ТЫНЫСЫҢ ТАРЫЛЫП, ТАМАҒЫҢ БІТЕЛМЕСІН ДЕСЕҢІЗ...

Алда күз айы жақындап келеді. Күн салқындаған уақытта емханаға бара қалсаң, құлақ, мұрын және тамақ ауру- ын емдейтін дәрігерлердің алды үнемі адамнан босамайды. Осыған орай, аудандық емхананың отоларинголог дәрігері Алмагүл ҚАЛМҰХАНОВАҒА жолығып, бірнеше сауалдар қойған едік.

-Алмагүл Сәденқызы, тұрғындар сізге келгенде қандай ауру түрімен көп шағымданады? Оның пайда болу себептері неде?

‒Бізге, көп жағдайда, науқастар құлақтың, мұрынның, тамақтың қабыну ауруымен келеді. Қабыну процесі бірінші кезекте адамның анатомиялық құрылымына, яғни бас сүйектің орналасу ерекшеліктеріне тікелей байланысты болады. Екінші кезекте, науқастың әлеуметтік жағдайына, жеке басының гигиенасына, күтіміне әрі ерік-жігеріне тәуелді. Өйткені, көп адам осы себеппен уақытылы ем ала алмайды. Өздеріңізге белгілі, мұрын қуысы жоғарғы тыныс алу жолдарына жатады. Бұл жердегі қабыну процесі вирусты генезді, грибокты генезді және бактериалды болып бөлінеді. Мұрын қуысындағы қабыну науқастардың 90-95 пайызында вирусты генезді болып басталады да, екі-үш күнде емделмесе, мұрынның жұмсақ ұлпаларында бактериялардың жедел өсуіне қолайлы орта туғызып береді. Бұл уақытта ауру іріңді асқынуға, жоғарғы жақсүйек қойнауының шырышты қабатының қабынуына ұласады. Науқастар арасында кең тараған, сөз арасында көп қолданатын «гайморит» диагнозы осы жоғары жақ сүйегі қойнауының ішіндегі шырышты қабаттың қабынуынан пайда болады. Одан кейін балалар мен жасөспірімдер тор тәрізді қойнаудың қабынуымен (этмоидит) жиі келеді. Егер баланы дер кезінде дәрігерге көрсетпесе, бұл ауру асқынып, созылмалы жағдайға айналуы мүмкін.

‒ Бұл аурудың алғашқы белгілері қандай?

‒Науқастар үнемі тамағының жыбырлайтынын айтып, жұтқыншақтың жоғары жағынан үнемі жабысқақ, шырышты бөлінді келіп тұрады деп шағымданады. Мұрын қуысындағы жағымсыз иіс, баланың мұрынмен сөйлеуі, суықтан жиі қабынуы, көз айналасы, мұрын сүйегі ауырсынуының бәрі осы этмоидиттің белгілері болып саналады. Көпшілік мұрын ауырса болды, өзіне «гайморит» деп диагноз қойып алады. Ал мұрын ауруларының медицинада түр-түрлі диагнозы бар.

‒ Алдағы уақытта күн суыта бастайды, соның әсерінен құлақ аурулары да көбейетіні рас.

‒ Иә, ортаңғы құлақтың жіті отиті ‒ жиі кездесетін ауру. Ортаңғы құлақ мұрын қуысы, жұтқыншақпен байланысады. Сондықтан құлақтан мұрынға дейін келетін есту түтігі арқылы ауа алмасып тұрады. Жалпы құлақ ауруының 90-95 пайызы мұрын-жұтқыншақ қызметінің бұзылуынан болады. Мұрын қуысы, жұтқыншақта қандай да бір қабыну процесі болса, есту түтігі жабылып қалады да, соның әсерінен дабыл қуысында ауа айналымы бұзылады. Құлақтағы ауа жылы, барабан пердесі сыртындағы ауа салқын болған сәтте барабан қуысында теріс қысым пайда болады. Содан дабыл жарғағы тартылып қалады да, ортаңғы құлақ қуысындағы барлық жұмсақ ұлпалардың сұйықтығын ортасына жинап алады. Мұны экссудативті отит деп атайды. Егер ауруды дер кезінде емдемесе, құлақтағы сұйықтық жабық жерде тұрған соң іріңге айналады. Нәтижесінде құлақта кері қысым пайда болады. Соңында ол емізік сүйекшесіне қарай кетеді немесе дабыл жарғағын үрлеп-үрлеп тесіп шығады. Бұл ауру ортаңғы құлақ іріңді қабынуы, барабан пердесінің перфорацияланған сатысы деп аталады. Осындай асқынумен де адамдар жиі келеді. Себебі, науқастар құлаққа дәрі қабылдағанмен мұрын қуысының қабынуына мән бермейді. Соның кесірінен дәрілер ешқандай оң нәтиже көрсетпейді. Сондықтан алдымен аурудың пайда болу негізін анықтап алу қажет.

−Балалар мен жасөспірімдерде бадамша безінің (ангина) асқынуы жиі кездеседі. Оның пайда болу себебі неде? Медицинада бұл ауру түрі қалай емделеді?

‒ Бізге осы шағыммен келушілерді зерттеп қарасақ, көбіне мұрын қуысымен дұрыс дем ала алмайтын, соның әсерінен ауыз арқылы көп тыныс алатын бала- ларда осы ауру жиі кездеседі. Мысалы, мұрын қуысы дұрыс емделмеген кезде баланың тыныс алуы қиындайды да, аузымен дем алуға үйреніп кетеді. Бірақ ауыз қуысындағы, тамақтағы, жұтқыншақтағы шырышты қабат дем алуға арналмаған. Сол себепті ауызға жылымаған, тазартылмаған, құрғақ ауа кіреді де, жұтқыншақтағы бездердің шы- рышты қабаты құрғай бастайды. Соның кесірінен, шырышты қабатта майда жарықтар пайда болады да, ауыздағы вирус немесе ауа арқылы түскен бактерия шырышты қабаттан оңай өтіп кетіп, қабыну туғызады. Сондықтан ата-аналар бадамша бездері (миндалины) мазалаған баласының мұрын қуысын, тамағын толық тексерту қажет. Ол аутоиммунды аурулар туғызбас үшін алып тастауға тырысамыз. Себебі тамақтағы бадамша безінің бактерияларымен күресу үшін иммунитет арнайы антидене бөледі. Антидене үздіксіз, көптеп бөліне берсе жүрек, буын ауруларына әкеп соқтыруы мүмкін.

- Мұрын аурулары жөнінде айта өтсеңіз.

- Мұрын ауруының жиі кездесетін түрі - ринит. Ол мұрынның кілегей қабатының қабынуынан болады. Ауруды мұрын қуысына түскен микробтар мен вирустар тудырады. Ол ауамен беріледі. Мұнда тағы бір жиі кездесетіні – гайморит. Мұрында 4 қуыс болады. Соның ең үлкені – ауамен тікелей байланыста болатын гайморит қуысы. Оның ішіндегі кілегей қабатының қабынуын гайморит дейді. Көп жағдайда салқын тиюмен байланысты болады. Сонымен қатар, гайморит тіс ауруының әсерінен де болады. Өйткені, жоғарғыжақ тіс гайморит қуысымен байланысты. Сондықтан тісті күтіммен ұстап, тереңдеп шіруінен сақтау керек. Тіс дәрігеріне қаралып тұрған абзал. Өйткені, ағзада бәрі бір-бірімен тікелей байланысты.

-Кішкентай балалардың құлағын мақта таяқшаларымен тазалауға болмайды деп жатады. Осы жөнінде не айтар едіңіз? Және құлақты қаншалықты жиі тазалап тұру керек?

-Тәжірибеден байқағанымыздай, құлақ тазалығына көп кісілер мән бере бермейді. Соның салдарынан құлақ кірлейді, себебі құлақтың эпидермисінде арнайы шырыш бөлінеді. Мысалы, алақанымыз терлегені тәрізді құлақтың да ішінен сұйықтық бөлетін бездері болады. Ол не үшін бөлінеді? Өйткені, құлақтың ішіне түскен шаң-тозаңды дер кезінде ұстап, оны бейтараптандыру керек. Көп адамда осы сұйықтық өз еркімен сыртқа шыға алмайды, көбісі оны тазаламайды, тексертпейді. Арада біраз уақыт өткен соң сұйықтықтың көп бөлінуі салдарынан тығынға айналады да, құлақтың есту қабілеті нашарлайды. Сондықтан әр адам өз денсаулығы үшін жылына, тым болмаса, бір рет тексерілсе жеткілікті болар еді. Жалпы құлақты суға түскен соң тазалау қажет. Себебі, құлақтың іші ылғалданады, сол кезде мақта таяқшаларымен тазалау керек. Ал құлақты құрғақ күйінде тазаласа механикалық жарақат алады. Құлақтың ішінде бұлақ бөлетін бездер болады. Сол бездердің қызметін бұзып алуы ықтимал.

-Соңында, осы ауруларды болдырмау үшін қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?

-Ең бастысы, салауатты өмір салтын ұстанып жүру керек. Балаларды таза ауада серуендетіп, шынықтырып, дұрыс тамақтандырған жөн. Қатты ыстық пен суықтан да аулақ болған жөн. Тәттілерді көп тұтыну денсаулыққа, әсіресе, құлақ ауруын тудыруға түрткі болуы мүмкін. Қысқы уақытта жылы бас киім киіп жүру маңызды. Ал құлақ, тамақ және мұрын ауруларының алғашқы белгілері пайда болса, ең алдымен, дәрігерге қаралу қажет.

Сұхбаттасқан: П.ТҮРКЕНБАЙҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT