Жылыой ауданының мұңы немесе дәрігер неге тапшы?

Денсаулығымыз сыр беріп, бас ауырып, балтырымыз сыздағанда маңдай тіреп баратын мамандық иелері – медицина саласының мамандары екені белгілі.

Ауруы жанға батқан жандар жанұшырып дәл осы дәрігерлердің көмегіне жүгінеді. Ал ауырдым дегенше, сарсаңға түстім дей беріңіз. Алдымен ұзын-сонар кезекке тұрып, тиісті маманға қаралуға зорға дегенде мүмкіндік аласың.  Ал кейде сол  іздеп келген дәрігер орнында жоқ болып шығады. Сырқат жаныңа батып бір қиналсаң, солай өзіңе керек  маманға қолың жетпей екі қиналасың. Солай арада біраз уақыт өтіп, аурудың меңдеп алғанын   байқамай да қаласың. Кейде кейбір медицина мамандары сіз тұратын мекенде мүлде болмайды. Яғни, емханаларда кадр тапшылығы мәселесі өткір.

Амалдың жоқтығынан науқас өзге қалаларға барып, өз қаражатына, жеке клиникаларға тексерілуге  мәжбүр болады. Ал жекеменшік клиникалардың ақысы қымбат. Ол қалаларға баруға жолақы, жолға кететін олай-бұлай шығындарын қосқанда бұл тіптен «жығылғанға- жұдырық». Онсыз да не жұмыс таба алмай, не бағасы күн санап аспандап бара жатқан тауарларға ақшасы жетпеген жұрттың шақшадай басы шарадай болмағанда қайтпек?! Сондайда, шіркін, жер асты байлығына толы ауданымызда неге заманауи озық медицина орталығы жоқ? Неге дәрігер мамандар тапшы?-деген сұрақтар келеді еске. Жалпы, жылойлықтар көрмек түгілі атын да естіп көрмеген медицина мамандары бар екен. Олар: аллерголог-иммунолог, андролог, бактериолог,вертебролог, гематолог, гериатр (геронтолог), гирудотерапевт, гомеопат, диетолог, кинезитерапевт, комбустиолог, миколог, нейрохирург, неонатолог, нефролог, нутрициолог, подолог, проктолог , пульмонолог, радиолог, реабилитолог, рефлексотерапевт, сексолог (сексопатолог), спорттық дәрігер,токсиколог, фониатр,эмбриолог, эфферентолог. Жә, осынау мамандарды былай қойғанда халыққа ең керекті деген мамандықтардың өзі ауданымызға аса қат болып тұр.

Жалпы білікті де, тәжірибелі мамандардың жетіспеушілігі - отандық медицинаның басты проблемасы, ең көлеңкелі тұсы. Мұндай олқылықтар жылыойлықтарды да айналып өткен жоқ. Әлеуметтік желілерде халық тарапынан аудан медицинасына тағылар айып көп. Әрине, осынау дәрігерлердің арқасында сырқатынан айығып, алғыс айтып жатқандар да аз емес. Дегенмен, «халық айтса, қалып айтпайды» дегендей біз де Жылыойдағы дәрігерлер жетіспеушілігі мәселесін талдап көрмек болдық. Алдымен осы сауалды аудандық орталық аурухананың директоры Нұрбек Үкібаевқа қойдық.

Қазіргі таңда Жылыой аудандық ауруханасына фтизиопедиатр яғни, өкпе аурулары бойынша балаларды қарайтын маман қажет. Одан бөлек, балалар хирургі керек. Сондай-ақ, сәулелі диагностика – КТ, МРТ саласының мамандары қажет бізге. Учаскелік дәрігерлер де жетіспейді. Олардың  кейбірі қосымша  жүктемемен жұмыс істеп жүр. Таяуда Ақтөбе, Алматы, Шымкент қалаларындағы болашақ дәрігерлер дайындайтын жоғары медициналық оқу орындарына бардық.

Мұндағы мақсатымыз - ауданға жас маман дәрігерлерді тарту. Аталған қалаларда бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жалпы, Жылыойға келіп жұмыс істейміз деген білікті дәрігерлердің жағдайын жасауға біз әзірміз. Оларға 1 млн теңге көлеміндегі бір реттік үстемақы беріледі, қызметтік пәтермен де қамтамасыз етіледі. Жасалып жатқан осы жұмыстарға қарамастан жастардың бізге келіп, тұрақты жұмыс істеуге құлықсыздығы қиын мәселе болып тұр. Олардың көбі үлкен қалаларда қызмет еткісі келеді. Қазір аудан тұрғындары ревматолог, аллерголог  мамандарды көп сұрайды. Алайда, ревматолог маманның өзі Атырау облысы бойынша біреу-ақ. Аудан деңгейінде болғандықтан біз ол дәрігерлерді штаттық режимде жұмысқа қабылдай алмаймыз. Заңдылық солай. Ал ауданға қарасты ауылдық окрутердің ішінде Майкөмгендегі дәрігерлік амбулаторияда ғана маман жетіспеушілігі байқалады. Оған біздер аптасына екі-үш рет сол жерден тұрғындарға қабылдау өткізіп келеді,- дейді аудандық аурухананың директоры Н.Үкібаев.

Ал ауданымызда салынып жатқан жаңа аурухана қашан салынып бітеді? –деп сұрадық.

Жаңа аурухана кешені жыл аяғында тапсырылады,-деп жауап берді ол.

Экологиялық жағынан қиын аймақтардың біріне жататын, өндіріс қалдықтары да көптеп шығарылатын ауданымызда сырқаттанушылар саны көп. Әсіресе, қант диабеті, жүрек-қан тамырлары аулары, иод жетіспеушілігі, аллергиямен ауыратындар өте көп. Мұның бір себебі, қоршаған ортаның әсерінен болса, екінші себебі сапалы медицинаның жоқтығынан емес пе деген ой туындайды.

Жаз айы болса ауданымызда аллергиядан зардап шегушілердің көптігін көреміз. Аллергиялық аурулармен үлкен де, жастар да, балалар да ауырады. Ал ауданымызда бірде бір аллерголог дәрігер жоқ. Сондықтан халық амалсыз уақытша өз бетінше ем-домын жасап жүре береді.

-Қазіргі уақытта еңкейген қарттан, еңбектеген балаға дейін аллергияның не екенін жақсы біледі. Бұл ауру өз жерімізде өте көп тараған. Жаз басталса болды лас ауа, түрлі шөптесін өсімдіктер жақпай,  екінің-бірі мұрындары, бет-ауыздары  қышып, көздері қызарып, жандары қиналып-ақ жүреді. Балалар аллергиясы экзотикалық жемістерден де, сапасыз киімдерден де болып жатады. Денесі бөртіп, терісі қызарып кетеді. Кейде тәттіден де бет терісіне жара шығып, қышиды. Бұл белгілердің бәрі де өз балаларымда кездескен. Ал жаз басталғанда асқына бастайтын маусымдық аллергиядан өзім жылда зардап шегемін. Екі көзім дуылдап, қос жанарым аштыртпайды. Ондай да күннің жарық сәулесін көруден қаласың. Қараңғы түсе бастаған соң ғана сәл басылғандай болады. Осындайда жанымыз қиналып, дәрігерге қаралайық десек, біздің ауданда аллерголог маман атымен жоқ. Жалпы, аудан медицинасында проблема көп екені жасырын емес. Маман тапшылығы өз алдына, тиісті медициналық аппараттар жеткіліксіз. Аурухана мен емханаға аяқ баса қалсаң, ешқашан да аз уақыттың ішінде шаруаң бітпейді. Шеті көрінбейтін, созылған кезектен тексеріліп, денсаулығыңды қалыпқа келтіріп шығудың орнына, жүйкең жұқарып, қан-қысымың көтеріліп қайтады. Дәрігердің алдына бармай-ақ, екі иығың салбырап, үйіңе қайта кетесің,  - дейді Құлсары қаласының тұрғыны Альфия Дәулеткереева.

-Бір ағайыным ауырып қалды. Сонда ауруханада ең қажетті деген медициналық аппараттың жоқ екенін білдік. Атырауға алып кетейін десек, жағдайы ауыр, жолды көтере алмайды десті. Қолдан келер шара жоқ. Осындайда табиғи байлығы мол өз жерімізде сапалы медицинаға қолымыз жетпей отырғаны қынжыларлық емес пе?,-дейді аты-жөнін атамауды өтінген бір тұрғын.

Егер медицина төңірегінде әңгімелесе қалсаң, қай-қай тұрғын да оның сапасына көңілі толмайтынын байқайсың.

Дәрігер мамандардың тапшылығынан аудан тұрғындары Ақтөбе, Алматы, көршілес Ресей, Өзбекстан елдеріне дейін сабылып барады екен. Сондайда мұнайы мол ауданның «дәрігер тапшылығы» деген мұңы қашан сейілер екен деп ойлаймыз. Халқымыз «Бірінші байлық-денсаулық» деп денсаулықты бірінші орынға қойған. Ал ауданымыздағы бұл саладағы қиын  мәселелер қашан шешімін табады?

Өз тілшілеріміз

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521