылған контейнерлерді анықтау және жою жұмыстары да жүрді. - «Бұл шаралар – қала аумағын ретке келтіруге, көшелердің келбетін бұзып тұрған нысандарды жоюға және бейберекет саудамен күресуге бағытталған»,- дейді аудандық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Бүгіннің өзінде бірнеше контейнер мен темір гараждар алынып, иелеріне ескерту берілді. Жергілікті әкімдік пен тиісті органдар бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруда.

Мұндай шаралар арқылы қоғам экологиялық мәселелерге бейжай қарамай, табиғатты аялауға, ұрпаққа таза орта қалдыруға ұмтылуы тиіс. Қала тазалығы – мәдениетіміздің айнасы. Аудан тұрғындары осы бастамаларға белсенді қатысып, туған қаламызды таза, жайлы әрі көрікті етуге өз үлестерін қосып келеді.

Тазалық баршамызға ортақ іс екенін ұмытпаған жөн.

 

А.ЖҰМАБАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT