Сібір жарасы: себеп пен салдар

Түйнеме (Сібір жарасы) – зоонозды, аса қауіпті, қоздырғышы жанасу арқылы берілетін, тері қабатын карбункул тәрізді зақымдайтын, қызба және интоксикациямен, кейде сепсистің дамуымен сипатталатын жұқпалы аурудың түрі.

“Сібір” атауы осы дерттің кесірінен XIX ғасырда Сібір аймағында он мыңдаған мал мен мыңдаған адамның қырылуынан кейін үлкен эпизоотия мен індеттің пайда болуына байланысты берілген. Таяқшадан таралған түйнеме Өкінішке қарай, мал өліктерін жүйесіз көмудің салдарынан қауіпті дертті жұқтыру қаупі күні бүгінге дейін біздің аймақта да сақталып тұр. Адамдар арасында түйнеме ауруы биылғы жылы Мұғалжар ауданының Ембі қаласында тіркеліп, 7 тұрғын ауырды. Жұқтырғыш көзі – ірі қара малы. Мұндағы облыс аумағында 105 стационарлы-қолайсыз бекеттер тіркелген. Белсенді ошақтар жоқ.

Бұл аурудың қоздырғышы – микроб, "сібір жарасының таяқшасынан" шыққан. Ол дертке шалдыққан малдың қанында, зақымдалған барлық мүшелер мен тіндерде және дәреті мен нәжісінде кездеседі. Сібір жарасының таяқшасы жайлаудың топырағына, ашық су қоймаларының бетіне түседі. Тасқын, ағынды және жер асты сулары мал зиратынан оны жер бетіне алып шығуы мүмкін. Микроб сыртқы ортаға әдетте төзімді, тығыз қабықшамен қапталған спора түзеді. Қайнатқанда 10 минутқа дейін шыдайды, қыста аяздан, жазда ыстықтан өлмейді. Ескі мал зиратында споралардың өмір сүру бейімділігі жануарды көмгеннен кейін 30-40 және одан да көп жылдан кейін байқалады. Спора сиырдың, қойдың, жылқының, шошқаның, түйенің, есектің ағзасына түсіп, сібір жарасының таяқшасын түзеді. Содан кейін көбейіп, қан арқылы тарап, 1-3 күннен кейін ауру тудырады.

Ауру жануарларда әдетте ауыр түрде өтеді және көбіне ішектің бұзылуымен басталады. Ішектің кебуі, қызудың көтерілуі байқалады. Зәр мен сүттен қан көрінеді. Екінші, үшінші күні мал өледі. Түйнеменің таралуына үй жануарлары арасындағы қансорғыш буынаяқтылар да себепші болады. Олар – шыбын, масалар. Адамның дертке шалдығуы көбінесе ауру немесе өлген малмен жанасқанда, күтім жасағанда, сойғанда, терісін сыпырғанда, көмгенде болады. Сонымен қатар ауру малды сойғанда алған еттен жұқтыруы мүмкін. Ал адамда аурудың жасырын кезеңі бірнеше сағаттан 8 күнге дейін созылады. Көбінесе қоздырғыштың теріге енген қақпасында кішкентай дақ пайда болғаннан кейін 2-3 күнде басталады. Аз ғана уақыттан кейін дақ безеуге, содан кейін бұлдыр қан аралас сұйықтығы бар көпіршікке айналады.

Көпіршік жарылып, сұйықтық ағып кетеді, орнында қара қабықша - ноқатпен қапталған жара пайда болады. Міне, осы - сібір жарасының карбункулы. Ауру температура көтеріп, жалпы әлсіздікпен жүреді. Түйнеменің алдын алудың басты бағыты - ауыл шаруашылық жануарларын иммунизациялау. Үйде жеке мал болса, әрқайсысын түйнемеге қарсы егу керек. Егер тұрғын жануардан аурудың белгілерін байқаса, онда дереу үйге ветеринар шақыртқаны дұрыс. Мұндай малды сою ветеринар қарап, жануардың денсаулығы туралы анықтама бергеннен кейін жүргізілуі керек. Мал еті маман тарапынан алдын ала тексеріліп, анықтама берілгеннен кейін ғана базарларда сатылуы тиіс.

