Құтыру ауруынан сақ болыңыз

Адамдар, сондай-ақ барлық сүткоректі жануарлар және кейбір құстар осы ауруға шалдыққыш келеді. Құтыруды таратудың негізгі көзі - бұралқы иттер, мысықтар және жабайы хайуанаттар (түлкілер, қасқырлар, шибөрілер, жабайы мысықтар т.б.) Құтыруды өте ұсақ тірі ағза - вирус тудырады. Қоздырғышы сыртқы ортаға ауру жануарлардың сілекейімен бөлінеді. Сілекейдегі вирус жарақат орнына еніп, осылайша жануарлар арасында құтыруды жұқтырумен таралуын туғызады. Адамдарға тек жануарлардың тістеуі ғана емес, сонымен қатар сілекейінің ағзаға енуі де қауіпті. Вирус енген уақыттан бастап, аурудың бірінші белгілері пайда болғанға дейінгі аралық инфекцияның инкубациялық кезеңі деп аталады.

Жануарлардың түрлеріне, тістеген жеріне, жарақаттың ауырлығына байланысты ол бірнеше аптадан 1 жылға дейін жалғасады. Құтыру вирусы адамның жүйке жүйесін зақымдай отырып, қозу, судан қорқу, сал белгілерінің пайда болуына әкеледі. Адамды қандай да бір жануар тістесе, тырнаса, тез арада медициналық көмекке жүгінуі қажет. Ағзада дер кезінде құтыру вирусына қарсы иммунитетті қалыптастыру үшін екпе салынады. Екпені жарақат алғаннан кейін бірден бастап, үзіліссіз жалғастыру керек. Егер де екпелер уақтылы және дұрыс жүргізілген болса, құтыру пайда болмайды.

Екпе алуды сау көрінетін жануар тістеген немесе тырнаған жағдайда да жүргізу қажет, себебі вирус аурудың белгілері пайда болғанға дейін сілекеймен бөлінеді. Адамға жарақат салған барлық хайуанат 10-15 күн мерзімге малдәрігерлік бақылауға алынады. Егер де осы аралықта оның сау екені анықталса, екпе тоқтатылады. Қапқан итті немесе басқа жануарларды өлтіруге жол бермеу, өлігін тастамау қажет. Өлтірген жағдайда иттің өлексесін арнайы құралдармен немесе айырмен, күрекпен алып, мүрдеханаға немесе ауылдың шетіне апарып, иттер қазып алмайтындай етіп, 1-1,5 метрдей тереңдікте қазып, өртеп, зарарсыздандырып көміп тастау керек. Бұл жағдайда иттің диагнозы белгісіз болса, жарақаттанған адам екпенің толық курсын алуға тиіс болады.

Ит қожайындары иттерін шынжырлап байлап, үйшікте немесе бөлмеде ұстауы қажет. Оларды серуенге тізгінмен, тұмылдырық кигізіп шығарып, құтырудың таралу көзі болуы мүмкін қаңғыбас иттермен байланысуына жол бермеу керек. Сондай-ақ құтыруға қарсы алды ала ектіру қажет.

Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 408-бабына сәйкес ит адам денсаулығына зиян келтірсе, иттің иесіне 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, ит ұстау ережелері бұзылса (еш зиян келтірместен көшеде жүрсе, көшеде өткен адамдарға үріп, мазаласа), 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде аудандық ішкі істер бөлімдері айыппұл салады.

Құтыру - өте ауыр, өліммен аяқталатын ауру. Құтырумен ауырған адамды емдеу мүмкін емес, бірақ құтырудың алдын алуға болады. Сондықтан ауру пайда болған жағдайда құтырудан жазылудың еш мүмкіндігі жоқ екенін және осы аурудың алдын алудың бірден-бір жолы антирабиялық екпелерді алу қажеттігін жадыңызда ұстаңыз.

З.Тасболатова,

аудандық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен

қауіпсіздігін бақылау басқармасының жетекші маманы

COVID 19

covid

Тәуелсіздікке 30 жыл

tuelszdkke-30-zhyl