Соңғы апталарда ауданда балалар арасында инфекциялық аурулардың таралуы қарқын алып, медицина көмегіне жүгінушілер саны айтарлықтай артты. Балабақша мен мектептерде сырқаттану деректері жиілеп, ата-аналар мен педагогтер алаңдаулы. Денсаулық сақтау мамандары жағдайды жіті бақылауда ұстап, тұрғындарға сақтық шараларын күшейтуді ескертуде.
Қазіргі таңда аудандық ауруханада 50-ге жуық науқас ем қабылдап жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, сырқаттанғандардың басым бөлігі – балалар мен жүкті әйелдер. «Үй ішінде бір адам ауырса, өзгелеріне жұқтыруы жиілеп отыр. Қазір бір үйден үш баладан келіп, ауруханада ем алып жатқандар бар» дейді мамандар.
Ақ халаттылардың мәліметінше, балалар арасында таралып жатқан инфекцияның алғашқы белгілері – дене қызуының 39–40 градусқа дейін көтерілуі, әлсіздік, тамақтың қатаюы мен ауыруы, бас айналу, тәбеттің төмендеуі және улану белгілері. Ата-аналар балалардың қызуы ұзақ уақыт түспейтініне алаңдаулы. Көп жағдайда жөтел мазалайды. Аудандық аурухана меңгерушісі Злиха Құлғазиева дүрбелеңге бой алдыруға негіз жоқ екенін айтып отыр. Оның сөзінше, қазіргі жағдай маусымдық эпидемиологиялық кезеңге тән құбылыс.
- Күзгі уақытта вирустық респираторлық инфекциялар мен тұмау маусымы басталады. Бұл – жыл сайын қайталанатын маусымдық инфекция. Сол себепті біз алдын ала дайындық жұмыстарын жүргіздік. Екпе алу, маска тағу, инфекциялық қосымша орындар дайындау шаралары қолға алынды. Бүгінде жоғары температура, қызу, жөтел сияқты белгілермен келетін балалар көбейді. Бұл – қалыпты жағдай. Дәлізде жатқан науқас жоқ, орын жеткілікті,-деді аурухана меңгерушісі Злиха Құлғазиева.
Мамандардың айтуынша, вирус көбіне ауа-тамшы жолы арқылы таралады. Әсіресе, балалар мен егде жастағы адамдар арасында жиі кездеседі. Дәрігерлер ата-аналарға өз бетінше ем-дом жасаудан сақ болып, ауру белгілері байқалған жағдайда учаскелік дәрігерді шақыру қажеттігін қатаң ескертеді.
Маусымдық тұмаудың белең алуына байланысты жедел жәрдем, фельдшерлік бекеттер және мобильді бригадалар күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.
А.Махамбетова



