ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты Халықаралық қауіпсіздік бөлімінің басшысы Дәурен Әбен елімізде АЭС салу мәселесіне қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Оның айтуынша, Қазақстанда атом электр стансасын салу мәселесі шынымен де біздің қоғамда көптеген пікірталас тудыруда. Талқылау энергетикалық тәуелсіздік, АЭС-тың жұмыс қауіпсіздігі, экологиялық қауіпсіздік, экономикалық тиімділік, саяси негізділік және т.б. факторлардың төңірегінде өрбіп жатыр. Семей полигонындағы ядролық сынақтардың қасіретті мұрасын және Чернобыль АЭС-дағы апат салдарын жоюдың қайғылы тәжірибесін ескерсек, Қазақстан тұрғындарының алаңдаушылығын түсінуге болады. Атом энергетикасына қатысты пессимизм Жапониядағы «Фукусима-1» АЭС-та болған ауқымды табиғи және техногендік апаттан кейін күшейе түсті. Дегенмен, сол апаттың нәтижесінде халықаралық қауымдастық ядролық қауіпсіздікті барлық аспектілерде қамтамасыз етудің жаңа тәсілдерін қабылдады. Бірақ АЭС жобасының төңірегінде азаматтардың атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану туралы хабардарлығының төмендігінен туындайтын негізсіз үрей мен фобия әлі де көп екенін атап өту керек, - деді бөлім басшысы. Дәурен Әбеннің ойынша, бейбіт атом энергетикасының әлеуетін пайдалану біздің елімізде ұлттық экономиканың жаңа жоғары технологиялық секторын құруға мүмкіндік береді. Сондықтан жалпы алғанда, бөлім басшысы Қазақстанда АЭС салуға қарсы емес екенін айтып жеткізді. Алдағы референдумда ел азаматтарының басым бөлігі АЭС құрылысын қолдап дауыс берсе, Қазақстанда қауіпсіздік жүйесі күшейтілген 3+ буынына жататын заманауи ядролық реакторлар орнатылған АЭС салынады. Оны салу кезінде анағұрлым озық және қауіпсіз технологиялар мен материалдар, жаңартылған және сенімді қорғаныс құралдары мен энергия көздері пайдаланылады. Бұл «адам факторының» әсерін және апат ықтималдығын барынша азайтады, - деді ол. Бөлім басшысының сөзінше, бұл мәселеде мемлекеттің бірінші кезектегі міндеті АЭС салу емес, Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз ету екенін түсіну маңызды. Осы міндеттің өзектілігі көршілес елдерден электр энергиясын қымбат бағаға сатып алу есебінен жабылатын ел экономикасы мен халқының энергияға сұранысының артуынан пайда болған электр қуатының жетіспеуімен, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған генерация нысандары мен электр желілерінің әбден тозуымен байланысты. Энергетика саласы мамандарының пікірінше, атом энергетикасы бірқатар объективті факторлардың, соның ішінде ауа райына тәуелді болмауы арқасында, бүгінгі күні дәстүрлі сарқылатын энергия көздеріне жалғыз ұзақ мерзімді және тұрақты балама болып қала береді. Сондықтан отандық энергия өндіру қуатын кеңейту және елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында үкімет АЭС салуды таңдап отыр, - деді Дәурен Әбен. Бүгінгі таңда Қазақстанда орнатылған энергия шығаратын нысандардың 80%-дан астамы қазба отынмен жұмыс істейді. Ал электр энергиясының 70%-дан астамы көмірмен жұмыс істейтін жылу электр станцияларында өндіріледі. Мұндай станциялар парниктік газдардың, оның ішінде ауыр металдар мен радионуклидтердің, көп мөлшерін атмосфераға шығаратыны айтпаса да түсінікті. Нәтижесінде Қазақстан жалпы ішкі өнім бірлігіне келетін парниктік газдар шығарындылары бойынша әлемде алғашқы орындарда тұр. Көмірқышқыл газды мейлінше аз шығарып энергия өндіретін АЭС құрылысы елдегі экологиялық жағдайды жақсартуға және біздің елімізге көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі халықаралық міндеттемелерін орындауға көмектеседі. Сонымен қатар АЭС арқылы энергия көздерін әртараптандыру елдің өндірістік және ғылыми-техникалық әлеуетін нығайтады: жоғары технологиялық салаларды, оның ішінде қосылған құны жоғары ядролық өнімдерді өндіруді, және ядролық медицина сияқты салалардағы зерттеулер мен инновацияларды дамытуға мүмкіндік туғызады, - деді бөлім басшысы».
Дәурен Әбен: АЭС салу – энергетикалық тәуелсіздікке жеткізеді
- Информация о материале
- Read Time: 1 min
- 207