Жүрек жылуын сыйлаған

Дені сау ұлт қалыптастыруда дәрігерлер мен мейіргерлердің атқаратын рөлі орасан. Солардың бірі – патронаж қызметі. Бірақ көпшілік үшін «патронаж дегеніміз не?», «оның атқаратын міндеті қандай?», «тұрғындар бұл қызметті пайдаланып жүр ме?» деген сұрақтар туындайтыны рас. Осы жайында кеңірек тоқталып өтуді жөн көріп отырмын.

Патронаж – бұл медицина қызметкерлерінің үйге барып, профилактикалық және ақпараттық іс-шаралар жүргізуі. Яғни дәрігер мен мейіргер жүкті аналармен, жаңа туған нәрестесі бар әйелдермен тікелей байланысып, олардың жағдайын бақылап, кеңес береді. Патронаждық мейіргерлер тұрғындарға уақытылы әрі сапалы медициналық қызмет көрсетуге тырысып келеді. Дегенмен бұл қызмет түріне көңілі толмайтындар да кездеседі. Сондықтан патронаж қызметінің қалай және қандай бағытта жүргізілетіндігі жөнінде толық ақпарат беру маңызды. Патронаждық бақылау, негізінен, жүкті аналарға, босанған әйелдерге және олардың нәрестелеріне жүргізіледі. Бұл қызмет Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 15 наурыздағы №ҚР ДСМ-25 бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады. Бұйрық аясында елімізде педиатриялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарты бекітілген.

Дәрігер кабинетте емес, есік алдында күтіп тұрса – бұл қазіргі медициналық қызметтің бір көрінісі. Иә, патронаж қызметі дегеніміз – медицина мамандарының үйге барып, ананың жайын, нәрестенің халін біліп, кеңес беріп, қажет болса, алғашқы көмек көрсетуі. Бұл – жай ғана бір бару емес, адамның өміріне деген шынайы жанашырлықтың көрінісі.

Исатай ауданында осы қызмет жүйелі түрде жолға қойылған. Бүгінде аудан бо-йынша жалпы тәжірибелі 8 дәрігер мен 15 патронаждық мейіргер тұрғындарға қызмет көрсетіп келеді. Аудандық емхана жанынан 6 телімде дәрігер мамандардың жетіспеуі байқалғанымен, ол олқылықты барын салып еңбек етіп жүрген 3 жалпы тәжірибелі дәрігер мен 18 патронаж мейіргері толықтырып отыр. Ал Қамысқала, Тұщықұдық, Жанбай және Исатай дәрігерлік амбулаториялары дәрігерлермен де, мейіргерлермен де толық қамтылған.

Патронаж – тек тексеру емес, сенім орнату. Жаңа босанған ананың қорқынышын сейілтіп, нәрестенің тынысын тыңдай отырып, өз мейірімен ем жасағандай әсер қалдыратын бұл қызметті жоғары деңгейде атқарып жүрген мейіргерлер жетерлік. Халық алғысына бөленіп жүрген ақ халаттылар қатарында Қуанышкалиева Тамара, Төлегенова Мейрамгүл, Байдешова Батима, Ерлан Айдана, Қапсалихова Гәкку, Габдулова Гүлмира, Есмағанбетова Айнұр, Ерғазиева Гүлжанат, Үтешова Луиза, Санкибаева Гүлназ, Брикова Зоя, Төремуратова Қамажай, Мұхамбетова Гүлден, Жоламанова Қамажай және Уразғалиева Эльмира сынды мамандардың есімдері ерекше аталады. Олар күн сайын үй аралап, жас аналарға кеңес беріп, кішкентай сәбилердің жағдайын бақылап жүр. Көпшілігі олардың есімін құрметпен атап, «жүрек жылуын ала келеді» дейді.

Иә, ақ халатты абзал жандардың ішінде мейіргердің рөлі жыл сайын артып келеді. Себебі қазіргі медицинада мейіргер – тек дәрігер көмекшісі ғана емес, өз алдына кәсіби бағытта дамып келе жатқан дербес маман. Ал патронаж қызметі – сол мейіргерліктің шынайы бет-бейнесі.

Ардақ КАБУЛОВА,

аудандық аурухананың  Отбасылық денсаулық сақтау бөлімінің  аға мейіргері

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT