«Жедел жәрдем» қызметі: 1 мамырдан бастап не өзгереді?

Жақында бір танысымның әкесі өмірден өтіп, үйіне барып көңіл айтып, дұғамызды бағыштап қайттық. Сонда қара жамылып отырған ұлы марқұмның қан қысымы көтеріліп кеткенде «Жедел жәрдем» көлігінің кешігіп келгенін айтып, шағымданды. 1 мамырдан бастап еліміздегі «Жедел жәрдем» шақыру ережесіне енгізілген өзгерістерде осындай халық наразылығы ескеріледі деп есептейміз.

Статистика көрсеткендей, «Жедел жәрдем» шақыртуларының жартысынан астамы жеделділіктің 4-санатына жатады. Бұл созылмалы аурулардың өршуіне байланысты. Мұндай шақыртулар бригадалардың жедел көмекке мұқтаж, өміріне қауіп төніп тұрған науқастарға уақытылы үлгеріп бара алмай қалуына әкеп соқтырады. Сондықтан «Жедел жәрдемнің» шұғыл қызмет жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі емханалар жанындағы жеделділіктің 4-санатындағы шақыртуларға қызмет көрсететін мобильдік бригадалар жұмысының қағидаларына өзгерістер енгізді. Ол ағымдағы жылдың 1 мамырынан бастап күшіне енеді және азаматтардың 103 нөмірі бойынша шұғыл көмекке шақырту құқығын шектемейді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Сонымен, 1 мамырдан бастап не өзгереді? Алдымен, емханалардың жанындағы мобильдік бригадалар сағат 08:00-ден 20:00-ге дейін дамылсыз қызмет атқаратын болады. Өмірге қауіп төндірмейтін жеделділіктің 4-санатындағы шақыртулар, яғни, жоғары қысым, температура, жеңіл жарақаттар емханалардың жұмыс уақытында МСАК мобильдік бригадаларына қайта бағытталатын болады. Кешкі сағат 20:00-ден кейін және демалыс күндері барлық шақыртуларға, соның ішінде 4-санатқа, бұрынғыдай «Жедел жәрдем» бригадалары қызмет көрсетеді. Бұл өзгерістер жүктемені оңтайландыруға, күту уақытын қысқартуға және бүкіл ЖМЖ жүйесінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Енді медициналық-санитариялық алғашқы көмектің мобильдік бригадалары шақыртуларға шығып, науқас жандардың үйіне жоспарлы түрде баруды жүзеге асырады. Бұл азаматтардың денсаулық жағдайын уақытылы бақылауды қамтамасыз етеді, әсіресе созылмалы аурулары бар жандардың жағдайының нашарлауына жедел ден қоюға мүмкіндік береді.

МСАК мобильдік бригадалары 25 мың тұрғынға бір бригада есебінен құрылады. Олар науқастың тұрғылықты жері немесе бекітілуіне қарамастан нақты келген жері бойынша жұмыс жасайды. Қажет болған жағдайда мобильдік бригадалармен арнайы бағыттағы мамандар да бірге болады. Мысалы, балаларға - педиатрдың қатысуымен, ересектерге – арнайы кардиолог, невропатолог және басқа да дәрігерлерді тарта отырып қызмет көрсетіледі. Бұл тәсіл халыққа жоғары сапалы атаулы медициналық көмек беруге бағытталған.

Жедел жәрдемді шақырту механизмі өзгеріссіз қалады. Бұрынғыдай 103 нөмірін теру арқылы азаматтар тәуліктің кез келген уақытында шұғыл медициналық көмекке қоңырау шала алады. Науқастың сырқаты өміріне тікелей қауіп төндірген жағдайда «Жедел жәрдем» бригадасы аптаның күні мен тәулік уақытына қарамастан қызмет көрсетеді. Бұл ретте МСАК мобильдік бригадасының шақыртуға келу уақыты – 60 минутқа дейін болса, барынша шұғыл санаттар үшін мына нормативтер қаралған: 10 минут – бірінші, 15 минут – екінші және 30 минут үшінші санаттағы шақыртулар үшін көзделген.

Бұл ретте еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі шұғыл көмекке мұқтаж әрбір науқас үшін жедел медициналық көмек шақырту қолжетімді екенін атап өтті. Өзгерістер жүйенің тиімділігін арттыруға, күту уақытын қысқартуға және барлық деңгейдегі медициналық көмекті жақсартуға бағытталған.

Дайындаған Е.БИСЕКЕНҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT