«Бала – адамның бауыр еті» дейтін халқымыз үшін сәбидің денсаулығы бәрінен қымбат. Өйткені, ол – ұрпақ жалғастырушы, елдiң болашағы. Ал, бүгінгі балдырғандардың денсаулығы қалай? Бұл жөнінде Қазақстанның отбасылық дәрігерлер ассоциациясының Атырау облысы бойынша бөлім директоры, 30 жыл тәжірибесі бар педиатр-дәрігер Мейірімхан Нұрмановамен әңгімелескен едік.
- Мейірімхан Жылқыбайқызы, алдымен, осы Қазақстанның отбасылық дәрігерлер ассоциациясы жөнінде, оның аудандарда жасап жатқан жұмысы жөнінде айтсаңыз?
- Қазақстанның отбасылық дәрігерлер ассоциациясы, яғни, ҚОДА дейміз, бұл - медицина саласында белсенді жұмыс жасап жатқан қоғамдық бірлестіктердің бірі. Ол 1999 жылы заңды тіркелген, ал біздің облыстық филиал 2000 жылдан бері қызмет атқарып келеді. ҚОДА - кәсіби қоғамдастық. Басты мақсатымыз – отбасылық (жалпы тәжірбиелі) дәрігерлердің білімін арттыру, кәсіби қолдау көрсету, олардың мерейін көтеру. 2018 жылдан бастап ҚОДА ТШО компаниясының қолдауымен ауданда денсаулық саласының сапасын арттыру мақсатында жұмыс жасап жатыр. Әрине, бұл жобамыз, алдымен, облыстық денсаулық сақтау басқармасының және аудандық аурухана басшыларының қолдауымен іске асқанын атап өткім келеді. Жоба барысында көптеген маңызды жұмыстар қолға алынуда. Соның бірі – медицина қызметкерлеріне ай сайын актуальды тақырыпта оқу тренингі ұйымдастырылады. Әлемде қолданылып жүрген, медицина принциптерімен жүзеге асатын емдер, әдістер көп үйретіледі. Тренингті ҚОДА-ның жоғары санатты дәрілерлері, медицина ғылымдарының докторлары, кандидаттары, доценттері өткізеді және емделушілерге тегін кеңес береді, медицина қызметкерлеріне практикалық көмек көрсетеді. Сондай-ақ, айына бір рет “Беркад” сауда орталығында халықтың қан қысымын тегін өлшейміз және қандағы қант, холестерин мөлшерін анықтаймыз. Мақсатымыз – халық көп жиналған жерге келіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізу, ауруды дер кезінде анықтап, кеңес беріп, әрі қарай дәрігерге жолдау.
Әсіресе, гипертония ауруының қауіпті асқынуларының, яғни инфаркт, инсульт, соқырлық, басқа да түрлерінің алдын алу ғой. Нәтижесінде, акцияда айына 80-100 адам тексерістен өтсе, оның 40%-ының қан қысымы жоғары, яғни қауіпті кезеңде жүргені анықталады. Олардың ішінде өздері оны білмейтін, бірінші рет естіп тұрған жандар да табылады. Себебі, гипертония – үнсіз жау! Онымен ұзақ жылдар бойы ауырып жүруі мүмкін, бірақ басы ауырмайды. Содан инсульт, инфаркт соғуы ықтимал. Сонымен қатар, осы жоба аясында мектептерде 1 сынып оқушыларына жылда ойын форматта денсаулық сабағын өткіземіз. Онда қолды қалай дұрыс жуу керек екенін, лас қолдан тараған инфекцияның кесірінен жылына әлемде 1,4 миллион бала өлетінін мысалға келтіріп айтамыз. Тістерін дұрыс тазалау керектігін, судың, жеміс-жидек пен көкөністің ағзаға пайдасы туралы түсіндіреміз. Түрлі сыйлықтар беріп, 1 сыныпқа қадам басуымен құттықтаймыз.
-«Ата-ана баласының денсаулығын ол дүниеге келмей тұрып ойлаған жөн» дегенді дәрігерлерден жиі естиміз. Осыны сіз балалар педиатры ретінде қалай түсіндіре аласыз?
