Сібір жарасы: «Сақтансаң – сақтармын»

Дәрігер кеңесі

Түйнеме (Сібір жарасы) – зоонозды, аса қауіпті, қоздырғышы жанасу арқылы берілетін, тері қабатының карбункул тәрізді зақымдалуымен, қызба және интоксикациямен, кейде сепсис дамуымен сипатталатын жұқпалы аурудың түрі.

Қауіп қайдан демеңіз...

"Сібір" атауы XIX ғасырда осы дерттің кесірінен Сібір аймағында он мыңдаған мал мен мыңдаған адамның қырылуына себепші болған үлкен эпизоотия мен індеттің пайда болуына байланысты шыққан. Өкінішке орай, мал өліктерін жүйесіз көмуіне байланысты осыншама жылдар өтсе де, түйнемені жұқтыру қаупі біздің аймақта күні бүгінге дейін сақталып тұр. Адамдар арасында түйнеме ауруы 2004 жылы Мұғалжар ауданының Ембі қаласында тіркеліп, 7 адам осы дертке шалдықты. Жұқтырғыш көзі – ірі қара малы. Мысалы, облыс территориясында 105 стационарлы-қолайсыз бекеттер тіркелген. Белсенді ошақтар жоқ. Бұл кеселдің қоздырғышы – микроб, "сібір жарасының таяқшасынан" шыққан. Ол ауру малдың қанында, зақымдалған барлық мүшелер мен тіндерде және дәреті мен нәжісінде кездеседі. Сібір жарасының таяқшасы жайлау топырағына, ашық су қоймаларының суына түседі. Тасқын, ағынды және жерасты сулары мал зиратынан оны жер бетіне алып шығуы мүмкін. Микроб сыртқы ортаға әдетте төзімді, тығыз қабықшамен қапталған спора түзеді, қайнатқанда 10 минутқа дейін шыдайды, қыста аяздан, жазда ыстықтан өлмейді. Ескі мал зиратында споралардың өмір сүру бейімділігі ауру жануарды көмгеннен кейін 30-40 және одан да көп жылдардан кейін де байқалады. Спора сиырдың, қойдың, жылқының, шошқаның, түйенің, есектің ағзасына түсіп, сібір жарасының таяқшасын түзеді, содан кейін көбейіп, қан арқылы тарап, 1-3 күннен кейін ауру тудырады.

Бұл дерт жануарларда әдетте ауыр түрде өтеді және көбіне ішектің бұзылуымен басталады. Ішектің кебуі, қызудың көтерілуі байқалады. Зәр мен сүтте қан көрінеді. Екінші немесе үшінші күні мал өледі. Түйнеменің таралуына үй жануарлары арасындағы қансорғыш буынаяқтылар да себепші болады, олар – шыбын, масалар. Ал адамның ауруға шалдығуы көбіне ауру немесе өлген малмен жанасқанда, күтім жасағанда, сойғанда, терісін сыпырғанда, көмгенде болады. Және ауру малдан алынған азық-түліктен жұқтыруы мүмкін. Аурудың жасырын кезеңі адамдарда бірнеше сағаттан 8 күнге дейін созылады. Көбіне қоздырғыштың теріге ену аузында кішкентай дақ пайда болғаннан кейін 2-3 күнде білінеді. Аз ғана уақыттан кейін дақ безеуге, содан кейін бұлдыр қан аралас сұйықтығы бар көпіршікке айналады. Көпіршік жарылып, сұйықтық ағып кетеді, орнында қара қабықша мен ноқатпен қапталған жара пайда болады. Осы сібір жарасының карбункулы деп аталады. Ауру жоғары температурамен, жалпы әлсіздікпен жүреді.

Түйнеменің алдын алудың басты бағыты - ауыл шаруашылық жануарларын иммунизациялау. Үйде жеке мал болса, әрқайсысын түйнемеге қарсы егу керек. Егер сіз жануарлардан аурудың белгілерін байқасаңыз, дереу үйге ветеринар шақыртыңыз. Малды сою ветеринар толық қарап, жануардың денсаулығы туралы анықтама бергеннен кейін жүргізілу керек. Ал еті мал дәрігерінен алдын ала тексеріліп, анықтамасын бергеннен кейін тек базарларда сатылуы керек. Азық дайындау үшін ауыл шаруашылығы малының еті тек қаланың базарынан алынуы тиіс. Клиникалық белгісі, емдеу жолы және алдын алу шаралары Қоздырғыш енген тері жамылғысында 2-3 күн өткен соң, қызылтым немесе көкшіл түсті дақ пайда болады. Сол жер қышып, теріні сәл күйдіргендей болып басталып, үдей түседі. Ол 12-24 сағат өткеннен кейін диаметрі 2-3 мм, ішінде ашық түсті сұйықтығы бар күлдіреген бөртпеге айналады, Уақыт өте келе оның ішіндегі сұйықтық қою түске боялып, қан араласады. Бөртпе қышып шыдатпаған соң, ауруға шалдыққан адам оны қасып, бетін жаралап тастайды. Іріңді бөртпенің орнына беті ашылған өлі етті қабыршақ пайда болады. Дәл осы қабыршақ сібір жарасының негізгі белгісі, дерттің атауы да осы қара даққа («anthrax»-«углевик») байланысты шыққан.

Қазіргі таңда сібір жарасын емдеуге арналған күшті дәрі-дәрмектер (гамма-глобулин және антибиотиктер) бар. Бірақ тек қана дер кезінде жасалған медициналық көмек қана сауығып кетуге кепілдік береді. Сондықтан аурушаңдықтың алғашқы белгілері пайда болысымен-ақ, жақын орналасқан емдеу-алдын алу мекемелеріне барып, медициналық көмекке жүгіну қажет. Дәрігерге уақытылы қаралғанда және арнайы емдеу шараларын жүргізгенде дерттен толығымен жазылып кетуге болады.

Адамдар мен жануарлар арасында сібір жарасының алдын алу шарасы - жыл сайын оған қарсы егу жүргізу. Вакцина қолайсыз пункттердегі ауруды тез қабылдағыш әлсіз жануарлар мен ет комбинаттарында, мал шаруашылығында тұрақты жұмыс істейтін жұмысшыларға, тері, жүн өңдеуге, тасымалдауға, сақтауға, сұрыптауға, илеуге қатысатын адамдарға егіледі. Егілген жануарды бақылауға алған уақыт ішінде басқа шаруашылықтарға ауыстыруға немесе егілгеннен кейін 14 күн ішінде союға болмайды. Адам ағзасының сібір жарасына төтеп бере алу қасиеті егуден кейінгі 12-14 күнде пайда болады да, 12 айға жуық сақталады. Егілген адамдар жұмысқа 2 аптадан соң ғана жіберіледі және жыл сайын екпе алып отыруы қажет.

Екпе жүргізу - ең тиімді әдіс. Сондықтан, жануардың барлығын қамтуға тырысқан жөн. Бүгінде егу жұмысы жануарларды жоспарлы тексеруден өткізу кезінде ветеринарлық мекемелерде тегін жүргізіледі. Сібір жарасына қарсы вакцина егілгеннен кейін 10 күн ішінде жануар өліп қалса, оның терісін сыпыруға болмайды. Өйткені, ауру қоздырғышы ағзадан тыс жерде тек ауаның әсерінен пайда болатынын ескеріп, өлген жануардың терісін кесуге болмайды және өлексені аң-құстың жемтік қылып, тасуына жол берілмеу керек. Себебі, соның салдарынан жаңа ошақтар пайда болуы әбден мүмкін. Өлген малды терісімен бірге өртеу керек немесе қауіпсіздік ережесін сақтап мал көметін жерлерге өртеуге апару қажет.

Құрметті шаруашылық иелері!

ҚР «Ветеринария туралы» заңына сәйкес, мал ауырса немесе өліп қалған әрбір жағдайды шұғыл арада ветеринарға хабарлауыңыз керек. Егер жануар аурудан өлсе, ветеринар келгенше өздігіңізден оны союға кіріспеңіз. Ауру малды жасырын сойып, етін, терісін, жүнін және тағы да басқа өнімдерін саудалау - адам мен жануардың дертке шалдығуына әкеп соқтыратынын қатаң есте ұстаған абзал. Бұған кінәлі тұлғалар қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Қаперіңізде сақтаңыз!

Ет және басқа да жануардан алынатын өнімді арнайы мал дәрігерінің бақылауынан өтпеген, сатуға рұқсат құжаттары жоқ жеке адамдардан алуға ТЫЙЫМ САЛЫНАДЫ.

Талғат Хабибуллин

Жылыой аудандық санитариялық-эпидемиологиялық

бақылау басқармасының басшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT