Тұрғызба мен Қаратонда мал кенесінен көкала ауруы табылған

Оны Конго-Кырым геморрагиялық қызбасы деп те атайды

Аудан көлемінде КР Денсаулық сақтау министрлігінің ТКҚСҚБК «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖК РМК Атырау облысы бойынша филиалының аса қауіпті жұқпалы аурулар зертханасы Жаңа Қаратон, Тұрғызба округтерінен зерттелген иксодты кенелерден Конго- Қырым геморрагиялық қызбасына оң нәтижелер анықталды. Сондықтан аудан халқы арасында Конго- Қырым геморрагиялық қызбасының шығып кету қаупі бар.

Осы аурудың алдын алу үшін төмендегі сақтық шараларды сақтау қажет: Кейбір кенелердің ағзасында өмір бойы сақталатын қауіпті жұқпалы ауруларды тарататын вирустар кездеседі. Осы вирустардың кене арқылы адам ағзасына енуі салдарынан өте қатерлі ауру «Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы» дамиды. Қазақ бұл ауруды «көкала» деп те атайды.

Аурудың негізгі белгілері:

а) кененің шаққан жерінің ісініп ауыруы, іріңдеуі ;

б) кене шаққан жердің маңындағы лимфа түйіндерінің үлкейіп ауыруы;

в) дене қызуы көтеріліп, адам ағзасында жалпы улану белгілерінің (бас ауруы, әлсіздік, енжарлық, тәбетінің төмендеуі, т.б.) пайда болып, күшейе түсуі.

Осы белгілер білінген жағдайда, дереу дәрігер көмегіне жүгінген абзал. Жеке бастың тазалығы мен сақтық шараларына үлкен мән беріп, арнайы киім, етік кию керек. Кенелердің жабысқанын дер кезінде байқау үшін киім мен денені жиі тексеріп, қарап отыру қажет. Табиғат аясында, саяжайда демалған сәттерде неғұрлым жабық киім киіңіз.

Кене малдың үстінде болатындықтан мал бағатындар сақтық ережелерін бұлжытпай орындауы керек. Малға жабысқан кенені жалаңаш қолмен жұлуға болмайды. Көбіне кене мал қырқу кезінде, далада, қырда жүргенде адам денесінің ашық жерлеріне қадалады. Сол сәтте кенеге кез келген май немесе керосин тамшысын тамызу ұсынылады. Содан кейін пинцетпен немесе мықты жіппен біртендеп тартып шығарады.

Шаққан жерді йодпен не спиртпен жақсылап сүртіп, қолды іле-шала сабындап жуу керек. Алынған кенелерді жерге лақтыра салмай, отқа жағып жіберген дұрыс. Ауыл шаруашылық малдарын кенеге қарсы залалсыздандыру аурудың таралмауына ықпал етеді. Бұл жұмысты мал дәрігерлері атқарады.

Кенеге қарсы залалсыздандыруды рұқсат етілген акарицидті препараттармен жүргізеді. Кене шаққан адамдар міндетті түрде емдеу мекемелеріне барып, аурудың жасырын кезеңі 2 апта болғандықтан, сол аралықта диспансерлік есепке алынуы тиіс. Шаққан адамның тамырынан зерттеуге қан алынып, бұл қан аса қауіпті аурулар зертханасына 5 күн ішінде жеткізіледі.

Осы қауіпсіздік ережелері мен індеттің алдын алу шарттарын мүлтіксіз орындасақ геморрагиялық қызбамен ауырмайтыныңызға кепілдік береміз.

З. Тасболатова,

Жылыой аудандық ТКҚСКББ жетекші маманы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521