Шілде мен қыркүйек айы аралығы қарақұрт уының нағыз «пісіп» тұратын мезгілі. Биыл ылғал мол болып, қырда шөп қаулап өскеннен кейін өрмекші тектес бұл жәндіктің «Құдайы берді». Сондықтан еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі улы өрмекшілердің маусымдық белсенділігінің артуына байланысты Қазақстан халқына үндеу жариялап, аса сақ болуға шақырды. Соның ішінде, Атырау қарақұрттың көп кездесетін аймағына жатқызылып отыр.
Бұл үндеу жылыойлықтарды да бей-жай қалдырмаса керек. Соңғы кезде қарақұрт шағып алған дерек өзіміздің Атырау аумағында тіркелгені рас. Өткен шілде айының өзінде үш жасөспірім осы улы жәндіктен зардап шегіп, оның екеуі аурухананың жансақтау бөлімінен бір-ақ шыққан еді. Абырой болғанда, қазір дін аман.
Сондықтан министрліктегі мамандардың үндеуіне құлақ асып, бұл қара өрмекшіден жерлестеріміз де аса сақ болғаны абзал. Бұл ретте олар 5 ережені естен шығармауға шақырады. Олар: қорғаныс киімін кию, қарақұрт мекендейтін жерлерде ұзын шалбар мен жабық аяқ киіммен жүру, киім мен аяқ киімді киер алдында, әсіресе сыртта болғаннан кейін тексеру, қорғаныс құралдарын (инсектицидтер) қолдану, тазалықты сақтап, қоқыстарды уақтылы жөнелту, учаскені және қосалқы ғимараттарды үнемі тексеріп тұру, өрмекшіні қолмен ұстамау.
«Оның уы – токсальбумин. Ол нейротоксикалық, лимфа жүйесі арқылы тез таралады. Бұл шылдыр жыланның уынан 15 есе улы", - делінген хабарламада.
Сондықтан қарақұрт шаққан жан жақын жердегі ауруханаға жедел жеткізілуі тиіс.
Өз тілшімізден