Бес бөтелке – бір балмұздақ

Елімізде қолға алынған “Таза Қазақстан” жалпыұлттық экологиялық акциясы - табиғатты қорғау ісінде қоғамның бірлігін, ел азаматтарының ортақ жауапкершілігін айқын көрсететін ауқымды бастама. Бұл шара еліміздің әр өңірінде қоршаған ортаны тазарту, жасыл желекті көбейту, су айдындарын қалпына келтіру және қоқыс мәселесін шешу мақсатында ұйымдастырылуда. Акция аясында қалалар мен ауылдарда сенбіліктер өткізіліп, орман-тоғайлар мен өзен-көл маңдары қоқыстан тазартылып, жаңа көшеттер отырғызылуда. Мұндай игі қадам табиғаттың сұлулығын сақтап қана қоймай, болашақ ұрпаққа аса құнды экологиялық көзқарасты қалыптастырудың негізі болары сөзсіз.

Бүгінде “Таза Қазақстан” республикалық акциясы еліміздің барлық аймағында жалғасын тауып, жалпыхалықтық эко-челленджге айналды. Бұл игі іске ерікті жастар мен белсенді студенттер ғана емес, түрлі мекеме қызметкерлері мен шығармашылық өкілдері де белсене атсалысуда. Қоршаған ортаны қорғап қана қоймай, қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру және табиғатқа жанашырлықпен қарау үрдісін өмір салтына айналдыруды көздеген бұл бастаманың ауқымы күн өткен сайын кеңейіп, әр азаматтың бойында “тазалық өзіңнен басталады” деген терең түсінік орнығуда.

Дәл осындай мақсатпен ауданымыз да бұл ізгі істен қалыс қалмай, табиғат аясын тазарту мен абаттандыру жұмыстарына белсене кірісті. Еріктілер, мектеп оқушылары, мекеме қызметкерлері мен ауыл тұрғындары бірлесе еңбек етіп, көшелер мен саябақтарды, өзен-көл жағалауларын қоқыстан тазартып, туған өлкенің көркін арттыруға өз үлестерін қосуда.

Айта кетерлігі, қаламыздың «Достық» саябағында “Бес пластикалық бөтелке әкелсең – сыйлыққа бір балмұздақ” атты ерекше әрі көңілді экологиялық акция өтті. Шағын ғана бастама балаларға үлкен қызығушылық пен қуаныш сыйлады. Саябаққа асыға жеткен балғындар қолдарына ұстап келген бес бөтелкесін ұйымдастырушыларға тапсырып, орнына тәтті балмұздақ алды. Жүздерінен шаттық нұры төгілген балалар бір жағынан қоршаған ортаны таза ұстауға үлес қоссa, екінші жағынан жаздың аптап күнінде салқын балмұздақтың дәмін татып, нағыз қуанышқа бөленді.

Аудандық Жастар ресурстық орталығының басшысы Дана Баймағамбетова:

- Мұндай акциялар балаларға ерекше атмосфера мен керемет көңіл-күй сыйлайды. Соны еске ала отыра, алдағы уақытта да өз жалғасын табады деген сенім мол. «Тәрбие – тал бесіктен» дегендей, әр бөбекті кішкентай кезінен қаламызды таза ұстауға үйретсек, ауданымыз ажарымен ғана емес, тазалығымен де көздің жауын алар еді,-деді өз сөзінде.

Расында, мұндай қарапайым, бірақ мағыналы шаралар жас ұрпақтың бойында табиғатты аялау әрі құрметтеу сезімін қалыптастырады. Ал “Таза Қазақстан” акциясы – ұрпақ алдындағы жауапкершілік. Бұл игі бастама еліміздің дамуына, тұрғындардың тазалыққа деген әдетін қалыптастыруға және қоршаған ортаны қадірлеуге айрықша үлес қосады. Осындай шаралар арқылы әр азамат өзінен бастап қоғамда экологиялық мәдениетті нығайтып, болашақ ұрпаққа таза, жайлы және салауатты орта қалдыруымыз тиіс.

Ә.ҒАЛЫМЖАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT