Тамақтан уланудың алдын алу үшін...

Осыдан екі ай бұрын Теңіз кенішіндегі «Монтажспецстрой» ЖШС-нің 28 жұмысшысы тамақтан уланып, ауруханаға түскен еді.

Кейін белгілі болғанындай, дәрігерлер науқастарға сальмонеллез деген диагноз қойған-ды. Облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің жүргізген тексерісінің нәтижесінде жұмысшылар ауқаттанған асхана департаменттің рұқсатынсыз жұмыс жасап келгені белгілі болды. Соның кесірінен санитарлық норма талаптары өрескел бұзылған.

Департамент басшылығы анықтағанындай, жалғыз «Монтажспецстрой» ғана емес, сол Теңіз кен орнында жұмыс жасап жатқан 22 мердігер мекемеге қарасты асхана, жатақхана мен дәрігерлік көмек көрсету орнының қызметкерлері санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды алмай, жұмысшыларға қызмет көрсетіп келе жатқан болып шықты. Әрине, оның барлығын тексеру еліміздің «Кәсіпкерлік туралы» заңына қайшы келер еді. Сондықтан аудандық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Б.Елеусінова аудандық әкімдікке хат жолдап, тиісті заң талаптары аясында Теңіз вахталық кентіндегі кейбір мекемелерге қарасты эпидемиологиялық маңызы бар қоғамдық тамақтандыру орындарының санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алуына ықпал етуді сұраған-ды.

Осыған байланысты аудан әкімінің орынбасары Фарида Ахметованың төрағалық етуімен аудандық әкімдікте және Теңіз кенішінде ондағы мердігер мекеме басшыларымен, жауапты мамандарымен арнайы жиналыс өткізілді. Онда департаменттің тізіміндегі 22 мекемеге Қазақстан Республикасының қолданыстағы заң талаптарына сәйкес тиісті санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алу тапсырылды. Аудан әкімі аппаратының мемлекеттік-құқық бөлімінің бас маманы Г.Айшуақованың берген мәліметіне сүйенсек, онда екі серіктестіктің ғана қорытындысы алынып, санитарлық талапқа сай келетіндігі белгілі болды. Кей мекемелер алғанымен, нәтижесі тиісті талапқа сәйкес келмейтін болып шықты. Мердігер мекемелермен жұмыс алға қарай да өз жалғасын таба бермек.

Е.Қошақанов.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521