САРЫПТАН САҚТАНҒАН САУ ЖҮРЕДІ

Сарып - жануардан адамға жұғатын аса қауіпті жұқпалы ауру. 


Дерттің көзі - бруцеллезбен ауыратын жануарлар: қой, ешкі, ірі қара мал, шошқа, ит, кейбір жағдайда бұғы, түйе, жылқы болып табылады. Сарыппен (бруцеллез) ауырған мал аурудың барлық кезеңінде сыртқы ортаға нәжіспен, зәрмен, төл жанындағы су арқылы көп мөлшерде микроб бөледі. Сөйтіп, мал тұрағын, су арналарын, жайлауды ластап, бруцеллездің ауылшаруашылық малы арасында таралуына және адамға жұқтыруына әкеп соқтырады. Сондықтан барлық ауыл шаруашылық малына тән бруцеллездің негізгі белгілері: түсік тастау, өлі төлдеу.

Бруцелла вирусы суда екі ай, етте үш ай, тұздалған етте 30 күн, жүнде төрт ай, шикі сүтте 40 күн, брынза, сүзбе, қаймақта екі ай сақталады. Бруцеллалар 60 градусқа қыздырғанда 30 минутта, қайнатқанда бірнеше минутта өледі. Дезинфекциялайтын заттармен, оның ішінде 2% карбол қышқылы, 0,2-1% хлор ізбесі, хлорамин ерітінділерімен өңдегенде бірнеше минутта жойылады. Бруцеллез ауруын келесі жағдайда жұқтыру қаупі бар:

• адам мал сойғанда қан арқылы, (кесіп алған немесе зақымдалған терімен), өлі төлден, түсік тастаға материалдар, төл жанындағы су, зақымдалған жүн арқылы;

• ауру немесе белгісіз малдың (ауру болуы мүмкін) сүтін, сүт тағамдарын ішкенде немесе жегенде;

• ауру малдың ластанған нәжіс, тағы басқа бөлінділерімен шаң-тозаң арқылы;

• ауру немесе белгісіз малдың етінен қанды кәуәп жегенде, тартылған еттен;

• ауру немесе белгісіз малдың жүнін сыпырғанда, өңдегенде, қырыққанда, түбітін түткенде, тоқығанда;

• науқас анасы арқылы балаға жатырмен немесе сүтін емгенде жұғады.

Жұқтырғаннан кейін аурудың алғашқы белгілері пайда болғанға дейінгі уақыт 1-4 апта, кейде 2-3 айға созылуы мүмкін.

Адамдарда бруцеллез ауруы жедел түрде басталып, дене қызуының жоғарылауы 38 градусқа жетеді. Сонымен қатар бас ауруы, әлсіздік, тітіркеншік, бұлшық еттердің, аяқ буындарының, бел тұсының ауырсынуы, түнде тершеңдік, ұйқысыздық, тәбетінің нашарлауына әкеп соқтырады. Әйел адамда бруцеллез ауруының белгісі жиі түсік тастаумен сипатталады. Сондықтан науқас дәрігерге неғұрлым ерте қаралса, ем қабылдау да соғұрлым нәтижелі болады. Жеке басты және жанұя мүшелерін бруцеллезден сақтап қалу үшін төмендегі негізгі алдын алу шараларын білу қажет:

• Малды жайлаған, сойған кезде, мал өнімдерінің шикізаты кәсіпорынының жұмысшылары арнайы киімдер (халат, резинадан жасалған алжапқыш, резина етік, қолғап киіп (үй жағдайында ондай заттар болмаса қолды тоң маймен майлап) жұмыс істеуі қажет. Бұл ретте арнайы киімді үйге кіргізуге болмайды, ластанғанда бөлек жуу керек.

• Жұмыстан соң қолды ыстық сумен сабындап жуу керек.

• Мал тұрағында, ет, сүт павильондарында темекі тартуға, тамақ ішуге болмайды.

• Ауру малдың тексерілмеген мал сүтін, шикі сүтті ішуге, кез келген жерден сүт, сүт тағамдарын сатып алуға, болмайды;

• Белгісіз малдың ет, ет тағамдарын ветеринарлық құжатсыз сатып алуға, тағам пісіргенде шикі еттің дәмін көруге болмайды;

• Балаларға ауру малды жайлауға болмайды, жүкті, бала емізіп жүрген аналарды мал союға қатыстырмау керек;

• Ауру мал тұрған жерді міндетті түрде дезинфекциялау, тазалаған кезде еденді сумен ылғалдау керек.

• Ауру малды үш күннің ішінде сойып тапсыру, үй жағдайында союға тыйым салынады;

• Ет шикізаты кәсіпорынының жұмысшылары, ет шабушылар жылына бір рет бруцеллезге тексеріліп отыруы қажет;

• Ауру мал анықталған жанұя, әсіресе балалар міндетті түрде емдік-профилактикалық мекемеден медициналық тексеруден өтіп, бруцеллезге қарсы ем қабылдауы қажет;

• Ұсақ малды жылына бір рет, ірі қара малды екі рет бруцеллезге қарсы тексерту керек;

• Ауру мал анықталған кезде ветеринарлық мамандарға ауру немесе мал өлімі туралы хабар берілуі қажет.

Қазақта «Сақтансаң – сақтармын» деген даналы сөз бар. Ендеше, сарыптан сақтанып, сау жүрейік, ағайын!
Талғат Хабибуллин

Жылыой аудандық санитариялық эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT