Құтыру - соңы қайғылы жағдаймен аяқталатын ауру

құтыруға қарсы екпе

Құтырудың таралуының негізгі көзі - бұралқы иттер, мысықтар және жабайы жануарлар

Құтыру - жүйке жүйесін ауыр түрде зақымдаумен сипатталатын өткір вирустық ауру. Адамдармен қатар барлық сүткоректі жануарлар және кейбір құстар осы кеселге шалдыққыш келеді.

Құтырудың таралуының негізгі көзі - бұралқы иттер, мысықтар және жабайы ет коректі жануарлар (түлкілер, қасқырлар, шибөрілер, жабайы мысықтар т.б.) болып табылады. Ауруды өте ұсақ тірі ағза - вирус тудырады. Құтыру қоздырғышы сыртқы ортаға ауру жануарлардың сілекейімен бөлінеді.

Құтырған жыртқыш өзге жануарды жарақаттаған кезде сілекейіндегі вирус жараның орнына еніп, осылайша оның жануарлар арасында таралуына себеп болады. Ал адамдар үшін тек ит-мысықтың қауып, жарақаттауы ғана қатерлі емес, сонымен қатар ағзасына сілекейінің енуі де қауіпті.

Ағзаға вирус енген уақыттан бастап аурудың алғашқы белгілері пайда болғанға дейінгі аралық инфекцияның инкубациялық кезеңі деп аталады. Жануарлардың түрлеріне, тістеген жеріне, жарақаттың ауырлығына байланысты ол бірнеше аптадан 1 жылға дейін жалғасады.

Құтыру вирусы адамның жүйке жүйесін зақымдай отырып, қозу, судан қорқу, сал белгілерінің пайда болуына әкеп соқтырады. Сондықтан адам қандайда бір жануардың шабуылынан жарақат алып, тырналған болса, онда тез арада медициналық көмекке жүгінуі қажет. Жарақат алғаннан кейін ағзада дер кезінде құтыру вирусына қарсы иммунитетті (шалдықпаушылықты) қалыптастыру үшін екпе алуды бірден бастап кеткен дұрыс. Мұндайда үзіліске жол бермеу керек. Егер де екпелер уақтылы және дұрыс жүргізілген болса, онда ауру пайда болмайды.

Екпе алуды аурудан ада көрінетін жануар тістеп, тырнаса да жүргізе берген жөн. Себебі вирус аурудың белгілері пайда болғанға дейін сілекей арқылы бөлінеді. Ал адамды жарақаттаған жануар 10-15 күн мерзімге малдәрігерлік бақылауға алынады. Егер де осы аралықта жануар сау болып шықса, зардап шегушінің екпесі тоқтатылады. Адам қауып алған итті немесе басқа жануарларды өлтіруге жол бермеу жөн. Өлтірген жағдайда өлексесін тастамай, арнайы құралдармен немесе айырмен, күрекпен алып, мөрдеханаға немесе ауылдың шетіне апарып, бұралқы иттер қазып алмайтындай етіп, 1-1,5 метрдей тереңдікке жер қазып, өртеп, зарарсыздандырып, көміп тастау керек.

Өлтірген жағдайда иттің диагнозы белгісіз болып қалады да, ал зардап шегуші құтыру ауруына шалдыққан жануардан жарақат алғаны тәрізді екпенің толық курсынан өтуіне тура келеді. Сондықтан әрбір ит қожайындары «бөрібасарларын» мықтап байлауда ұстап, үйшікте немесе арнайы бөлмеден шығармауы қажет. Оларды серуенге тізгінмен, тұмылдырық кигізіп шығарып, құтырудың таралу көзі болатын қаңғыбас иттермен байланысуына жол бермеу керек. Сондай-ақ, құтыруға қарсы ектіріп тұрғаны абзал. Жалпы құтырумен күрес жүргізуде жабайы түз жануарларының саны көбейген кезде (түлкілер, қасқырлар, шибөрілерді) жойып отырудың маңызы зор.

Құтыру - өте ауыр, соңы қайғылы жағдаймен аяқталатын ауру. Бұл кеселге шылдыққан адамды емдеу мүмкін емес. Бірақ алдын алуға болады. Егер де құтырған ит-мысықтан жарақат алған жанға құтыруға қарсы екпелер жүргізілмесе, ол міндетті түрде құтырумен ауырады. Сол себепті ауру пайда болған жағдайда құтырудан жазылудың еш мүмкіндігі жоқтығын ескерте отырып, және оның алдын алудың бірден-бір жолы - антирабиялық екпелерді алу екендігін тағы еске саламыз.

Зоя Тасболатова,

аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен

қауіпсіздігін бақылау басқармасының жетекші маманы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521