ЖАҢА АУРУХАНА: ҚОНДЫРҒЫ БАР, ДӘРІГЕР ЖЕТКІЛІКСІЗ

Бүгінде ауданда 100-ге тарта дәрігер, 375 орта медицина қызметкері жұмыс жасайды. Қазір блокты-модульді аурухана салынғанымен, өкінішке орай, ондағы дәрігерлік қызметті толықтай қамтамасыз ететін маман тапшы. Өйткені, ауданда жоғары білімді 16 дәрігер жетіспейді.

Жыл басынан бастап ауданда 75 орындық жаңа аурухана пайдалануға берілгені рас. Онда заманауи қондырғылар орнатылып, іске қосылды да. Яғни жаңа медициналық нысан бұрын-соңды болмаған магнитті-резонансты томограф, видеоэндоскоп, ота жасауға арналған лапароскопиялық қондырғы секілді түрлі медициналық құрылғымен, хирургияға арналған урологиялық кешен және соңғы үлгідегі рентген аппаратымен жабдықталған. Әрине, бұл тұрғындардың аудан орталығынан шықпай-ақ медициналық көмек алуына мол мүмкіндік береді. Десек те, орталық аурухана ұжымы жаңа мекен-жайға іс жүзінде жаздың соңғы айынан бастап көшірілді. Оның үстіне, тұрғындар арасында «маман жоқтықтан жаңа ауруханада медициналық жабдықтарды пайдалана алмай отыр» деген әңгіме тарады. «Темірді қызған кезде соқ» демекші, осы сәтті пайдаланып, жұмыстың қаншалықты жүйелі жүріп жатқанын білмекші болып, аудандық орталық аурухананың бас дәрігеріне хабарласқан едік:

–Медициналық құрал-жабдықтар жеткілікті. Қазіргі таңда мамандар оқытылып, барлығын толыққанды иегере алатындай дәрежеге жетті. МРТ аппараты да жақын арада іске қосылады деп отырмыз. Сондықтан аудан тұрғындарының өзіміздің ауруханадан тексерістен өте беруіне мол мүмкіндік бар,-деді Асулан Абдрахманов.

АЛҒАШҚЫ ЛАПАРОСКОПИЯЛЫҚ ОТА

Айтпақшы, апта басында аудандық орталық ауруханада тұңғыш лазермен ота жасалды. Яғни мұндағы мамандар жаңа медициналық қондырғыны меңгергенін көрсетті. Бұл лапароскопиялық құралмен жасалады. Оны медицина тілінде лапароскопиялық хирургия деп атайды. Ол – науқастың ішкі ағзасына тілік жасамай-ақ отаны орындайтын хирургияның жаңа тәсілі. Бұл әдіс елімізде бұрыннан тәжірибеде бар болса да, біздің ауданның медицинасына тұңғыш рет енгізіліп отыр. Және осы лапароскопиялық отаны орталық аурухананың бас дәрігері әрі хирург Асулан Абдрахмановтың өзі жасап шыққан.

– Күні кеше аудандық ауруханада 36 жастағы азаматқа заман талабына сай лапароскопиялық әдіспен ота жасалды. Науқас қабылдау бөліміне іш ауырсынуы, оң жақ мықын аймағының ауыр- сынуы белгілерімен Теңіз кенішінен жеткізілді. Жағдайын тексеріп, лабораториялық зерттеу жүргіздік. Соның нәтижесінен кейін жедел аппендицит диагнозы нақтыланды. Науқастың өзінен келісім алынып, лапароскопиялық әдіспен жедел түрде ота жасалды. Қазір жағдайы қалыпты. Хирургия бөлімінде емін жалғастырып жатыр. Ота хирургия бөлімінің меңгерушісі, жоғары санатты дәрігерлердің қатысуымен өтті. Бұл тәсілмен ота жасалған емделушінің бір-екі күн ішінде аяққа тұрып кету мүмкіндігі жоғары,-дейді Асулан Нұрболанұлы.

Бұған дейін жедел аппендицит, жедел асқазан жарасынан қан кету, жатырдан тыс жүктілік, кіндік және шап жарығына жасалған оталар кесу әдісімен жедел және жоспарлы түрде жүзеге асырылып келді. Бұдан былай лапароскопиялық ота жасау қолға алынатын болады. Енді маманмен қамту мәселесі. Заманауи құрал-жабдықтары бар ауруханаға білікті дәрігерлерді әлі де тарта түсу – күн тәртібінен түспейтін мәселеге айналуы керек. Өйткені, ауданға 16 маман жетіспейтінін жоғарыда айттық. Оның ішінде акушер-гинеколог, хирург, жалпы тәжірибелі дәрігер, кардиологтар аса қажет.

-Облыста кадр тапшылығын азайту үшін қалалық медицина ұйымдарына – 3 млн теңге, аудандық жерге 5 млн теңгеге дейін бір реттік үстемақы берілуде. Осы шаралардың арқасында кадр мәселесі біртіндеп шешіліп келе жатыр. Бұл жұмыстар әрі қарай жалғасын табады,-дейді бас дәрігер.

Ол өзге аймақтан келген ақ халатты абзал жандарды баспанамен қамту мәселеге айналмайтынын айтады. Әкімшілік тарапынан арнайы пәтерлер берілетінін, сондай-ақ жатақханаға да жайғаса алатынын жеткізді. Бір сөзбен айтқанда, Құлсарыға келем деген медицина маманына барлық жағдай жасалады.

П.ҚИЗАТОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521