«ШАҢНЫҢ ЗИЯНЫН ДӘЛЕЛДЕП БЕРДІМ»

 Мен кішкентай кезімнен көп нәрсені білуге құштар болдым. Табиғаттағы болып жатқан құбылыстарға таңдана қарайтынмын. Барлығын біліп, зерттегім келетін. Әсіресе, анама көмектесіп, үй жинап жатқанда мені таң қалдыратыны: шаңның қайдан тез пайда болатындығы еді. Содан күні бойы «Оның құрамы қандай? Зиянды ма, әлде пайдалы ма?» деген ой толғандыра бастады. Сөйтіп, ұстазым Қалима Аманбайқызымен ақылдасып, осы тақырыпқа байланысты зерттеу жұмысына кірісіп кеттім.

Зерттеу барысында қызықты мәліметтерді білдім. Жәндіктерден құтылу үшін торғайлар шаңға аунайды екен. Гүл шаңы - тозаң жәндіктерді қоректендіреді, оны көбейту үшін өсімдіктер қажет. Ғарыштың шаңы жер үшін қорғаныс болып табылады, ол оны жұлдыздар мен күннің жарқыраған жарығынан қорғайды. Бұлттардың, тұманның, қатты жаңбырдың пайда болуы үшін шаң қажет. Атмосферада үнемі өлшенген бөлшектер болуы керек. Шаң тәрізді заттар ұн, қант ұнтағы – адам тағамы.

Сондай-ақ, қазіргі таңда Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, бүкіл әлем халқының 20 пайызы аллергияға бейім. Біздің отбасымызда жаз, күз айларында аллергиясы күшейетін адамдар бар. Сол себепті зерттеу жұмысымды Жылыой емханасына барып жалғастырдым. Ондағы дәрігерлермен сұхбаттасып, ойымда жүрген сұрақтарға жауап алдым. Сөйтсем, шаңда болатын микроорганизмдер өте қауіпті екен. Дәрігерлер Разия Жантазина, Лаура Каниева олардың арасында гангрена қоздырғыштары, туберкулез таяқшасы, әртүрлі стафилококктар, көптеген тері ауруларының қоздырғыштары және ауыр ауруларды тудыратын басқа микробтар бар екенін айтты.

 Біздің денеміз шаңнан қорғалған. Сау шырышты қабықтар бактерияларға қарсы сенімді тосқауыл болып табылады. Ал тыныс алу жолдарының беті барлық бөгде бөлшектерден өздігінен құтылуды біледі. Аурулар, терінің және шырышты қабаттардың зақымдануы мен тітіркенуі, иммунитеттің әлсіреуі, жас немесе кәрілік – бұл факторлардың барлығы дененің "қорғаныс күшін" төмендетеді.

Маманның айтуынша, 2022-20023 жылдар аралығында өңірімізде емханаға келіп қаралатын науқастардың саны күннен-күнге артуда. Қаралмай үйден «ем-дом» жасап, ауруын асқындырып алатындар да бар. Міне, осы тақырыпты арқау ете отырып, оқушыларды өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, тазалық ережелерін сақтап, салауатты өмір салтын ұстануға шақырамын.

Шапағат ТАСУБАЙ, №8 мектептің 4 сынып оқушысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT