Каспий теңізінің түбінен 26,5 тонна балық аулауға арналған торлар алынды. Бұл туралы Атырау Мұнай және газ университетінің 65 жылдығына арналған "Каспий тынысы" халықаралық ғылыми конференциясында белгілі болды.
2014-2023 жылдар аралығында Солтүстік-Шығыс Каспий теңізінің 500 шаршы шақырымнан астам аумағы балық аулау торлары мен басқа да теңіз қоқыстарынан тазартылды.
ТШО-ның аға эколог-маманы Игорь Сангайло айтқандай, Каспий теңізінің биоалуантүрлілігін сақтау мақсатында 2014 жылдан бастап су қоймасының түбінен барлығы 900 тор немесе 26,5 тонна, сондай-ақ 19 тонна теңіз қоқыстары алынып тасталды. Сонымен қатар, торлардан 58 тірі бекіре және 15 тірі итбалық босатылды.
- Өздеріңіз білетіндей, балық аулауға арналған алып торлар - Каспий итбалығы популяциясының азаюына әсер ететін ең күшті теріс факторлардың бірі. Өйткені, итбалықтар торларға оралып қалады да, уақыт өте келе бәрібір өледі. Өкінішке орай, біздің зерттеу нәтижелері бойынша , теңіз астында мұндай аулар өте көп, сондықтан біз осы бағытта Маңғыстау облысының бірқатар мемлекеттік органдарымен ынтымақтастықта жұмыс істеп отырмыз, - деді Игорь Сангайло.
Еске сала кетейік, 2017 жылы ТШО компаниясы кен орнының жобалық аумағынан тыс жерлердегі балық аулау торларын тазартау мақсатында Баутино шығанағы мен итбалық аралдарында 4 апталық пилоттық миссия ұйымдастырған болатын.
2019 жылы ТШО тастанды балық аулау торларын жинауды ұйымдастыруды жалғастырды және бағдарламаны Қазақстан Республикасының Үкіметімен және үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтастықта Солтүстік-Шығыс Каспий теңізінің басқа аудандарына кеңейтті.