«Тері ауыстыру» отасы алғаш рет жүзеге асты

Расында да, «Адам жасағанды адам жасай алады». Бұрын құлсарылықтар қит етсе, Ақтөбе асып, тіпті сәл сырқаттанса Астана мен Алматы қаласындағы білікті дәрігерлердің көмегіне жүгінетін. Жаңадан салынған аудандық орталық аурухана ашылғалы жылыойлық ақ халатты абзал жандар заманауи тәсілмен түрлі күрделі оталар жасай бастады. Өйткені, емдеу мекемесінің құрылысын қаржыландырған «Теңізшевройл» компаниясы оның ішін озық технологияға негізделген медициналық қондырғыларға да толтырып қойды. Осыған дейін пышақсыз «лазерлік» тәсілмен науқастың соқыр ішегін алып тастаған аудан дәрігерлері жақында тағы бір күрделі отаны сәтті аяқтады.

Жақында құлсарылық бір ер адамды күйік шалып, аудандық ауруханаға жедел жеткізілген еді. 3-дәрежелі күйік жарақаты диагнозы қойылған науқасты сол бойда дәрігерлер реанимация бөліміне жатқызып, ота жасауға шұғыл шешім қабылдайды. Сөйтіп «Тері ауыстыру» деп аталатын күрделі отаны ауданда алғаш рет сол күні жасауға бел буады. Оған ауруханада толық мүмкіндік бар еді. Дәрігерлер ота жасамасқа болмады дейді. Өйткені мұндай 3 дәрежелі күйік жарақаты – теріні бүлдіріп, дененің ішкі ағзаларын жалаңаштайтын және терінің едәуір бөлігін қамтитын күйіктің өте қауіпті түрі болып келеді екен. Отаны травматолог-хирург Жақия Байзуллин, Нұрдаулет Хусанов, реаниматолог Айжан Тұрсынбайқызы сәтті жасап шыққан.

–Жаңа аурухананың ашылуы бізге жаңа мүмкіндіктер беріп жатыр. Өйткені онда ота жасауға керекті құрылғылардың бәрі бар. Бұрын мұндай оталар тек облыс, республика көлемінде жасалынатын. Ал жалпы аудандар бойынша алғаш рет Жылыойда іске асырып көрдік. Әрине, бәрі сәтті өтті. Дәрігерлеріміз де білікті мамандар. Оларды Астана, Ақтөбе қаласынан жұмысқа шақыртқан едік,-дейді аудандық орталық аурухананың басшысы Асулан Абдрахманов.

Қазіргі таңда ота жасалған науқастың жағдайы жақсы. Әрі қарай емін жалғастыра беретін болады.

П.ҚИЗАТОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT