Теңіздегі мобилді топтар саны 4-тен 10-ға дейін өсті

Мобилді топтар осындай әрекеттерді және санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын қадағалайды.

Арнайы комиссияның Теңіз кенішіндегі жұмысы жалғасуда, деп хабарлайды Жедел штаб.

Атырау облысы әкімінің орынбасарлары Ержан Әбілханов пен Бақытгүл Хаменова бастаған арнайы комиссия мүшелері үшінші күн қатарынан Теңіз кенішінде жұмыс істеуде. Жұмыс тобының құрамында медицина қызметкерлері, эпидемиологтар, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, санитарлық дәрігерлер және облыс әкімдігінің негізгі басқарма өкілдері бар. Вахталық қалашықтардағы эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Бүгін Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованың тапсырмасымен вахталық қалашықтарды тексеруге жұмылдырылған мобилді топтар саны 4-тен 10-ға дейін өсті. Топ құрамына әкімдік, полиция және ТШО өкілдері мен санитарлық дәрігерлер кірді.

– Біз мобилді топтардың санын 4-тен 10-ға дейін арттырдық. Әр топ 5 адамнан тұрады, олар вахталық және карантиндік аймақтардағы санитарлық талаптарды қадағалау үшін күнделікті тексеріс жүргізетін болады, – деді Бақытгүл Хаменова.

Арнайы комиссия жетекшілерінің айтуынша, кен орнында бірқатар заң бұзушылықтар бар. Атап айтқанда, кейбір медпункттер Covid-19 жұқтырған науқастарды өздігімен емдеуге кіріскен. Осының салдарынан, пневоманияға шалдыққандар саны көбеюде.

– Мобилді топтар осындай әрекеттерді және санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын қадағалайды. Ал, құқық бұзушыларға әкімшілік хаттама толтырылады, – деді Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова.

Айта кетейік, 2020 жылғы 21 мамырдағы жағдай бойынша Теңіз кенішінде Covid-19 індетін жұқтырғандар саны 730 адамға жетті. Соңғы мәліметтерге сәйкес, коронавирус 24 вахталық қалашықта тұратын 42 компанияның қызметкерлері арасында анықталып отыр.

Инфекциялық стационарда 241 адам емделуде. Бұдан бөлек, кен орнында қосымша тағы 80 орындық инфекциялық стационар салу жоспарланған.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521