-Ол - дұрыс ұғым. Жас отбасылар болашақ сәбиінің денсаулығы туралы бала туғаннан кейін емес, жас жұбайлар үйленбей тұрып ойлануы керек. Дамыған батыс елдерінде жастар тіпті үйленер алдында неке шартын жасайды. Оған екі жақ өзінің денсаулығы туралы құжат тапсырады, тұқым қуалайтын аурулары бар ма, жоқ па, болса не себептен деген сияқты мәселелерді шешіп алады. Болашақ ұрпағының денсаулығына үлкен жауапкершілікпен қарағаннан кейін арнайы жоспарлап, дайындалады. Оны өте дұрыс деп есептеймін.
Туа біткен ақаулардың алдын алу үшін жүктілікке дейін 1-3 ай бұрын мамандар фолий қышқылын ішуге кеңес береді. Фолий қышқылының жетіспеушілігі жүйке таяқшаларының дұрыс дамымауына әсер ететінін көптеген ғылыми зерттеулер дәлелдеген. Болашақ ана ғана емес, фолий қышқылын келешек әке де ішуі керек. Кейін жүктілік басталғанда ер адам қабылдауды тоқтады да, әйел адам жүктілік кезінде жалғастыра береді. Фолий қышқылын неге жүктілікке дейін ішкен дұрыс? Себебі, ұрықтың (плод) жүйке таяқшалары жүктіліктің 13-30 күні қалыптасады. Жалпы статистика бойынша 10 000 баланың 7-еуінде «Spina bifida» болуы мүмкін. Ол дегеніміз – жұлынның дефектісі немесе аэнцефалия, яғни баланың миы толықтай немесе жартылай жоқ болады. Болашақ баланың денсаулығына анасының созылмалы аурулары да әсер етуі мүмкін. Тіпті жыл сайынғы жүктіліктің өзі зиян. Өйткені, ол уақытта организм қалыпқа келіп үлгере алмайды. Жалғыз физикалық денсаулық емес, болашақ баланың саулығына ата-анасының ментальдық (психическое) денсаулығы да әсер етеді. Жалпы осы тақырыпта көп әңгіме қозғауға болады.
Біздің ата-абамыз “генетик” болған ғой. Олар 7 атаға дейін қыз алыспаған, себебі, туа біткен аурулардың, хромосомалық мутациялардың алдын алған. Екі жақтың тұқымында сал аурулары немесе психикалық дерті бар адамдар болса, ұлдарын үйлендірмеген немесе қызын бермеген.
-Аудандық орталық ауруханасында ауданның медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттырудың кезекті курсы өтті. Онда аудандық орталық емхананың медбикелері баланың бойындағы тамақ ауруының қандай түрі бар екенін үйден-ақ тест арқылы анықтауды үйренді. Осы тест туралы толығырақ айтсаңыз. Мұны қандай уақытта жүргізеді? Оны тек медицина мамандары ғана анықтай ала ма?
-Балалардың тамағы ауырып бастағанда, оның бактериялдық немесе вирустық тонзилит екенін анықтауымыз керек. Оған қолымызда жүретін арнайы шкала центр көмектеседі. Егер шкала бойынша балы көбейіп тұрса, міндетті түрде тамағынан мазок алу қажет болады. Бұл осы тренингтебарлығына жаңалық болды. Мысалы, мазокты лабораторияға тапсырсақ, қорытындысы 5-7 күнде шығады. Ал ол уақытта тонзилит асқынып кетуі мүмкін. Бұл жағдайда мына біз әкеліп үйреткен стрептатест өте ыңғайлы. Ол 10 минут ішінде кішкентай пациенттің тамағында стрептококк бар ма, жоқ па – соны анықтайды. Егер тест нәтижесі оң болып шықса, антибиотик тағайындалады. Бұл тестті медицина қызметкерінің жасаған жақсы. Өйткені, оның өз тәсілі бар.
-Балалар арасында қазір қандай аурулар жиі кездеседі?
- 5 жасқа дейінгі балаларда жедел вирустық респираторлық инфекциялар көп. Қазір көкжөтел мен қызылша көбейіп жатыр. Оның себебі – ата-аналардың балаларға салынатын екпеден бас тартуы. Сондай-ақ, желшешек (ветряная оспа), скарлатина, пневмония, т.б. бар.
"Мақаланың жалғасын "Кең Жылой" басылымынан оқи аласыз"
Сұхбаттасқан: Перизат ҚИЗАТОВА