Теңіз кенішінде еңбек еткен жұмысшы коронавирустан қайтыс болды

Тест нәтижесі оның бойынан ешқандай да ауру белгілерін анықтай алмаған

«Coronavirus 2020.kz» сайты «мамыр айының 30-ы күні Батыс Қазақстан облысының 53 жастағы тұрғыны қауіпті індеттен көз жұмды» деп хабарлайды. Теңіз кенішінде еңбек еткен жұмысшы мамыр айының 3-і күні алып кен орнынан шығарылған бірнеше ондаған мың адамдармен бірге індет ошағынынан еліне жіберілген-ді.

Автобус арқылы Орал қаласына жеткізілген екен. Жұмыс орнынан кетерде және өз аймағындағы облыс орталығына оралғаннан кейін де екі реттен арнайы тексерістен өткізілген. Бірақ тест нәтижесі оның бойынан ешқандай да ауру белгілерін анықтай алмаған. Содан соң жұмысшы үй карантиніне жатқызылады. Алайда үйге келгеннен кейін ағзасынан аурудың алғашқы белгілері байқала бастайды.

Өкінішке орай, дәрігерлер көмегіне жүгінбеген. Арада тоғызыншы күн өткенде науқастың жағдайы күрт нашарлап, «Жедел жәрдем» көлігін шақыруға мәжбүр болады. Провизорлық орталыққа жедел жеткізілген соң жұмысшыдан алынған сынама бойында қауіпті вирустың бар екендігін анықтады. Науқас сол бойда жұқпалы аурулар ауруханасына әкелініп, қатаң аурулар бөлімшесіне жатқызылады.

Ақ халатты абзал жандар 53 жастағы азаматтың өмірін ажалдан арашалап қалу үшін қолдан келген көмектің барлығын жасайды. Бірақ ауруы асқынып кеткен ол өткен аптаның сенбісі күні аурухана төсегінде қайтыс болды.

Бұл жөнінде аймақтың Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті хабарлаған. Санитарлық дәрігердің болжамынша, науқас қауіпті індетті ауа арқылы жұқтырған. Бұл Батыс Қазақстан облысындағы алғашқы, ал еліміздегі 41-жағдай ретінде тіркеліп отыр. Өкінішке орай, Теңіз кенішінен қауіпсіз аймаққа шығарылған жұмысшылар арасында өз үйіне оралған соң бойынан тәж тажалы табылып жатқан жалғыз батысқазақстандық тұрғын ғана емес...

Е.Бисекенұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521