Алғашқы көмек – ол адамның өмірін құтқаруға бағытталған жедел шаралар кешені. Жазатайым жағдай, кенеттен дерттің қысуы, улану – осы және басқа да төтенше жағдайларда алғашқы көмек қажет. Оны сол сәтте зардап шегушінің қасында болған кез келген адам көрсете алады.
Сондықтан оны кім-кім де білуі тиіс. Осыған орай қаладағы орталық аурухана дәрігерлері аудандық әкімдіктің қызметкерлеріне қарапайым дағдыларды үйретті. Яғни, мемлекеттік қызметкерлерге травматолог, ортопед, реанимотолог дәрігерлері келіп, алғашқы көмек көрсету шараларын тәжірибе жүзінде көрсетті.
Реаниматолог Айжан Тұрсынбайқызы жүрек тоқтаған кезде дәрігерге дейін көрсетілуі тиіс алғашқы көмек туралы айтты. Медициналық білімі жоқ адам жанындағы науқас жанның жүрегінің тоқтағанын қалай анықтай алады? Оны кәсіби маман көрсетіп, тәжірибесімен бөлісті. Сонымен қатар қызметкерлерге ашық және жабық жарақаттар орын алған жағдайда жасалу керек әдістер айтылып, жол апаты кезінде де көрсетілетін алғашқы көмек жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Жиын барысында Құлсары қаласындағы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінен келген арнайы маман да өз тәжірибесін ортаға салды. Ол өрт сөндіру құралдарының пайдаланылуы мен тілсіз жау бой көтерген жағдайда көрсетілетін іс-әрекеттер тәсілін түсіндірді.
П.ТӘЖІ