АЭС-тің пілдей пайдасы болмаса, зілдей зияны жоқ

АЭС салу - өте маңызды мәселе. Мысал келтірейін, Қазақстандағы электр энергиясын тұтыну көлемі 2023 жылы 115 миллиард кВт/сағат болды. Оның 3,4 млрд. кВт/сағатын сырттан сатып алдық, яғни импорттадық. Қазіргі болжам бойынша егер осылайша қол қусырып отыра берсек, бұл дефицит көлемі жылма-жыл өсе беретіні түсінікті. Қолданыстағы көмірмен жұмыс істеп, әбден тозығы жетіп тұрған жылу электр станцияларының да жағдайы өте мүшкіл. Сондықтан, олардың энергетикалық қуаты жыл санап төмендеген сайын энергия өндіру көлемі де азая береді.

Бұл жерде Қазақстанға төнетін қауіп – мынау. Мысалы, былтыр бізге 3 миллиард кВт/сағаттай энергия импорттауға Ресейдің мүмкіндігі болды. Егер көрші елде де энергия тұтыну көлемі жыл сайын өсіп келе жатқанын ескерсек, келесі жылы Қазақстанға беретін энергияның импорттық көлемін азайтуы да мүмкін. Ондай жағдайда Қазақстан Үкіметі электр жарығын тұтынушыларға сағатпен беру, тіпті кейбір өндіріс ошақтарының жұмысын тоқтату сияқты мәжбүрлі шараларға бару қаупін ескерген жөн.

Тағы бір қауіп – импорттаушы тарап бізге беретін энергияның бағасын қымбаттатуы ықтимал. Оған біз ешқандай тойтарыс бере алмаймыз, сату бағасы жөнінде ұсыныс-талап та қоя алмаймыз. Себебі, кісідегінің кілті – аспанда. Сондықтан, сырттан келетін энергияның бағасы жылма-жыл өздігінен өсе береді деген сөз. Бұған ешкім кепілдік бермейді.

Мысалы, былтыр 100 миллиард теңгеге жуық қаржы шығындап сатып алған 3,4 млрд. кВт/сағат энергияның әр кВт/сағатын бізге шамамен 29 теңгеге бұлдапты. Ал, біздің елдегі ең ірі станцияның өнім бағасын алып қараңыз, Екібастұздағы ГРЭС-1 кәсіпорны өндірген энергияның әр кВт/сағатының құны – небары 8,05 теңге ғана. Яғни, импорттық энергия жергілікті өнімнен үш-төрт есе қымбат!

Демек осындай қауіптерді жою үшін бізге атом электр станциясы ауадай қажет. Бұл тәсілмен алынатын қуатты Еуроодақ, басқа да халықаралық ұйымдар «жасыл» энергетикаға жататын электр энергиясына теңестірді.

АЭС өндірген электр қуаты – базалық электр энергиясы. Ол әлемде солай дәлелденген, пайдалы әсер коэффициенті (ПӘК-КПД) – 90%-ға дейін. Тәулік бойы жұмыс істеп, өнім береді.

Бағасы да көмірдің құнындай құбылмалы емес. Оның үстіне ядролық отынды қазір Қазақстанның өзі өндіріп жатыр. Демек АЭС дәстүрлі станцияларға қарағанда, кемінде 60 жыл жұмыс істейді. Қажеттілігіне қарай пайдалану мерзімін 100 жылға дейін созуға болады. Құрылысқа жұмсалған шығын ақталған соң тариф құны да жылма-жыл қымбаттамайды, керісінше тұрақталады. Әрине, инвестор белгілі бір уақытта өз шығынын өтеп алған соң АЭС толықтай Қазақстанның иелігіне өтеді.

Қазір біз пайдаланып отырған отандық электр станцияларының 70% пайызға жуығы көмірмен жұмыс істеп тұр. Өкінішке орай оның жаңасын салу жобасын қаржыландыруға ешкім келіспейді, бұл айдан анық. Бүгінде Еуропа елдері, керек десеңіз, Қытайдың өзі мұндай тиімсіз жобалардан ат-тонын ала қашады. Себебі, Қазақстандағы көмір электр станциялары түгелге жуық өткен ғасырдың 40-50-жылдарында салынған, әбден титықтап тұрған гиганттар – шығыны көп, тиімділігі өте аз.

