Өткен жылы аудан аумағында жедел бруцеллез (сарып) дерті бой көтеріп, бір науқас тіркелді. Бұл ретте аурудың көзі – ауыл шаруашылығындағы төрт түлік мал. Әсіресе адам үшін қой-ешкі бруцеллезі өте қауіпті. Сондықтан аса сақтық шараларын қолданып, кесел туралы керекті ақпаратты біліп отырған дұрыс.
Сарып (бруцеллез) – ауру малдан жұғатын, адам денесінің буын, жүйке, жыныс мүшелерінің зақымдануына әкеліп соғатын, аса қауіпті жұқпалы дерт. Уақытылы ем қабылдамаса, бруцеллез созылмалы ауруға айналып, кейде тіпті адамды мүгедектік жағдайға душар етеді. Бруцелла бацилласы табиға ортаға өте төзімді, топырақта, қида, жемде, суда 4 айға дейін өмір сүреді. Сөйтіп өзінің ауру қоздырғыштық қасиетін толықтай сақтай алады. Ол тек қана жоғары температураға төзімсіз.
Адамдар бруцеллезді ауру малды күткенде, жемдегенде, мал қораларын тазалағанда шаң-тозаң арқылы тыныс жолдарымен, тері арқылы, әсіресе, қолдағы уақ жарықпен, ерін, көз кілегей қабықтарына түскен бациллалар арқылы жұқтырады. Бруцеллез қоздырғыштары қоршаған ортаға ауру малдың сүті, дәретімен бөлінеді. Сондықтан малдың жүнін қырыққанда, сүтін шикілей пайдаланған кезде де жұғуы мүмкін.
Бруцеллез ауруының жасырын кезеңі 2 аптадан бірнеше айға дейін созылып, науқаста қалтырау, көп терлеу, қажып-шаршау, әлсіздену, сүйек-буын және бұлшық еттері ауыра бастайды. Бруцеллез адамнан адамға жұқпайды, тек малдан жұғады. Сондықтан жеке бас гигиенасын сақтау ережелеріне мән берген жөн. Әрбір мал қожайыны өз малының есебін дұрыс беріп, бруцеллезге тексертуі, анықталған жағдайда барлық ветеринариялық-санитариялық ережелерді орындауы қажет. Яғни, ауру малды өзгеден бөлектеп, іш тастаған төлін, шуын арнайы құралдармен немесе айырмен, күрекпен алып тастап, мал төлдеген жердің сабан-шөбін топырағымен қоса алып, қорадан аулақ жерге апарып тастауы тиіс. Бұл жерде иттер қазып алмайтындай етіп, 1-1,5 метрдей тереңдікте көмуі керек.
Ауру мал бағылатын қорада темекі тартуға, тамақтануға болмайды. Жаңа туған төлді үйге кіргізудің де қажеті жоқ, себебі, пәтердегі сәбиге, балаларға, отбасы мүшелеріне жұғуы мүмкін. Әсіресе төл алу науқаны, төлдеп жатқан малға көмек көрсеткен уақытта қолда резинка қолғап, клеенкадан жең қап, фартук, аяқта етік болғаны жөн. Қолды жиі сабынмен жуып, жұмыс киімімен және аяқ киімімен үйге кірмеу қажет. Төлдеп жатқан малға балаларды араластыруға болмайды. Өйткені олар үлкен адамдарға қарағанда ауруды өте тез қабылдайды.
Сатылып алынған, сауда-саттыққа шығарылған мал, еттің, сүттің өнімі туралы мал дәрігерінің анықтамасы болуы тиіс. Онсыз саудаласудың қажеті жоқ. Осындай қарапайым сақтық ережелерін, ветеринариялық алдын алу шараларын сақтасаңыз ғана, өзіңізді және туыстарыңызды бруцеллезді жұқтырудан қорғай аларыңыз анық.
Зоя Тасболатова,
аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының жетекші маманы