Бұл ретте үйден азық дайындау үшін ауыл шаруашылығы малының етін тек қаланың базарынан ғана алған абзал. «Ауырып ем іздегенше,...» Қоздырғыш енген тері жамылғысында 2-3 күн өткеннен кейін қызғылтым немесе көкшіл түсті дақ пайда болады. Сол жер қышып, теріні сәл күйдіргендей болып басталады да, үдей түседі. Бөртпе 12-24 сағат өткеннен кейін диаметрі 2-3 мм, ішінде ашық түсті сұйықтығы бар күлдіреген бөртпеге айналады. Уақыт өте келе оның ішіндегі сұйықтық қою түске боялып, қан араласады. Бөртпе қышып шыдатпаған соң, ауруға шалдыққан адам оны қасып, бетін жаралап тастайды. Іріңді бөртпенің орнына беті ашылған өлі етті қабыршақ пайда болады. Дәл осы қабыршақ - сібір жарасының негізгі белгісі, дерттің атауы да қара даққа («anthrax»-«углевик») байланысты шыққан.

Қазіргі таңда сібір жарасын емдеуге арналған күшті дәрі-дәрмектер (гамма-глобулин және антибиотиктер) бар. Бірақ, тек қана дер кезінде жасалған медициналық көмек қана сауығып кетуге кепілдік береді. Сондықтан аурудың алғашқы белгілері пайда болысымен-ақ, жақын орналасқан емдеу мекемелеріне барып, медициналық көмекке жүгінген жөн. Дәрігерге дер кезінде қаралып, арнайы емдеу шараларын жүргізгенде ғана дерттен толығымен жазылып кетуге мүмкіндік болады. Адам мен жануарлар арасында сібір жарасының алдын алудың бірден-бір шарасы - жыл сайын ауруға қарсы егу жүргізу.

Дертке қарсы вакцина қолайсыз пункттерде бағылатын ауруды тез қабылдағыш әлсіз жануарлар мен ет комбинатында, мал шаруашылығында тұрақты жұмыс істейтін, тері, жүн өңдеуге, тасымалдауға, сақтауға, сұрыптауға, илеуге қатысатын адамдарға егіледі. Адам ағзасының сібір жарасына төтеп бере алу қасиеті егілгеннен кейінгі 12-14 күнде пайда болады да, 12 айға жуық сақталады. Вакцина алған адамдар жұмысқа екі аптадан соң ғана жіберіледі және жыл сайын екпе алып отыруы қажет. Екпе жүргізу - ең тиімді әдіс. Сондықтан, төрт түлікті түгел қамтуға тырысқан жөн. Бүгінде егу жұмыстары жануарларды жоспарлы тексеруден өткізу кезінде ветеринарлық мекемеде тегін жүргізіледі. Сібір жарасына қарсы вакцина егілгеннен кейін 10 күн ішінде жануар өліп қалса, оның терісін сыдыруға болмайды. Жалпы мал егілсе, ол бақылауға алынады. Осы уақыт ішінде оны басқа шаруашылыққа ауыстыруға немесе егілгеннен кейін 14 күн аралығында союға болмайды.

Аурудың қоздырғышы ағзадан тыс жерде тек ауаның әсерінен пайда болатынын ескерсек, өлген жануардың терісін сыпыруға болмайды және өлексені аң-құстардың тасуына жол берілмеу керек. Себебі, соның салдарынан жаңа ошақтар пайда болуы мүмкін. Өлген малды қауіпсіздік ережесін сақтай отырып терісімен бірге мал көметін жерлерге өртеу үшін апару қажет. Сондықтан шаруашылық иелеріне айтарымыз: еліміздің «Ветеринария туралы» заңына сәйкес, мал ауырған немесе өлген әрбір жағдайды шұғыл арада ветеринарға хабарлау керек. Егер жануар аурудан өліп қалса, маман келгенше өздігіңізден союға кіріспеу керек. Ауру малды жасырын сойып, етін, терісін, жүнін және тағы да басқа өнімін саудалау - адам мен жануарлардың дертке шалдығуына әкеп соқтырады. Кінәлі тұрғындар міндетті түрде қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бұл ретте тұрғындардың қатты қаперде ұстауы қажет нәрсе: ет және басқа да жануардан алынатын өнімдерді арнайы мал дәрігерінің бақылауынан өтпеген, сатуға рұқсат құжаты жоқ жеке адамдардан алуға тыйым салынады.

Зоя ТАСБОЛАТОВА,

аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының жетекші маманы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT