Тамақтан улану жылдың кез келген уақытында болатын жағдай. Уланудың негізгі себебі – азық-түліктің жарамдылық мерзімін және дайындалған тағамды сақтау шарттарын сақтамау. Естеріңізге сала кетейік, балық, ет тағамдары, майонез және жұмыртқа қосылған салаттар, сүт тағамдары, ірімшіктің жұмсақ сорттары, ақуыз кремі бар торттар үстелде 4 сағаттан кейін немесе тоңазытқышта екі күннен артық уақыт тұрса, ішінде бүлініп, ауыр улануға себеп болуы мүмкін.
Міне, осындай улануға себеп болатын бактериялардың қазіргі таңда алты түрі бар. Олар: ішек таяқшасы (шикі сүт және толық пісірілмеген ет), моноцитогенді листериялар (шикі жемістер, құс еті, жұмсақ және қатты ірімшіктер), ботулизм (нашар өңделген консервіленген көкөністер мен ет), патогендік клостридиялар (60 градустан төмен температурада дайындалған ет немесе балықта пайда болады), сальмонеллалар (жұмыртқа, пастерленбеген сүт), стафилококк (тамақ дайындау кезінде жеке гигиена сақталмаған кезде пайда болады). Ал мұндай қиындықтарға тап болмас үшін үйде дайындалған тағамдарды сатып алмауды және белгіленбеген жерлерде сатылатын дайын тағамдарды пайдаланбауды ұсынамын. Ескерте кететін жайт, кілегей немесе майонез қосылған дайын тағамдарды, салаттарды бір тәуліктен артық сақтауға болмайды, сондай-ақ туралған, бірақ майонез немесе тұздықпен араластырылмаған салаттарды 2 күннен, торттар мен пирожныйларды тоңазытқышта 3 күннен артық сақтамайды.
Мерекелік тағамдарды дайындаған кезде гигиена ережелерін сақтап, бөлменің тазалығын қадағалау керек. Тамақ дайындау кезінде қолды жиі жуып, қажет болған жағдайда ас үй жабдықтарының бетін сүртіп, азық-түліктің дұрыс сақталуына да назар аударған жөн. Тамақтан уланудың алдын алу жолында температураны дұрыс сақтау және етті, жұмыртқаны, мерекелік тағамдарға арналған басқа ингредиенттерді қуыру, қайнату кезінде пісіру үшін қажетті уақытты сақтау өте маңызды. Бұл тұста азық-түлік өнімдерін кесу кезінде шикі және дайын өнімдер үшін бірдей кесу құралдарын, яғни пышақтар мен тақталарды пайдаланбауды ұсынамын. Денсаулығыңыз мықты болсын десеңіз, таңдап үйреніңіз және мұқият болыңыз. Тексерілген өнімдерді сатып алыңыз, олардың жарамдылық мерзімін, сақтау шарттары мен пісіру ережелерін сақтауды ұмытпаңыз. Қазіргі таңда аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасымен төмендегідей қызметтер көрсетіледі:
1."Эпидемиялық мәні жоғары объектінің халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік- құқықтық актілерге сәйкестігі туралы санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды беру"-13 жұмыс күні;
2."Қоршаған ортаға зиянды заттар мен физикалық факторлардың жол берілетін шекті шығарындылары мен жол берілетін шекті төгінділері, санитариялық қорғау аймақтары мен санитариялық-қорғаныш аймақтары бойынша нормативтік құжаттама жобаларының, шикізат пен өнімнің жаңа түрлерінің халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерге сәйкестігі туралы санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды беру"-10 жұмыс күні;
3.Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауға жататын тамақ өнімін өндіру объектілеріне есепке алу нөмірлерін беру-5 жұмыс күні. Және мемлекеттік қызметті беру тәсілдері "электрондық үкімет", www. egov.kz веб-порталы арқылы жүргізіледі.
Т.Хабибуллин,
аудандық санитариялық – эпидемиологиялық
бақылау басқармасы басшысы