Қазір мұндай жобаға келісім беріп отырған тек Ресей Федерациясы ғана, Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларынан жылу электр станцияларын салып бермекші. Қалай десек те, атом электр станциясының құрылысын салу Қазақстан үшін өте тиімді жоба болғалы тұр. Қазір Қазақстаннан АЭС салуға төрт үміткер бар, олар – Оңтүстік Корея, Қытай, Франция және Ресей. Референдум өткен соң конкурс жарияланып, соның нәтижесіне байланысты үміткерлер өз ұсыныстарын пысықтайды да, солардың арасынан іріктеледі. Іріктеуде реакторы, қуаты, қауіпсіздігі, мерзімі, т.б. көптеген факторлар жан-жақты сараланады деп ойлаймын.

Әлемдік тәжірибеде АЭС құрылысы өте күрделі. Ең басты мәселе – қауіпсіздікке байланысты, бұл тек Қазақстанның құзырындағы шаруа емес. Мұндай күрделі құрылыстың салыну барысын халықаралық атом энергиясы жөніндегі агенттік – МАГАТЭ дүние жүзіндегі ең мықты атом мамандары жұмыс істейтін өзінің салалық комитеті арқылы жан-жақты әрі мұқият қадағалап отырады. Олардың қоятын талаптары да қатал. Құрылыс аяқталғаннан кейін де олардың қадағалайтын критерийлері бар.

Қазір әлемде 3 және 3+ буындағы реакторлар ең қауіпсіз құрылғылар деп саналады. Бүгінде осындай реакторлар 30 шақты мемлекетте жұмыс істеп тұр. Күні бүгінге дейін олардың ешқайсысында апатты жағдай болған жоқ. Сондықтан, күмән келтіріп, қауіптену орынсыз деп ойлаймын.

...Жапониядағы Фукусима атом электр станциясы 1966-1971 жылдары, Украинадағы Чернобыль станциясы 1971-1977 жылдары салынған. Ол кездегі технология мен қазіргінің айырмасы жер мен көктей. Жабдықтар ескірген, екі апатта да адами факторлар кездеседі.

1986 жылғы 26 сәуірдегі Чернобыль апатына станцияның IV энергоблогындағы әбден ескірген реактордың құлап кетуі себеп болған. Ал, 2011 жылы 11 наурызда Жапониядағы жойқын жер сілкінісінің соңы мұхиттан соққан цунами толқындарына ұласып, Фукусима станциясында апат болғанда оған автоматты жүйе түгілі, адами фактордың да күш-қабілеті жеткен жоқ. Бір өкініштісі, сол кезде оларда тіпті 1 буынды технология да жоқ болатын.

Ал, қазіргі 3 және 3+ буынды реакторлар сапасының жоғарылығы соншалық, екі контурлы су-сулы қондырғыларда апат қаупі туындай қалса, реактордың апатты тетігі адамның қатысынсыз-ақ автоматты түрде іске қосылып, реакторды өзінен-өзі суытады да, толық процесті өздігінен басқарып отырады. Бүкіл дүние жүзінде осындай қауіпсіздігі ең жоғары озық технология қолданылып жүр.

Иә, бұған дейін тәжірибеміз болмаған соң «қалай болып кетер екен?» деп халықтың үрейленетінін жоққа шығаруға болмас. Оның үстіне кейбір адамдар жаны ашығансып, өздерінше «халықтың жағдайын ойлап», «экологиялық қауіпсіздікті ойлап», елді дүрліктіріп «хайп қуып» жүр.

Бірақ әлемнің дамыған елдеріндегі тәжірибеге ой жүгіртіп көру керек. Қаншама атом электр станциясы салынып, оны пайдаланып жатыр емес пе?! Әрине, көбінесе Германиядағы ахуал алға тартылады. Бірақ оны сол елдегі «Жасылдар» партиясының саяси ойыны ретінде қарау керек шығар. Тіпті, оны дұрыс дейік. Алайда, МАГАТЭ-ның статистикалық мәліметі бойынша сағатына өндірілген 1 кВт энергияны өндірістік шығарындылары – 366 грамм. Ал, Францияда бұл көрсеткіш – небары 57 грамм. Сонда салыстырып көріңіз, қайсысы ұтымды?! Қоршаған ортаға зиянын тигізіп отырған Германия ма, Франция ма?..

Оның үстіне былтыр Германияда жаңартатын энергия көздерінен алынған қуат сұранысты өтей алмады. Мысалы, желдің жылдамдығы баяу, күннің көзі аз түсті, тағы да басқа факторлар салдарынан Германия Франциядағы АЭС-тің өнімін импорттап алуға мәжбүр болды.

Мен әлемдегі екі АЭС-ті аяқтай барып көрдім. Оның бірі – Жерорта теңізінің жағалауындағы Түркияның «Аккую» атом электр станциясына екі жыл бұрын бардым. Ондағы ресейлік ғалымдардың жетекшілігімен салынып жатқан 4 реактордың алғашқысы жуырда іске қосылуы тиіс. 2010 жылы Ресей мен Түркия үкіметтері қол қойған арнайы келісім аясында ресейлік «Росатом» корпорациясы 2018 жылы құрылысты бастапты. Қазір 4 энергоблоктың да құрылысы жүріп жатыр.

«Аккую» – Түркия үшін тұңғыш, әлемдегі ең үлкен атом электр станциясы. Аумағы 10 шаршы шақырымнан асатын станцияда шамамен 34 мың адам жұмылдырылып, құрылыс жұмыстары күндіз-түні тоқтамайды. Онда бетон мен арматура өндіретін зауыттардан бөлек, тікұшақ қонатын алаң мен жүк түсіретін кеме айлағы бар. Құрылыс басталғалы мұнда туристер де көп келетін көрінеді. Себебі, бұл станция Анталья мен Аланияға өте жақын.

Одан бұрын Чехияның Темелин АЭС-індегі жағдаймен таныстым. Ол Австриямен шектесетін жерге 1985-2002 жылдар аралығында салынған екі энергоблок екен, ішіне кіріп аралағанда радиациялық қаупінің де, қоршаған ортаға тигізіп жатқан зардабының да жоқ екеніне көзім жетті. Мұның құрылысы басталған кезде австриялықтар қарсы болып, біраз текетірестер болыпты. Кейін станция пайдалануға тапсырылған соң өздері де рахатын көріп, жұмыс орны, электрмен қамту тәрізді түрлі әлеуметтік мәселелердің шешілуіне ықпал еткен соң Австрия тарапы бастапқы райынан қайтқан. Чехияда бұдан басқа 4 энергоблоктан тұратын Дукованы АЭС-і де жұмыс істеп тұр, ол 1974-1985 жылдары салыныпты.

АЭС құрылысы шамамен он жылдай мерзімге созылады. Себебі, келісім-шартқа қол қоюдың өзі біраз уақыт алуы мүмкін. Сосын жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалады. Өйткені, бұл процедуралық жұмыстарды тек Қазақстан билігі ғана шешпейді, жоғарыда айтқандай, МАГАТЭ агенттігінің қатаң қадағалауымен жүзеге асады. Ал, нағыз кәсіби құрылыс жұмысы 7-8 жылдай жүреді деп ойлаймын. Бұған Түркиядағы Аккую станциясындағы құрылыс жұмысы айқын дәлел. Бұл жерде сұраныстың артуы деген мәселе бар. Қазақстанда 2035 жылға дейін энергия тұтыну көлемі жылына 150 миллиард кВт/сағатқа дейін өседі деген болжам бар. Ал, бізде салынуы тиіс станцияның қуаты – 2,4 ГВт, бұл мөлшер біздің елдегі тапшылықты толық өтей алмайтыны сөзсіз. Менің ойымша, болашақ АЭС жобасы екі энергоблок емес, бірден төрт энергоблок деп есептелуі тиіс. Немесе 2035 жылға дейін алғашқы екі блокты салып бітірсе, қалған екеуінің құрылысын жалғастыра берген жөн деп ойлаймын. Республика Энергетика министрлігінің қазіргі болжамы бойынша, Қазақстан Республикасының 2035 жылдарға қарайғы энергияға сұранысын 4 блоктан тұратын атом электр станциясы толық өтейді. Қазір еліміздегі энергия тұтыну көлемі 115 миллиард кВт/сағат болса, ол кезде 150 миллиард кВт/сағат болуы межеленіп отыр. Екі энергоблоктың өндірістік қуаты жылына 15-20 млрд. кВт/сағат, оған тағы екі блок қосылса екі есе көбейетіні күмәнсіз.

Дүйсенбай ТҰРҒАНОВ,

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты,

АЭС құрылысын қолдау жөніндегі халықтық штабтың мүшесі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521