Жіті ішек инфекциясы

Жіті ішек инфекциясы –ас қорыту жолын зақымдайтын жұқпалы аурулардың тобы. Ол негізінен бактерия, вирус сияқты микроағзалардан туындайды. Инфекция көзі – науқас адам немесе жіті ішек инфекция қоздырғыштарының тасымалдаушысы. Айналадағы адамдар үшін, әсіресе, аурудың жеңіл, анық байқалмайтын және симптомсыз түрлеріне шалдыққандар өте қауіпті.

Микробтар науқастардан және тасымалдаушылардан нәжіс, құсық және зәр арқылы сыртқы ортаға бөлінеді. Жіті ішек инфекцияларын қабылдағыштық өте жоғары болғандықтан, ересек адамдар мен балалар, әсіресе, 1 жастан 7 жасқа дейінгі балалар ауруға жиі шалдығады. Жұқтыру қаупі ағзаға түскен қоздырғыштың мөлшеріне, сондай-ақ асқазан-ішек жолдарының барьерлік және ферментативті функциясына және ағзаның қабылдағыштығына байланысты. Қоздырғыштың ағзаға түскен кезінен бастап ауру белгілері пайда болғанға дейін бірнеше сағаттан 7 күнге дейін уақыт өтеді. Инфекция жұқтырғаннан кейін иммунитет 3-4 айдан 1 жылға дейін тұрақсыз болады, сондықтан ауру қайталануы әбден мүмкін.

Тамақ, су, тұрмыстық заттар, ойыншықтар аурудың берілу факторлары болып табылады, кейбір инфекцияларды жәндіктер (шыбындар, тарақандар) таратады. Сондай-ақ антисанитариялық жағдайлар, жеке гигиена қағидаларын сақтамау, санитариялық қағидаларды сақтамай дайындалған тамақ өнімдерін тұтыну да жіті ішек инфекцияларын жұқтыруға себеп бола алады. Жіті ішек инфекциялары жылдың кез келген мезгілінде туындауы мүмкін. Вирусты инфекция көбінесе күн суытқанда, тұмаумен және ЖРВИ-мен сырқаттану деңгейі артқан кезде көбейсе, бактериялық инфекциямен сырқаттану жаз мезгілінде арта түседі. Жіті ішек инфекцияларының көпшілігі жоғары тұрақтылығымен ерекшеленеді. Мысалы, іш сүзегі мен паратиф қоздырғыштары сүтте 70 күннен астам, ал суда бірнеше ай тіршілік етеді. Дизентерия бактериялары сүтте шамамен 6 күн тіршілік етеді және көбейеді, өзен суында 35 күнге дейін сақталады. Вирустар қоршаған ортаның түрлі нысандарында 10-15 күннен бастап 1 айға дейін, нәжістерде 7 айға дейін сақталады.

Балалар арасында жіті инфекциялық диареялардың этиологиялық құрылымы уақыт өте келе өзгереді. Қазір бұл динамика анық байқалып жатыр. Бұған бірнеше себеп бар: тамақ өнімдері өндірісінің жаһандануы, олардың қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды қатаңдату, балалар тағамы өнімдерін консервілеу және пастерлеу, табиғи экологиялық себептер. Ал инфекцияның алдын алу шаралары жеке гигиенадан басталады. Сондай-ақ, тамақ ішердің алдында және дәретханадан кейін қолды сабынмен мұқият жуу, тек қайнатылған немесе бөтелкедегі суды пайдалану, жеміс пен көкөністі жақсылап жуып жеу, тамаққа термиялық өңдеуден өткен өнімдерді пайдалану, тез бұзылатын тамақ өнімдерін салқын жерде сақтау, жарамдылық мерзімі өткен азық-түлікті пайдаланбау, шикі өнімдерді дайын өнімдерден бөлек сақтау және үйді, ауланы таза ұстау бұл инфекцияның пайда болмауына әкеледі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT