Адам өміріндегі ең бағалы, еш нәрсемен айырбастауға келмейтін теңдесіз құндылық- денсаулық дер едім. Адамзат үшін одан асқан байлықтың да, бақыттың да еш мәні жоқ. Бұл салада өз істерінің нағыз майталмандары қаншама жанның жүрегіне үміт отын жағып, қуаныш нұрын сыйлап келеді. Сондықтан да, әрдайым адам жанына араша болар медицина қызметкерлерінің қоғамдағы орны орасан зор.
Дертіне шипа іздегенді емдеп қана қоймай, дертті жанның ішкі жан дүниесіне зер салатын бұл сала мамандарына артылар жауапкершілік те зор. Өздеріне жүктелген міндетті жоғары деңгейде атқарып жүрген мамандардың қатарында Сәуірбаева Санбала Шаншарқызы да бар. С.Шаншарқызы - өзгенің денсаулығы үшін тік тұрып қызмет етіп, білім мен батылдықты бір бойына жинақтаған маман. Адал еңбекті серік етіп, халықтың көңілінен шығып жүр.
Мамандығына ерекше сүйіспеншілікпен қарап, әр науқасты шипалы қолымен емдеп, дендеріне саулық сыйлап, жан дауасын сыйлап жүрген аудан дәрігері Санбала Шаншарқызы алғаш еңбек жолын 1989 жылы бастады. Ақтөбе медициналық институтын аяқтап келген жас маман туған жері киелі Жылыой топырағына аяқ басып, аудан орталығындағы ауруханада педиатр болып алғашқы еңбек жолын бастайды. Осы салада 33 жыл еңбек еткен дәрігер 2013 жылы қайта дайындық курсынан өтіп, жалпы дәрігерлік мамандығын жетілдірді. Бүгінде халқына қалаулы, еліне елеулі, қандай құрметке де лайық тәжірибелі маман.
Санбала Шаншарқызы бірнеше рет аудан және облыс әкімдерінің, сондай-ақ салалық басқармалардың Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарына ие болған.
«Мықты отбасы – мықты мемлекет» дегендей, Санбала Шаншарқызы 1999 жылы Кенжебеков Жаңабай Бегленұлымен отау құрып, шаңырақ көтерді. Бақыт пен шаттыққа толы отбасында үкілеп өсірген Айшабибі қыздары қазіргі таңда дзюдо саласы бойынша Азия кубогінің қола жүлдегері. Спорт пен денсаулық егіз екенін ақ желеңді анасынан ұғынған болар! Отанасы атанып әрі аса қиын да қадірлі дәрігерлік мамандықты атқарып жүрген Санбала Шаншарқызының ісі өзге нәзік жандарға үлгі боларлық.
Жаны жайсаң, қайсыбір науқасқа болмасын қолынан келген көмегін аямайтын дәрігерге мереке қарсаңында біз де толағай табыс, асқақ абырой, деніне саулық тілейміз!
Айкерім ШАҒАТАЕВА,
Сүлеймен Демирел атындағы университеттің 2-курс студенті