Салауатты өмір–ата салтымыз

Аудандық балалар кітапханасында «Салауатты өмір – ата салтымыз» атты танымдық кеш өтті.

Кешке аудандық орталық ауруханадан салауатты өмір салты бөлімінің мейірбикесі Гүлжан Мұқанова, Жылыой балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Жанар Ербөлекова, сонымен қатар №7 мектептің Өзін-өзі тану пәні мұғалімі Зинат Бахиева, 7-сынып оқушылары мен №8 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ақтілек Қайыр қатысты.

Кітапхана меңгерушісі Айнұр Базарбаева салауатты өмір салтын насихаттау барысында «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дегендей, балалар ес білгеннен бастап өз денсаулығына үлкен жауапкершілікпен қараса, дұрыс тамақтанып, дене шынықтырумен көбірек айналысса, жаман әдеттерден аулақ болса, көптеген аурулардан аулақ болатынын және өз отбасы үшін де, қоғам үшін де тигізер пайдасы көп екенін айтты.

Мейірбике Гүлжан Мұқанова оқырмандарға салауатты өмір салтын қалай ұстану керек екендігін, оның адам өмірі үшін өте маңыздылығын, қыз бала мен ұл бала тәлім-тәрбиесі туралы айта келе, кітапхана ұжымына ризашылығын білдірді. Сөз кезегі Жылыой балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Жанар Ербөлековаға беріліп, ол дене шынықтыру салауатты өмір салтын ұстанудың ең маңызды бөлігі екенін және барлық ата-ананың өз баласы үшін жасап отырған мүмкіндікті дұрыс пайдалана білуі керек екенін айтып өтті.

Кеш соңында қатысушылармен сергіту сәтінде «Мақал-мәтелдердің жалғасын тап» ойынымен және алдарына кесте беріліп, 3 топқа бөлініп, шапшаңдықпен өздерінің білім деңгейлерін көрсетті. Кітапхананың әдіскер маманы Бөбек Садықова келген оқырмандарға игі тілегін айтып, кітапханамыздағы барлық тұрақты көрмелермен таныстырып өтті. Сондай-ақ кітапхана атынан қонақтарға кітаптарды сыйға тартты.

Ж.Шаңқанова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521